Естеліктер кітабы жарық көрді
Жуырда Парламент кітапханасында белгілі журналист, мәдениет қайраткері, 35 жыл ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Жігіткер Тумырзаұлы Байтілес ағамыз туралы естелік кітаптың тұсаукесері өтті. Басқосуға Мәжіліс депутаттары, бұрынғы шақырылым депутаттары, аппарат қызметкерлері, Ж.Байтілестің отбасы мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында төрт жыл бұрын мәңгілік мекеніне аттанған қарапайымдылықтың үлгісіндей болған Жігіткер ағамыз туралы әріптестері, замандастары, жерлестері, артында қалған балалары жантебірентерлік естеліктер айтты.
«Жігіткермен Мәжілісте бірнеше жыл бірге қызмет еттік. 1983 жылы Жоғары Кеңестен бастап осында Парламентте жұмыс істеп, зейнетке шықты. Айтқан сөзінде тұратын, өзімшілдікке салынбайтын, өз ісіне адал адам еді. Әдетте, жұрт мемлекеттік қызметшілердің жұмысының қиындығын біле бермейді. Бұл кітапта жақсы адамның есімін, өмірін, өнегесін тасқа басып, артындағы ұрпағына қалдыруды мұрат еттік. Жинақ 200 данамен жарыққа шықты» деді мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев.
Үш жыл бұрын, марқұмның жылдық асында естелік кітап шығару туралы ұсыныс айтылды. Жігіткер ағамен ұзақ жыл әріптес болған белгілі ақын, журналист Айбатыр Сейтақ осы кітапты құрастырып, жарыққа шығуына Ирак Елекеев қолдау жасапты. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жанашырлығымен жарыққа шыққан жинақта Жігер Тумырзаұлы туралы жылы естеліктер, мақалалар мен сұхбаттар топтастырылған. Кітап марқұмның отбасы мүшелеріне, барлық әріптестеріне, журналистер қауымына және оқырмандарға қызықты болатыны сөзсіз. Өйткені онда нағыз қарапайым, кішіпейіл, ұлтын жанымен сүйген адам туралы жазбалар бар.
Жігіткер Байтілесті парламенттік журналистердің бәрі жақсы біледі. 2000 жылдардың басында Мәжілістің (Ж.Тұяқбай төраға болғанда) баспасөз қызметін басқарды. Ол кезде әріптестеріміз қалаған уақытында Мәжіліс төрағасынан сұхбат алатын-ды. Кейде қоятын сұрақтарды Жігер ағаның өзі аузыңа салады. Журналистердің бәрін өз бауырындай жақсы көруші еді. Өте тәжірибелі маман болғандықтан кез келген тақырыпты талдап, түсіндіруден жалықпайтын.
Депутаттарды да бес саусағындай біліп, кімнің қандай тақырыпта «сөйлейтінін» айтып беретін еді. Өзі орыстілді журналист болғанмен, қазақша мақалаларды үзбей оқитын. Әр газеттің шығарған мақала, сұхбаттарын талдап, салыстырып, қорытынды жасайтын. Егер сенің жазған бір дүниең көңілінен шықса, қолыңды қатты қысып, мақтау сөзін аямайтын. «Пишите, ребята! У Вас есть самое сильное оружие!» деп шабыттандырып, жазатын тақырыбыңды нақтылап беретін.
«Бәріне қанағат қыл, адал еңбек ет» деген қағидамен өмір сүрген ақ жүрек ағамыздың бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Жігер ағаның өмірде біреуге қиянат, зорлық, қысастық жасағанын көрмедім. Өзімшілдік пен мақтанқұмарлықты жаны сүймейтін. Жігер ағамыздың асыл бейнесі жүрегімізде мәңгі қалады.
Төлен ТІЛЕУБАЙ