Сұхбат

ЕСКІ ЖЫЛ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?

IMG_0467
Сейілбек УСИН, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Өткен 2014 жылға бек ризамын! Жеріміз аман, еліміз тыныш, тұрмысымыз жақсы болды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығының арқасында тәуелсіздігіміз нығайып, экономикамыз тұрақты дамыды. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамай мемле­кеттік қызметкерлер айлықтарын,  ал біз зейнет­ақы­ларымызды бұрынғыдай толық көлемде алып келеміз. Халықаралық жағдайымыз да жаман емес. Бір кезде Еуропаның терезесінен сығалайтын едік. Ал қазір Еуропаның төріне шығып отырмыз. Бұл – үлкен жетістік. Президентіміз барған елдерінде Қазақстанды, қазақ халқын дүние жүзіне паш етіп жүр.

Еліміздің азаматы ретінде өзім туралы айтсам, жасым – бүгінде 94-те. Жеті балам, он тоғыз немерем, тоғыз шөберем бар. Бұлардың келе­шектеріне тіпті де алаңдамаймын. Себебі, халықтың тұрмыс-тіршілігі жыл сайын жақ­сара беретініне нық сенемін. Елбасымыздың сырт­қы және ішкі саясатын толық қолдаймын. Ол – сая­сат аңсаған арманымызға, асыл мұра­тымызға жеткізетін бірден-бір дұрыс жол. Президент өзінің басшылық мол тәжірибесін, білімі мен күш қайратын отанымыздың игілігіне аянбай жұмсап келеді. Оған көп рахмет айтамыз.

Күні кеше Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Ұлы Отан соғысының ардагерлерін мерекемен құттықтады. Өте риза болдық. Мен де барша отандастарыма зор ден­саулық, ұзақ ғұмыр, байлық пен бақыт тілеймін!

    

duken_masimkhanuly_kitaeved

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,ақын, филология ғылымының докторы, профессор:

– Жалпы, «Елде болса, ерінге тиеді» дейді атам қазақ. Ең әуелі 2014 жыл тұтас еліміз үшін де берекелі, табысты, шуақты, бақуатты жыл болды! Сол жақсылықтан осы елдің бір азаматы ретінде біз де құр қалған жоқпыз. Соның бастыларын атап айтсам, қызым Ғайни ҰБТ-дан 124 балл жинап, Астана қаласындағы №48 мектеп-лицейін «Алтын белгімен» бітіріп, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ   Халықаралық  қатынастар мамандығына қабылданды. Ұрпақ­тың қуанышынан артық  не болуы мүмкін?! 2014 жылдың бізге сыйлаған ең үлкен сыйы – осы.  

«Наубайшымен сөйлессең, тандыры мен қамырын айтады» дегендей, біз де қалқа­дері­мізше ғылым-білім саласында, әдеби шығармашылық саласында еңбек етіп жүргендіктен, әрбір жылды осы саладағы ат­қарылған, орындалған жұ­мыстар ауқымымен баға­лаймыз. Бұл тұрғысынан кел­генде 2014 жыл табыссыз емес­піз. «Фолиант» баспасынан «Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресі кітапханасы»  сериясымен,  «Қытай туралы
қырық сөз» деген атпен ғы­лыми-зерттеу мақалаларым, «Өз аспаным өзімде» атты жыр жинағым, «Азаттығым мен Қазақтығым» деген атпен көсемсөз бен пәлсапалық толғамдарым жарыққа шықты. Сондай-ақ, осы жылы ҚХР Үрімжі қаласындағы «Шынжаң халық баспасынан» «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» атты монографиямыз А.Байтұрсынұлы әліпбиімен (төте жазу) жарыққа шығып, арғы беттегі ағайындардың  рухани игілігіне айналды. Ал осы жылдың қазан айында 50 жасқа толуыма орай Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ басшылығының ұйымдастыруымен елімізде тұң­ғыш рет қытайтану ғы­лы­мына қатысты «Қазақ­стан­­дағы қытайтану ғылымы: тарихы, бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми жиынға Түркия, ҚХР,
Ресей секілді шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен беделді-беделді
қытайтанушы ғалымдар қатысып, қытай­танудың өзекті мәселелері мен біздің шығармашылығымызға қатысты маңызды баяндамалар жасады. Елбасымыз Н.Назарбаевтан бастап біраз ел ағалары арнайы құттықтау жіберді.

Қысқасы, еліме келіп елеулі болсам, Отанға келіп олжалы болсам, Атажұртқа келіп атақты болсам, осының бәрі, әрине, тек қана Тәуелсіздіктің арқасы. Сол үшін де мың-мың тәубе!

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button