Елорда тынысы

Есірткі жарнамаларын өшірді

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері «ЕSIRTKIGE JOL JOQ» және «Bolashaqqa Jol» жобасы аясында елордалық Полиция департаментімен бірге есірткі заттарын жарнамалайтын қаладағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртындағы жазуларды бояу акциясын өткізді.

Іс-шара аясында Полиция Департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Alians KGN Qazaqstana» ҚҚ бірлесе отырып, Сарыарқа ауданында есірткі сату туралы мәліметтері бар нысандарды тексерді. Акция барысында еріктілер тиісті мекенжайларды анықтап, синтетикалық есірткіні жарнамалайтын Telegram bot сілтемесі бар жазуларды бояды. Сондай-ақ белсенділер қала тұрғындарына есірткінің зияны туралы ақпараттық буклеттер таратты. Акция диспансерлік есепте тұрған есірткіге тәуелді адамдардың санын азайтуға бағытталды.

Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлия Кибатқызы әсіресе 14 мен 35 жас арасындағы есірткіге үйір жастардың үлесін азайту керектігін атады. Оның айтуынша, есірткі сату жарнамасына қаржы табу мақсатымен жүгінетін жасөспірімдер жиі алданады.

Астана қаласының Полиция департаменті жыл басынан бері заңсыз есірткі жарнамасы бар 60-қа жуық сайтты анықтап, сәйкесінше бұғаттады. Есірткі айналымына қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды. Жастар арасында бұл бағытта дәрістер өткізіліп, насихаттау жұмысы жүргізіледі.

Есірткіге қарсы акция 2020 жылдан бері жыл сайын жүргізіліп келеді. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Олжас Хамитовтың сөзінше, қаладағы бес аудан бойынша бұл акция жыл соңына дейін жалғасады. Ал 15 жасар волонтер Зарина Серікова жастар арасында дендеп келе жатқан есірткі айналымы қоғам дертіне айналған дейді. Сондықтан «Астана жастары» есірткі қылмысына қарсы болуға шақырады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button