Жаңалықтар

Ескерткішті қорлаған кім?

«Астана ақшамы» газетінің поштасына Арайлым Болдырықова есімді бір оқырманымыздан хат келіп түсті. Хатта елордамыздың сол жағалауындағы «Арай» саябағында орын тепкен бір ескерткіштің әбден тозығы жетіп, жұлым-жұлым болып тұрғаны айтылады.

Оқырманымыздың хатына бей-жай қарай алмағандықтан саябақта тұрған жұмбақ ескерткішті өз көзімізбен барып көрген едік. Саябақтың оң жақ қанатына қарай орын тепкен ескерткішті (ескерткіш деуге келіңкіремейді – ред.) бірден байқадық. Кісі бойындай ромбик тәріздес тақтаның бетінде әр қазақтың тарихи өмірінен сыр шертетін суреттер қиыстырылып жапсырылыпты. Көне фотолардың арасынан расында да Жамбыл Жабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров секілді Алаш арыстарының, жыршы-сазгер, ақын-жазушыларымыздың бейнесі, жарқын жүздері көзімізге оттай басылды. Бірақ! Ұлт қаймақтары бізге темір тордың ар жағынан қарап тұрғандай әсер етті. Тұп-тура қорқынышты фильм көріп отырғандай күйге түстік. Белгісіз біреулер ескерткіштің бетін қорлап, қызыл бояумен баттастыра шимайлап кетіпті. Қашаннан бері мұндай күйде тұрғаны белгісіз.

Ескерткіштің өзі де көптен бері қараусыз қалып, күтім көрмегені байқалып тұр. Бетіне жапсырылған суреттер күнге әбден мүжілген. Тіптен суреттердің жартысы опырылып құлап түсіп, аяққа тапталып жатыр.

Әрі бұл тас туындының не мақсатпен тұрғызылғанын білу еш мүмкін болмады. Тіптен қашан тұрғызылғаны да белгісіз. Маңайында ешқандай жазба немесе ескерткіш тарихынан сыр шертетін ақпарат таба алмадық. Ескерткішке, әрине, тәрбиелік маңыз жүктеп зор, болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында қойылғаны даусыз. Алайда, бүгінгі таңда сол ескерткішіміз қашанға дейін жетімнің күйін кешіп, көрінгеннің ермегіне айналып қорланып тұра бермек?!

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button