Қала мен сала

Ескі құрылыс сүріледі

«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының ғимаратында қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысы өтті. Онда елорданың 2035 жылға дейін бас жоспарын іске асыру барысы талқыланды.

«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ бас директоры Руслан Жақыпов елордада реновация бағдарламасының іске асу барысымен таныстырды.

– Бас жоспарда ескі нысандарды сүру бағдарламасы қарастырылған. Сүрілген ескі объектілердің орнына әлеуметтік объектілер, тұрғын үйлер және көшелер салу жоспарланған. Жоба аясында 2035 жылға дейін шашамен 2 мың гектар жердегі ескі құрылысты сүру қарастырылған. Жұмыс кезең-кезеңімен іске асырылады, алғашында 494,2 гектар, екінші кезеңде 1019 гектар және үшінші кезеңде 465,6 гектар көлемде нысандарды сүру көзделген, – деді бас директор.

Айтуынша, елорданың бас жоспары аясында 2024-2030 жылдар аралығында 673 тұрғын үй объектісі, 201 білім беру және 131 коммерциялық нысан салынады. Сонымен қатар 337,2 шақырым жол, 333 шақырым инженерлік желі салынады және қайта жөнделеді.

Қанша тұрғын үй салынады?

Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысы барысында «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ бас директоры қалада қанша тұрғын үй салынатынын айтты.

– Бас жоспарда 43 мемлекеттік тұрғын үй, 20 жатақхана, 11 жалға берілетін тұрғын үй және 12 мемлекеттік кредиттік тұрғын үй салу көзделген. Оның ішінде 18 тұрғын үй объектісін 2025 жылы салу көзделіп отыр, – деді Руслан Жақыпов.

Одан әрі «Астана бас жоспары» мекемесінің басшысы жаңа өрт
деполарының  құрылысы жүргізіле­тінін жеткізді.

– 2030 жылға дейін 19 өрт депосын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 объекті құрылысы аяқталуға жақын, олар Үркер, Өндіріс және Көкталда орналасқан. Сонымен қатар 2030 жылға дейін 5 өрт сөндіру бөлімі қайта жөндеуден өтеді және 1 өрт сөндіру стансасы мен оқу-жаттығу орталығы салынады, – деді ол.

Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары былтыр қарашада талқылауға шығарылды. Жоспар негізінде келешекте кешенді дамуды, аумақты жоспарлы ұйымдастыруды, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылым жүйесі бағыттарын айқындау көзделген.

Кәріз суын тазалайтын жүйе салынады

Елордада кәріз жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының бас директоры Руслан Жақыпов мәлімдеді.

– Қалада тәулігіне 254 мың текше метр кәріз суын тазарту құрылысы жұмыс істейді. Бас жоспарда 2025 жылы тәулігіне 188 мың текше метр кәріз тазарту құрылыс жайын салу көзделген. Терең тазартылған сарқынды су техникалық сумен жабдықтауға, жасыл желекті суаруға және Есіл мен Нұра өзеніне бұру көзделіп отыр. Кешенді жоспарды іске асыру сапалы сумен қамту мен 126 шақырым су бұру желісін салуға және қайта құруға мүмкіндік береді, – деді Руслан Жақыпов.

Оның айтуынша, 2030 жылға дейін елордада су бұруға шамамен 500 млрд теңге қаражат қажет. Кейбір кәріз жүйелері өткен ғасырдың 70-80-жылдарынан бері жөндеу көрмеген. Сондықтан кәріз суын тазалайтын жүйе құрылысының салынуын бірауыздан қолдай келе, Қоғамдық кеңес мүшелері Астана келешекте тұрғындардың өмір сүруі үшін қолайлы әрі жайлы қала болуы керегін баса айтты.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button