Ескі вокзал маңайы абаттандырылады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында вокзал маңындағы аумақты абаттандыру мәселесі туралы айтты.
– Елордамызды құлпырту бойынша ауқымды жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Бірер күн бұрын қалада тағы 40-тан астам аула мен қоғамдық кеңістік аштық. Биыл барлығы 170 аула мен қоғамдық аумақты абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыспен қаланың барлық ауданы қамтылды.
Биыл қаланың вокзал маңындағы бөлігін және іргелес тұрған Біржан сал мен Гете көшелерін абаттандыру жобасын іске асырамыз. Вокзал маңындағы көшелердің жалпы ұзындығы – 1,5 км. Сондай-ақ, мұнда 5 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр: Жастар театрының алдындағы алаң, Ақжайық қонақ үйінің алдындағы аумақ, «Хлебник» наубайханасының алдындағы алаң, Чемодандар паркі және «Паровоз» гүлзары.
Қаланың тарихи бөлігінің тұжырымдамасы аясында абаттандырудың классикалық стилі қолданылады, оның ішінде жарықтандыру тіректерін, көше жиһаздарын орнату, жасыл желектерді кешенді отырғызу және т.б.
Мәселен, қаланың тарихи көшелерін реконструкциялау жобасы аясында жалпы абаттандыру алаңы 17 мың шаршы метрден асады, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар ол көгалдандыруға ерекше назар аударылғанын жеткізді.
– Қолданыстағы жасыл желектің бәрі сақталды және қосымша 200-ден астам жаңа ағаш отырғызылады, оның ішінде тал, үйеңкі, қарағай, көпжылдық бұта және т.б. бар. Оларды күту үшін жергілікті суару жүйесі жүргізілді.
Мысалы, «Жастар» театрының алдында жаңа субұрқақ кешені орнатылады. Сол сияқты шағын сәулет нысандарын, үстел ойындарына арналған орындарды, ойын-сауыққа арналған арт-нысандарды, әткеншектер мен шезлонгтар орнату жоспарланып отыр. Бұл қоғамдық кеңістікті қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымдырақ етеді, – деп жазды елорда әкімі.