Басты ақпаратРуханият

Ескерткіштің түбінде еске алайық

Немесе Құрманғазы күйлерінің тағылымы

Елімізде аса қадірлі тұлғаларға ескерткіштер орнатылды. Алайда одан кейін оларды мүлдем ұмыт қалдырамыз. Жаздың жайма-шуақ күндері еңселі ескерткіштердің жанында тағылымды іс-шаралар өткізуге болар еді ғой. Жоқ, ескерткіштер елеусіз қалған. Мысалы, Ресейде Пушкин ескерткішінің жанына барып, поэзия кешін өткізу, жас ақындар өз өлеңдерін оқитын дәстүр бар.

Астанада сәулетті ескерткіштер қатары жыл сайын артып келеді. Осы орайда, Бөгенбай батыр, Кенесары хан, Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев­тың, Мәншүк пен Әлияның ескерткіштері жанында патриоттық тақырыпта іс-шаралар тұрақты өтіп тұрса, қандай ғанибет?! Әл-­Фараби, Керей мен Жәнібек хандар, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек ­Тәшенов ескерткіштері ғылым мен білім, елдік тақырыпты қамтитын басқосулардың алаңы болса, артық етпес еді.

2012 жылы 5 шілде күні Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Құрметті меймандар мен қала тұрғындары көп жиналды. Өкінішке қарай, содан бері еңселі ескерткіш алдында бірде-бір іс-шара ұйымдас­тырылмаған екен! Биыл алғаш рет болып отырғанын атап өткім келеді. Тек қана Абай ескерткішінің алдында жыл сайын ақынның туған күнінде, яғни, 9 тамызда мәдени-рухани басқосулар өтіп жүр. Біз дауылпаз күйші Дина ­Нұрпейісова ескерткішінің алаңында «Күй жәрмеңкесін» өткізуді қолға алдық.

«Күй анасы» рес­публикалық қоры 2020 жылдың шілде айында құрылып, осы уақытқа дейін өнер саласында көптеген шараларды жүзеге асырды. Соның ішінде домбыраны, күйлерді, сонымен қатар күйшілер мен композиторларды дәріптеп келеді. Қордың жанынан «Ақсақалдар алқасы» құрылды. Оның құрамында елімізге белгілі заңгер Ирак Елекеев бастаған танымал қоғам қайраткерлері, өнерге еңбектері сіңген күйдің хас шеберлері бар. Сол азаматтардың айтқан ақыл-кеңестері мен ұсыныстары біздерді нәтижелі жұмыстарды атқаруға жігерлендірді. Күй мерекесін өткізуге қолдау көрсеткен қалалық қоғамдық кеңеске, Есіл ауданының әкімдігіне, Қазақ Ұлттық өнер университетіне ризашылығымызды білдіреміз.

Әл-­Фараби, Керей мен Жәнібек хандар, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек ­Тәшенов ескерткіштері ғылым мен білім, елдік тақырыпты қамтитын басқосулардың алаңы болса, артық етпес еді

Осы күнге дейін «Күй анасы» қоры арнайы шеберлерге 200-ден астам домбыра жасатып, еліміздің түрлі нысандағы өнер мектептеріне тегін таратты. Сондай-ақ биыл Жамбыл Жабаев ескерткіші алдында керемет іс-шара өтті.

2022 жылы елордада көптеген мәдени іс-шаралар өтті. Соның ішінде Құрманғазы ескерткішінің жанында өткен күй жәрмеңкесінің орны бөлек! Бұл шараның мақсаты – қазақтың төл өнері – күйді насихаттау және ұлы күйшінің ұшан-теңіз мұрасын қайта жаңғырту, ұрпақтан ұрпаққа тарату. Тамашалаған адамдар үлкен әсер алғанын және салиқалы басқосу болғанын атап өтті.

Осы орайда, Құрманғазының қазақтың күй өнеріндегі орны айрықша болса, біздің әулетіміз үшін де рөлі зор екенін айта кеткенім жөн.

