Құқық

Есірткі сатқан қылмыстық топ ұсталды

Елордада арнайы операция барысында есірткі сатушылардан құралған қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.

«Қарасора-2020» жедел алдын алу шаралары барысында есірткінің заңсыз айналымының тұрақты каналы жойылып, елордаға есірткі жеткізіп, сатып келген қылмыстық топтың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылды.
«Алдымен есірткі сатып, бұрын сотты болған 27 жастағы күдікті елорда аумағында дәл осындай қылмыспен қайта ұсталды. Оның көлігін тінту кезінде ұсталған адам сатуға дайындаған, жалпы салмағы 500 грамнан асатын, оралған гашиш салынған сіріңке қораптары тәркіленді. Сондай-ақ көліктің ішінде бұрын сотталған 24 жастағы азамат болған. Одан да тексеру кезінде гашиш тәркіленді. Полиция қыз­меткер­лері елордаға есірткіні жеткізіп тұрған негізгі тасымалдаушыны ұстады. Ол – бұрын сотты болған Жамбыл облысының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның пәтерін тінту барысында оқтары бар травматикалық қару, есірткі себілген электронды салмақ өлшеуіш және есірткі қабылдауға арналған құрал табылды. Сондай-ақ 2 миллион 150 мың теңгелік қолма-қол ақша, гашиш оралған үш полиэтиленді пакет, есірткі толтырылған 265 сіріңке қорабы тәркіленді» дейді Нұр-Сұлтан қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Олжас Жарылғапов.
Арнайы операцияны жүргізу барысында заңсыз айналымнан 6 келі есірткі (3 мың реттік гашиш дозасы – қара нарықтағы бағасы 9 млн теңге) тәркіленді.
Қазір күдіктілер Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі және 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Айыпты деп танылса, олар 7 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button