Мәдениет

Ескірмейтін есті әуен

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымдары классикалық бағытта қос концерт ұсынды. Алғашқысын симфониялық оркестр «Жылдың сегіз мезгілі» деп атаса, Forte trio мемлекеттік триосы әйгілі композитор Петр Чайковскийдің 185 жылдығына орай «Петр Чайковский: жанның арылуы» кешін өткізді.

Бірінші концертте Антонио Вивальди мен танго королі Астор Пьяццолланың «Жыл мезгілдері» атты  скрипка концерттерінің әйгілі топтамалары және «Буэнос-Айрес­тегі жыл мезгілдері» туындысын Қазақстанның Халық әртісі Абзал Мұхитдин жетекшілік ететін симфониялық оркестр орындады. Осы кеште дирижерлік пультте композитор Арман Жайым тұрды. Кештің шақырылған солисі скрипкашы, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Дүйсенбаев болды.

Екінші концертте Петр Чайковскийдің «Ұлы суретшіні еске алу» фортепиано триосы орындалды. Композитор бұл шығармасын Мәскеу консерваториясының негізін қалаушы әрі бірінші директоры, ғажап пианист болған Николай Рубинштейнге арнады. Сонымен қатар Forte trio ұжымы П.Чайковский мен С.Рахманиновтің аспаптық пьесаларын ойнады. Трио құрамында дарынды музыканттар – ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты Мұрат Нарбеков (виолончель), халық­аралық байқаулардың лауреаты Мақсат Жүсіпов (скрипка) бар. Ансамбльдің негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Тимур Урманчеев (фортепиано).

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button