Ескерту датчиктері орнатылды
Астаналық тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері мен еріктілер қала аумағында профилактикалық аралауды ұйымдастырды.
Аралау барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді, сондай-ақ мамандар пеш пен газ жабдықтарын қарап, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйіне көміртегі тотығы датчигін орнатты. Бұл құрылғылар өртті ерте анықтауға мүмкіндік береді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, жылыту маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды, өйткені жылыту құрылғылары мен пештерді пайдалану өрт қаупін арттырады.
– Жылыту кезеңінің басында, әр демалыс күндері, апта сайын, тек елордада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде профилактикалық рейдтік іс-шаралар өтеді. Олар бірінші кезекте жылыту маусымы кезінде азаматтардың алдын алуға және қауіпсіздігіне бағытталған. Іс-шаралар барысында қызметкерлер өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша түсіндіру жұмысын жүргізеді, сондай-ақ тұрғындардың келісімімен үй-жайларды тексереді. Кемшіліктер немесе ескертулер анықталған жағдайда, оларды жою бойынша тиісті ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарының үйінде газдың қауіпті концентрациясын анықтау үшін өрт датчигі орнатылады. Осы датчиктердің арқасында соңғы 4 жылда 246 адам құтқарылды, – деді Е.Төрегелдиев.
Астананың 5 ауданында іс-шараға қатысушылар 15-ке жуық датчик орнатты. Қауіпсіз жылыту маусымына дайындық аясында әлеуметтік осал азаматтар тұратын 100 мыңнан астам үй аулалық аралаумен қамтылды. Бұл іс-шаралар ықтимал қауіптерді жедел анықтауға және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп, тұрғын үйлерде автономды өрт датчигін орнату бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде. 2021 жылдан бастап азаматтардың үйінде 107 мыңнан астам дербес датчик орнатылды.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