Есірткісіз қоғам құру – елдік міндет
Қоғам дерті – есірткімен ымырасыз күресте әрбір мемлекет аянып қалмайды. Әсіресе, ел ертеңі деп үміт артатын жастардың есірткіні ең көп қолдануы алаңдатады. Бұл істе күш біріктірудің арқасында ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Осыған орай елордада есірткімен, оның саудасымен күресте 24 мамыр мен 29 маусым аралығында «Есірткіге қарсы» профилактикалық айлығы өтуде.
Жыл сайын қала әкімдігі халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне арналған айлықтың іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Басты міндет – қоғамды осы іске біріктіру және есірткіге қарсы іс-шаралардың тұтас кешенін іске асыру. Бұл жұмыстардың барлығы салауатты өмір салтын насихаттауға, халықтың наркологиялық сауаттылығын арттыруға және балалардың, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтау үшін алдын алу жұмыстарына қатысудың маңыздылығын түсінуге бағытталған.
Деректерге сүйенсек, республика бойынша 2023 жылы есірткі тұтынушылардың 1,2% төмендегені байқалса, биыл 3 айда 0,4%-ға өсім бар екені анықталды. Астана қаласы бойынша есірткі пайдаланушылар 10,7%-ға, синтетикалық есірткіні тұтынушылар 2,7%-ға азайған. Биылғы I-тоқсанның қорытындысында қалада есірткі тұтынушылардың саны 984 адамды құраған. Емделушілерге тегін оңалту көмегінің, ақылы негізде жасырын емдеудің қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
– Астана қаласы бойынша 2023 жылы тіркелген есірткі қылмысының саны 79 факті болды, 2024 жылы мамыр айында бұл көрсеткіш 180-ді құрады. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 2023 жылы жалпы салмағы 56 кг 8 гр есірткі заттары тәркіленсе, 2024 жылдың мамыр айындағы көрсеткіш бойынша 56 кг 850 гр есірткі заттары тәркіленді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйесіндегі ең басты элемент – алдын алу. Акцияның қорытынды концерті 29 маусым күні сағат 16.00-ден 20.00-ге дейін Астананың орталық мәдениет және демалыс саябағында өтеді. Айлық бойынша жоспарды іске асыруға елорда әкімдігі, барлық мүдделі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес сектор қатысады, – дейді Астанадағы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Рустам Гасизов.
Нашақорлықтың әлеуметтік салдары
Психоактивті заттардың әсері тек белгілі бір адамның денсаулығы мен мінез-құлқына ғана әсер етіп қоймайды. Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Төлеуованың айтуынша, нашақорлық – бұл бүкіл қоғамның ауруы, оның әлеуметтік салдары да қайғылы. Есірткіге тәуелді адамдардың көбеюі экономика мен құқықтық тәртіпке, мемлекеттің демографиялық қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді.
Бір ай ішіндегі айлық аясында азаматтарды есірткінің зияны және осы мәселені шешудің жолдары туралы ақпараттандыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда, яғни қала халқының барлық топтарын, әсіресе жастар мен балаларды тарта отырып, рейдтік іс-шараларды, сондай-ақ мәдени-демалыс және спорттық-сауықтыру іс-шаралары өткізіледі.
– Жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға ерекше назар аударылатын болады, өйткені есірткіні қолданудың ең көп жағдайлары дәл осы жастар тобында байқалады, – деген басқарма өкілі қаланың барлық тұрғындарын айлыққа қосылып, нашақорлықпен күресуге шақырды және күшімізді біріктіре отырып қана сау және қауіпсіз қоғам құра алатынымызды жеткізді.
Күреске жастар жұмылдырылады
Жылдың басынан бастап 2024-2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарын орындау көзделуде. Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, басқарма қызметінің басты бағыттарының бірі – жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу бойынша іс-шаралар өткізу. Соның шеңберінде адамдар көп жиналатын орындарда Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Жергілікті полиция басқармасымен бірлесіп, ҮЕҰ және блогерлерді тарта отырып, ойын-сауық орындарында есірткі жарнамасын бояу және түсіндіру жұмыстары бойынша 10-нан астам акция өткізілді.
