Ескі теміржол ауруханасының орнына жаңасы салынады
Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов қоғамдық кеңестің отырысында 1959 жылы салынған теміржол ауруханасының проблемасы қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Шынымен де теміржол ауруханасының ғимараты 1959 жылы салынған. Техникалық жағдайына байланысты проблема өте көп. Сондықтан биыл ішінара жөндеу жүргізіп жатырмыз. Бірақ проблеманы түбегейлі шешу керек. Бұған дейін жария түрде айтпаған едік. Бірақ айта бастауымыз керек шығар. Мемлекет басшысы біз ұсынған шешімді мақұлдады. Қаржыландыру көзі де белгіленді. Келесі жылы жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы басталады», — деді ол.
Шенеунік сөзінше, ол нысан Сарыарқа ауданының «Көктал» саябағы жағында орын тебеді.
«Самұрық-Қазына» салып жатқан перинаталды орталықтың жанынан салынады. Сонда ол аумақта толыққанды медициналық кластер пайда болады. Яғни, 2,5 жылдың ішінде сондай кешен пайда болады. Ең бастысы, Президенттің бізге, Үкімет пен «Самұрық-Қазынаға» берген ресми тапсырмасы бар. Биыл жобалау-сметалық құжаттарын аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өтіп үлгеруіміз керек», — деді әкімдік өкілі.