Әлеумет

Есірткі сатып есіргендер

361595

Түрмеде отырса да, еркіндіктегі көлеңкелі бизнесін басқарып, қылмысын жалғастыра беретіндер тек фильмдерде ғана емес, өмірде де баршылық. Мұндай мафиялар құдды сағым сияқты. Жеме-жемге келгенде қолдан сусып шығып кетеді. Елорданың жергілікті тұрғыны М. деген азаматы да сыбайластарын пайдаланып, есірткі сатып есіріп келген.
Ол темір тордың ар жағында отырып-ақ астыртын бизнесін сыбайлас­тары арқылы жалғастыра берген.

«Астанада аса ірі мөлшердегі есірткімен айналысатын ұйымдасқан топ бар» деген шұғыл ақпарат Астана қаласы Ішкі істер департаментіне былтыр тамыз айында түскен. Полицейлер бірден іске кіріседі. ІІД Тергеу бөлімі ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің басшысы, полиция майоры Серік Ыбраевтың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топ, соның ішінде есірткі бизнесімен айналысатындар өте сақ әрі әккі келеді. Олардың тұрғылықты мекен-жайы болмайды. Сәл секем алса болды, үйден үйге көшіп жүре береді. Телефон нөмірін де жиі ауыстырады. Лақап аттары да көп. Бұларды сөзден ұстау да мүмкін емес екен. «Есірткімен айналысатындар наша заттарын ешқашан өз атымен атамайды. Олар «саңырауқұлақ», «дәрі» деген секілді күдік тудырмайтын сөздерді пайдаланады» дейді Серік Рахымғалиұлы.
Есірткі сату арқылы оңай олжаға кенеліп, көл-көсір ақшаның дәмін татқандар небір қитұрқы іс-әрекеттерге барады. Жолдарына кедергі болған немесе күдік туғызған адамдарды да аямайды. Соған қарамастан елорда полицейлері ұйымдасқан топты қолға түсіру үшін жедел шаралар тізбегін құрады. Тіпті, бір полицейді нашақорлардың ортасына «сіңіріп» жібереді. Тәуекелге бел буған құқық қорғаушы басын қатерге тіге жүріп, өзіне жүктелген міндетті абыроймен алып шығады.
Тергеушілердің кәсіби біліктілікпен жан-жақты ойластырылған жоспары ойдағыдай жүзеге асып, бұлыңғыр болған айғақтар анықтала бастайды. Белгілі болғанындай, М. деген азамат түрмеде отырып-ақ, телефон арқылы есірткі бизнесін жүргізіп отырған. Есірткі жеткізушілермен байланысу, сататын адамдарды табу, ұсақ дилерлер арасындағы рөлді белгілеу, табысты бөлудің бәрін осының мойнында болған. Ал оның бостандықтағы әйелі есірткіні грамдап өлшеу, алушыларға апарып беру шаруаларымен айналысқан. Ерлі-зайыптылардың өздерінен басқа екі сенімді адамы болған.
Полицейлер аса ептілікпен жұмыс істеп, алты айдың ішінде бұлтартпас дәлелдермен әлгі күдіктілерді қолға түсіреді.
Астана қалалық ІІД басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Рүстем Малкеновтың айтуынша, күдікті М. деген азаматты тінту кезінде одан 1 кг астам еш қоспасыз таза есірткі табылған. Қазақстанның заңы бойынша 1 грамнан асатын есірткінің өзі аса ірі мөлшер болып есептеледі. Ал 1 кг дегеніміз – тым көп. Олар есірткінің бір грамын 4 мың теңгеден сатып келіпті.
Істің мән-жайын прокуратура да қадағалап, полицейлердің әрекетінде ешқандай да заң бұзушылық жоқ деп таныған. Қазір іс сотқа жолданған.
Айтпақшы, әлгі ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы түрмеге есірткі бизнесімен айналысқаны үшін түсіпті. Он жылға бас бостандығынан айырылған ол жазасын өтеп, былтыр желтоқсан айында ғана абақтыдан босаған екен. Енді, міне, түрмеден шықпай жатып, тағы да қылмысын қайталап, темір торға қамалып отыр.
Мұндай ұйымдасқан топ соңғы бес жылда Астанада болмаған екен. Демек, бұл ішкі істер органы қызметкерлерінің маңдай тері, ерен еңбегі деп бағалауға болады. Әсіресе, бөлім бастығы, полиция майоры Серік Ыбраев пен подполковник Рүстем Малкеновтің еңбегін ерекше атауға болады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button