– Ай сайын елорданың барлық 5 ауданы бойынша «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы шеңберінде үйлерде және басқа да объектілерде профилактикалық штаб мүшелерін, мүлік иелерінің бірлестігі мен ПИК, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға қызмет көрсету және күтім көрсету қызметтерінің қызметкерлерін тарта отырып, есірткі жарнамасын бояу бойынша рейдтер жоспарлануда. Сонымен қатар, биылдан бастап адамдар көп жиналатын орындарда «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы өткізілуде, оның негізгі мақсаты – вейптерге тәуелділік деңгейін төмендету, – дейді ол.
Бұл акция Астана қаласының аудандық әкімдіктерімен, Астана қаласының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен, Дене шынықтыру және спорт басқармасымен және қазақстандық спортшылармен бірлесіп өткізіледі. Сыйлықтар беріп, оның орнына вейптер мен снус пакеттерін алып, белсенділер құрамында никотин бар құрылғылардың зияны туралы айтылады. Сыйлықтардың арасында теннис жиынтықтары, бокс қолғаптары бар.
Осы оқу жылының басынан бастап (2024 жылғы қыркүйек) есірткіні тұтынудың алдын алу бойынша семинарлар өткізу үшін құқық қорғау органдарынан жаттықтырушыларды, психологтарды және уәкілетті қызметкерлерді тарта отырып, орта және арнаулы орта оқу орындарында студенттер мен кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу жоспарлануда.
Миллион елордалық қатысады
«ESIRTKISIZ ELORDA» жастар қозғалысы диспансерлік есепте тұрған нашақорлар санын азайту, жастар арасында нашақорлықтың таралуының алдын алу қажеттілігі туралы ұсыныстарды басшылыққа ала отырып іске асырылады. Жоба барысында жылдың соңына дейін атқарылатын жұмыстар жоспары бекітілді. Сол бойынша барлық медиа сайттарда қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, әртүрлі әлеуметтік топтар үшін профилактикалық контент құру, атап айтқанда, әлеуметтік желілерде ротациялау үшін бейнероликтер, подкасттар, челлендждер, стикербомбинг акциялары, рилс, Tik Tok бейнелер сериясын түсіру көзделуде. Сонымен қатар Астана қаласындағы дәріханаларда дәрілік препараттарды және психоактивті заттарды өткізу нормаларының сақталуын қоғамдық қадағалау бойынша акциялар өткізіледі. Есірткі сататын жарнамалар мен ресурстарды бұғаттау жұмыстары жүргізіледі. Құқық қорғау органдарына көмек көрсетуге қоғам мен жастарды тарту бойынша акциялар ұйымдастырылып, бейінді ҮЕҰ қатысуымен есірткі және есірткі бизнесімен күреске бағытталған Азаматтық бастамаларды іске асыруда тәжірибе алмасу жөніндегі іс-шаралар өтеді. Есірткі бизнесіне қарсы күресте еріктілер мен қоғамдық ұйымдарға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде әдістемелік құрал әзірлеу жоспарланып отыр. ЖОО базасында өткізілетін есірткі бизнесіне байланысты істер бойынша көшпелі соттар, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында онлайн және офлайн конкурстар, челлендждер, жарыстар, 1500 алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру, есірткі қылмысы туралы анонимді шағым және психологиялық көмекке жүгіну үшін QR коды бар интерактивті ақпараттық стенд құру да осы жоспарда бар. Сондай-ақ елордадағы есірткі жағдайы туралы әлеуметтік зерттеулер жасалатын болады. Соның бәріне шамамен миллионнан астам адамды қамту көзделген.
Райхан Рахметова