Қоғам

Ескерткіш тақтада да мән бар

Жуырда Ресейдің бір телеарнасынан осыдан екі жыл бұрын 88 жасында дүние салған талантты актер, жұртшылыққа кинодағы тамаша рөлдері арқылы жақсы таныс Алексей Баталовқа арнап қойылған мемориалдық тақтаның ашылуын көрдім.Ескерткіш тақта актердің Мәскеуде отыз жылға жуық тұрған үйіне қойылды. Енді мұны неге айтып отырсыз дейсіз ғой… Себебі бар. Осы тақтада танымал тұлғаның жарық дүниеде кім болғандығы, қандай фильмге түскендігі, қандай атағы бар, қысқасы, бәрі де образбен айшықты көрсетілген. Маған оның асқан көркемдікпен жасалғандығы ұнады. Тақтаны көріп тұрып, актер Баталовтың кім екендігі көз алдыңызға дөңгеленіп келе қалады.
Біздің бас шаһарда да өмірден өткен айтулы тұлғалар тұрған үйдің қабырғасына қойылған тақталар бар. Бірақ соны біліп, көріп жатқан жұрттың қарасы аз. Тіпті, байқамауы да мүмкін. Мәселен, осы үш-төрт жылдың көлемінде Сәкен Жүнісов, Фариза ­Оңғарсынова, Рымғали Нұрғали, Әбіш Кекілбайұлы секілді ұлтымыздың марқасқалары тұрған үйлерге мемориалды тақта қойылды. Өткен жолы «Поэзия падишасы» атанған Фариза апамыз өмірінің соңғы жылдары тұрған Д.Қонаев көшесіндегі үйінің қабырғасындағы тақтаны әдейілеп барып көрдім. Бірақ осы ескерткішті онша ешкім байқамайды. Тақтаның тұрқы да шағын, көзге де ілінбейді. Үйдің іргесінен әрі-бері өтіп жатқан жұрт осында қазақтың ұлы шайыры тұрғандығынан бейхабар. Асыл сөз зергері Әбіш ағаға да, ғалым ­Рымғали ағаға да қойылған ескерткіш солай… Бір бұрышта білінбей тұр.
Осының бір себебі бар ма деп, қалалық Мәдениет және спорт басқармасының Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Асқар Қалыбаевқа хабарластық. Ол кісі мемориалдық тақтаны қоюдың стандарты бар екендігін айтты. Дұрыс екен делік. Бірақ Алматыға жол түскенде Мұхтар Әуезов, Құрманбек Жандарбеков секілді ардақтылар тұрған үйге қойылған ескерткіш тақтаны көріп, көңіліміз толған еді. Сол кезде бас шаһардағы мемориалдық тақтаны осылай неге жасамасқа деген ой қылаң берді.
«Біздің ойымызды белгілі ғалым Серік Негимов те құптады. «Ескерткіш тақта деген – мәңгілік тұратын дүние. Оны әсем, көрнекі жасау қажет. Жазуы да өрнекті болған жөн. Еліміздің астанасында тұрғандықтан, ол адамға әсер етуі керек. Түнде шам жағып, жарқыратып қойса болады. Бұдан жастар тағылым алады. Сондықтан оған мемлекеттік көзқарас керек» деді ағамыз. Ғалымның сөзінде жан бар.
Бір сөзбен айтқанда, мемориал­дық тақтаның өзі – идеология екендігін ұмытпайық. Біз осы арқылы тұлғаны қадірлеуді, дәріптеуді жас ұрпаққа үйретеміз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button