Еске алу кеші өтті
Астана қаласы Есіл аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында белгілі әнші, композитор, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Ахмедия Есмұхановты еске алу кеші өтті. Кешті композитор құрылуына атсалысып, мүшесі болған «Сағыныш сазы» ұлттық вокалдық ансамблі ұйымдастырды.
Концерт Ахмедия Есмұхановтың ұстаздары Жақсыгелді Сейілов пен Болат Есмұхановтың «Неге солай?» (сөзін жазған Аманжол Шәмкенов), «Махаббат мұңы» (Тұманбай Молдағалиев) әндерімен ашылды. Әрі қарай композитордың елге танымал «Тамшылар» (Өтеген Күмісбаев), «Есіл ағады» (Ғалым Жайлыбай), «Балапан», «Көктем» басқа да әндері әуеледі. Жалпы лирикалық туындылармен қатар патриоттық және балаларға арналған әндерді қосқанда композитордың мұрасы 200 әнге жуықтайды. Оның әндері «АБК» тобы, «МузАрт» ансамблі, Қайрат Нұртас, Рахат Тұрлыханов, Медет Шайкелов, басқа да белгілі әншілердің репертуарына енген. Ал осы кеште «Сағыныш сазы» ансамблімен қатар аталмыш өнер ұжымының музыкалық жетекшісі Жанарбек Ескендіров, Салтанат Шамина, композитордың шәкірттері Мұратбек Қонарбаев пен Әбу Алмасбек өнер көрсетті. Ансамбль мүшесі Қанат Қалықов өлең оқыды. Композитордың шәкірттері мен бауырлары, көзін көрген азаматтар естеліктерді айтты.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