Құқық

Есірткі қылмысының алдын алу маңызды

Бас қалада жасөспірімдер арасындағы нашақорлықты алдын алу мақсатында «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында колледж студенттерімен кездесу өтті.

Бүгінде қоғам дертіне айналған нашақорлықты жасөспірімдердің өмірінен арашалау маңызды. Осы орайда елорданың Ішкі саясат басқармасы, қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы, Прокуратура басқармасы және Білім басқармасының ұйымдас­тыруымен төрт колледж қабыр­ғасында кездесулер өткізілді. Іс-шара студенттер арасында нашақорлықтың алдын алуға, психологиялық және құқықтық білім беруге бағытталды.

Жоғары көлік және коммуникация, «Астана-Профи», Менеджмент, бизнес және білім, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының Ақмола колледжінде ұйымдастырылған кездесулерге 400-ден астам студент қатысты.

Кезекті кездесудің бірі астаналық Жоғары көлік және коммуникация колледжінде өтіп, мұнда Астана қаласы Прокуратура басқармасының прокуроры Думан Совет пен психолог Әсел Пірімбек жетекшілік етті. 130-ға жуық студент қатысқан кездесуде есірткінің зиянды әсері және салауатты өмір сүру дағдылары туралы ақпарат берілді.

«Нашақорлықтың салдары тереңде жатыр. Бірінші кезекте миға қатты зақым келеді. Адамның ағзасы зардап шегеді. Содан кейін рухани залалы бар. Мұндай адамдар өтірік айтуға, ұрлық жасауға бейім болып тұрады. Теріс әрекет, амалдарды жасап, өзін басқара алмайтын дәрежеге жетеді.

Жастар арасындағы есірткіге әуестік көбінде білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Өздері жас болғандықтан, қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне үлкен адамның ойына келмейтін жауап қайтарады. Дерт іс-әрекеттің салдарын дұрыс болжамау, дүниетанымның толық қалыптаспағандығы, еліктеушілік секілді себептерден туады» деді өз сөзінде Ә.Пірімбек.

Психолог маманның айтуынша, есірткіні бір рет қолданып көрген адам бұл дерттен оңайлықпен айыға алмайды. Денсаулығы сыр беріп, жақындарының өміріне қауіп төндіретіндей жағдайға жеткенде, есірткісіз өмір сүре алмайтынын аңғарады.

«Жеңіл ақша іздегендер, депрессия, стресс кезінде жүрген жастар нашақорлыққа оңай еріп кетеді. Мұндай жағдайда ата-аналар балаларымен ашық тілдесіп, бар жағдайынан хабардар болуы қажет. Ата-анадан қолдау табылмаса, отбасында арқа сүйейтін жандар болмаса, мінез-құлқы ала-құла өзгеретін жасөспірімге бұл жағдай сөзсіз қиынға соғады. Нашақорлықты қолданғандарды денсаулығынан бірден аңғаруға болады. Қатты арықтап кетеді, өзін басқалармен дөрекі ұстайды, ортасымен қарым-қатынасы бұзылады. Сондықтан ата-аналар балаларының жеңіл ақша іздеуіне жол бермей, әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуі қажет. Ал мұғалімдер тарапы балалардың іс-әрекеті мен мінез-құлқындағы өзгерістерді ұдайы назарға алғандары жөн.

Әлеуметтік желілерде нашақорлықты насихаттайтын жарнамалардың саны көп. Мұндайда сыни тұрғыдан ойлап, кез келген хат-хабарламаларға күдікпен қарау маңызды.

Жастарды жарқын болашақ күтеді. Өз өмірінің құндылығын айқындай білген азамат зиянды әдеттерден аулақ болады. Жастар үшін маңыздысы – спортпен айналысу, дұрыс тамақтану және шығармашылығын дамыту» деді психолог.

Астана қаласы Прокуратура басқармасының прокуроры Думан Совет жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытын баса айтып, мұндай теріс әрекеттер үшін заң аясында қарастырылған жауапкершілік барын түсіндірді.

«Есірткіге еліткен адам ең әуелі адами құндылықты ұмытып, қажетті есірткі дозасын алу үшін ұрлық, кісі өлтіру сияқты кез келген ауыр қылмысқа барады. Есірткіге тәуелділік бір рет дәмін татып көргеннен-ақ қалыптасады. Ал емдеу өте қымбатқа түседі және көбіне нәтижесіз болады. Сондықтан «бір рет байқап көрейін» дегеннен аулақ болған жөн. Бірқатар қылмыстар бойынша қылмыс­тық жауапкершілік 14 жастан басталады. Есірткі таратқаны және оларды сақтағаны үшін 5 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін түріндегі жаза тағайындалады. Тіпті жарнама жасалғаны үшін де түрме жазасын алуы мүмкін.

Әлемнің дертіне айналған есірткіге тәуелділіктің алдын алу, нашақорлықпен күресу – барлығымыздың міндетіміз. Өйткені жастарымыздың қатысуымен талай келеңсіз жағдайлар орын алып жатыр. Өскелең ұрпақтың болашағына балта шабылуда. Қазір бізде нашақорлықпен күрес қарқынды жүруде. Дегенмен әр адам өз басының, отбасының амандығы үшін оның зардабын біліп, әрдайым салауатты өмір салтын ұстанғаны абзал» деді прокурор.

Іс-шараға қатысушылардың бірі, Жоғары көлік және коммуникация колледжінің студенті Саян Қасымов мұндай кездесулерді жиі өткізу маңызды екенін атады.

«Колледж қабырғасында білікті мамандардың қатысуымен кездесу өткізіліп тұрғанын өз басым құптаймын. Себебі шын мәнінде, өзекті мәселелер көтеріледі. Ал нашақорлық мәселесі жасарып барады. Жастар оған еліктегіш келеді, кейін оның құрығына ілігіп қалғанын білмей жатады. Өзгенің қателігін қайталамау үшін мұндай үгіт-насихаттық жұмыстар қажет деп санаймын» деді студент.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button