Ескерткіштер еңсесін тіктесек…
Кез келген ірі қалалардың ұлттық нақышымен бейнеленіп, оның бірегейлігін, өткені мен бүгінінен де хабар беріп, көшелерінің көркін кіргізіп тұратын айшықты нышандарының бірі – ескерткіштер мен мүсіндер. Бұларды қаланың қоғамдық кеңістігінің ажырамас бір бөлігі деуге болады.
Елордамызда монументалды, сәндік, архитектуралық шағын ескерткіштердің санынан кемдік жоқ. Жыл сайын қазақ қоғамына еңбегі сіңген тұлғаларымыздың тас мүсінін орнатып жатамыз. Алайда осы ескерткіштердің ішінде қаланың визит карточкасына айналғаны аз. Бұл жерде әрине Бәйтеректің жөні бөлек. Жалпы ескерткіштер мен мемориалдық кешендер тастан қашай салған жай белгілер ғана емес, мәдениет қалыптастырушы ретінде де халықтың тарихи жадының ұстындары болып табылады. Олар өз заманының рухани құндылықтарының символы ретінде қалалық ортаның бейнесін тұтастырады. Тұрғындардың да, елорда қонақтарының да сүйіспеншілігін оятып, айналасымен үйлесім табуға септеседі.
Сөзіміздің мысалы ретінде Нұрлы жолдың Хан Шатырға дейінгі бойында қалалық кеңістіктің екі қапталында сәндік шағын ескерткіштер орнатылғанын айталық. Жылдар өте келе, оларға үйренісіп те кеттік. Аңдап қарағанға онда қырғыздарға тән дүниетаным, сол елдің аңызының ізін байқауға болады. Өйткені авторы сол елдікі. Ұлттық нақышын жеткізіп, қолтаңбасын қалдырған.
Сол жолды бойлап Хан Шатырға жетпей, Жастар бағындағы қыз бен жігіттің құшақтасып тұрған «Ғашықтар» деп аталатын ескерткішіне тірелеміз. Жол бойында алған әсеріміз су сепкендей басылады. Қала халқының көңілі толмайтынындай біздің де осы ескерткішке айтар сынымыз бар. Оны кезінде қоғам белсендісі көтеріп, қала басшыларына жеткізгісі де келген еді. Алайда ескерткіш орнында әлі тұр. Әдемілікке әрине ешкімнің жаны қас емес. Әлемде ғашықтарға арналған композициялардан хабарымыз бар. Оның кейбірі әлемдік өлшеммен шедевр ретінде туристерді тартатын нысан ретінде де танымал. Естеріңізге Грузияның Батуми қаласындағы «Әли мен Нино» ескерткішін сала кетейін. Жай иретілген темір сымнан жасалған сегіз метрлік әйел мен еркектің сұлбасы әдемі тарихтан да хабар береді. Мұнда өткен ғасырдың отызыншы жылдары ғашықтық символына айналған діні бөлек екі жастың хикаясын жеткізеді.
Өкінішке қарай, қаламызда қоғамның рухани-адамгершілік жағдайының барынша шоғырланған көрінісін қамтитын және соны ұлттық мүддеден ашатын символдық ескерткіштер аз. Мына ғашықтарымыз дәл осы мүддені, ұлттық идеяны белінен басып тұр. Мұнда көзге түсетіні – бойжеткеннің жалаңаш мүсіні. Суретшінің он екіде гүлі ашылмаған қыздың құлын мүсіні туралы түсінігі басқаша сияқты. Әлемде небір жалаңаш немесе жартылай жалаңаш әйел бейнесі сомдалды. Біздің қыздан ондай үйлесім, нәзіктік, таза сұлулық көрмедік. Әрі халықтың үлкені де, кішісі де ең көп жүретін жеріне қазақтың образындағы жалаңаш қызды орнатудың қандай мағынасы бар?
Егер осы жерде қазақтың ғашықтық жырына образ іздесек, «Қыз Жібек» фильмінен Төлегеннің ақ боз атпен еліне аттанғалы алдында Жібекпен қоштасып тұрған бейнесі жарасымды болар еді. Керек десеңіз, осы фильмге ескерткіш қойыңыз. Кешенді түрде келсе, жырдың авторына, киноны жасаған режиссер, музыкасын жазған атақты сазгерге де белгі болар еді. Қолдан хауыз жасап атақты «Аққу» күйін тартқызып, аққулар жүзіп жүрсе кәні. Сонда аталмыш «ғашықтардың» бойындағы кінәрат білінбей, автордың дарынсыздығының дәлелі болып қалар еді. Талғамды осылайша тәрбиелеу керек.
Егер ет қызуымен керемет деп қойылған ескерткіш халық көңілінен шықпай жатса, оны алып тастаудың амалын да қарастыру керек. Спорт сарайының жанындағы галстук тағып алған мемлекеттік қызметкер сияқты, атақты палуан Жақсылық Үшкемпіров ескерткіші де айналасына көрік беріп тұрған жоқ. Немесе айналасын абаттандыру арқылы кем-кетігін толтырып жіберген де дұрыс болар ма еді. Жалпы қала құрылысын жобалағанда үй аралық, аулаларының да көркем келбетін ескерген жөн сияқты. Шағын архитекуралық пішіндермен мәдени және эстетикалық құндылығын қамтамасыз етер едік. Алайда аулалардың айналасында қоқыс жәшігін қою ғана лайықты сияқты көрінеді. Қазіргі күнде қаланың бейнесін ашатын нысандарды қай жерде орнатудың әлемдік тәжірибесі жетерлік. Жаңадан ашылып жатқан көпірлер мен жол тораптары да сәндеуді қажет етеді. Қалалық магистральдарды айтпағанның өзінде жасыл белдеу, саябақ аймағының шеңберінің бойында ескерткіштер жүйесін жасап, сәулет-мүсіндік кешендермен көріктендіруге болмай ма? Айтпақшы, қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін, керек десеңіз төрт түлік малдың да мүсіндері балалар ауласында орнатылса, несі айып? Ботаникалық бақтың бір жақ қақпасындағы тайқазанның макеті, үйлесімі аз. Есесіне бақтың шығыс жағындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші орнын тапқан.
Қала ескерткіштерін жоспарлау кезінде, қоғамдық кеңістік пен адам, сәулет пен ескерткіш, мүсін деген ұстанымдарды ұтымды үйлестіре білсе, қала көркейе берер еді.
Сөз соңында белгісіз себеппен «жоғалып» кеткен ескерткіштерді қайтару мәселесін де айтқымыз келді. Нұрлы жолдың гүлзарларында қазақтың жүзік, білезігі шашылып жатушы еді. ЭКСПО-2017 алдында жоқ болды. Орталық алаңдағы қалпақ киіп, бөріні бас білдірген көксерегіміз де көзден бұл-бұл ұшты. Тағы басқа әдемі ескерткіштердің қайтқанын қалаймыз. Одан да қала сәнін бұзып тұрған ескерткіштерден құтылайық.
Айгүл УАЙС