Жастайымыздан анамыз Ақжан Нұрпейісованың әлдиін тыңдап өстік және айт­қан қызықты әңгімелерін, жас болсақ та, санамызға түйіп алуға тырысып бақтық.

Есте қалған әңгімелерінің бірінде анамыз терең толғана келіп: «Біздің әулетіміз, яғни, Нұрпейісовтер мен Қуанышев­тер отбасы ­Құрманғазы аталарымызға өмір бойы қарыздар болып өтеміз. Олай дейтін себебім, ХVIII ғасырдың соңғы жылдарында Құрманғазының назарына сол кездегі 9-10 жасар Дина Нұрпейісова ілінбесе, бойжеткен шағына дейін Динаға домбыра тарту тәсілдері мен әдістерді ешкім үйретпесе, сондай-ақ ән мен күй саласын терең зерттеу­ші, күйші-композитор, дирижер Ахмет Жұбановқа Бекетай құмынан шығып, кейін Астрахан облысында, шалғай ауылда күйші атанып жүрген Дина туралы хабар тимесе, ал ол кісі өзінің шәкірті Смағұл Көшекбаевты сол өңірге жіберіп, Динаны қалай да болса, сол кездегі қазақ елінің астанасы – Алматыға алып келуді қатаң тапсырмаса, Дина әжеміз 75 жасқа келгеніне қарамастан, Мұрат баласы мен немерелерін ертіп Алматыға бармаса, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, әкелерің Шаңғытбай Қуанышев Ақтөбе өңірінің Бөгетсай елді мекенінен білім аламын деп Алматыдағы заң институтына оқуға түсіп, екеуміз сол жерде танысып отбасын құрмасақ, сендердің бүл дүниеде өмір сүрулерің екі талай еді» деп әңгімесін аяқтаған болатын.

Енді аталған іс-шараға келейік. Жұртшылық алдында сөз сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйлердің тарихын зерттеуші, профессор Айтжан Тоқтаған: 1967-72 жылдары мен консерваторияда оқитын едім әрі Құрманғазы оркестрінде істеймін. Әлі есімде, Хамит аға өзі қатысып отырып, поэмасын оқиды, Шамғон Қажығалиев оркестрге дирижерлік жасайды. Оркестр жылына бір концерт береді. Сонда Құрманғазының күйлері түгелге жуық орындалады. Ол концертке көрермендер билет таба алмайтын-ды. Халық түрегеліп тұрып тыңдайтын еді. Хамағаң жуан даусымен күркіреп оқып отырғанда, әр күйдің шығу тарихы айтылып, оркестр орындағанда, тыңдарман қауым керемет әсер алатын. Біз сондай ғажайып өнерді көре қалдық» дей келіп, күйші туралы бірнеше құнды мәліметті жария етті.

Тұрар Әліпбаев пен Анар Мұздаханова сынды танымал күйші-домбырашылар Құрманғазының бірнеше күйін орындап берді. Сондай-ақ дарынды жастар өз өнерлерін ортаға салды. Ақын, сазгер Әбдіғани Бәзілханұлы өз арнауын жұртшылық назарына ұсынды. Ақын Айбатыр Сейтақ Құрманғазы Сағыр­байұлына арнаған «Ұлы даланың дүлдүлі» атты өлеңін оқып берді. Қазақ ұлттық өнер университетінің 4-курс студенті Тілеулес Нұрлыбек айтулы ақын Хамит Ерғалиев­тің Құрманғазыға арналған поэмасынан үзінді оқыды.

Сол күні азаматтардың және ақсақалдар алқасының қолдауымен «Күй атасы» атанған дауылпаз күйші-композитор Құрманғазы бабамыздың ескерткіші жанында 4-мәрте «Күй жәрмеңкесі» өткізілді. Дәулет Оңғар есімді жас жігіт бас жүлдені жеңіп алып, үкілі домбыраға ие болды. Өзге жүлдегерлерге бағалы кітаптар табыс етілді.

Қорыта айтқанда, бұл күйші, домбырашылардың мәртебесі өскен күн болды.

Төлеген ҚУАНЫШЕВ,

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі,

«Күй анасы» респуб­ликалық қорының жетекшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button