Басты ақпаратЖаңалықтар

БАЛҒЫНДАРҒА СЫЙ ЖАСАЛДЫ

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған Астанадағы мемлекеттік мамандандырылған балалар үйінде ізгілікті мерекеге арналған ғажайып бір шара өтті. Оған белгілі тұлғалар мен танымал әншілер қатысты.

Өмірде бала күлкісінен артық бақыт жоқ.  Сондықтан болар, жалпақ әлем балалар қорғау күнін ерекше атап өтеді. Мамандандырылған балалар үйінде айтулы мереке жыл сайын жоғары деңгейде өткізіледі. Бүгінгі таңда аталған мекемеде 4 жасқа дейінгі балғындар тәрбиеленуде. Оларға барлық жағдай жасалған.

Мерекелік шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева қатысып, балғындарға ізгі лебізін білдіріп, бағалы сыйлықтар табыс етті. Астана қалалық Әділет басқармасының қызметкерлері кішкентайларға құрмет көрсетті.  Сондай-ақ, шара барысында елімізге танымал «Жігіттер» квартеті тамаша әндерін шырқады. Ресейлік «Градусы» тобының әншілері де балғындар көңілдерін көтеріп, түрлі ойындар ұйымдастырды.

– Бүгін өте ерекше күн. Әсіресе, балғындардың қуанышында шек жоқ.  Кішкентайларға арнап «Мақта қыз» ертегісін қойдық. Әлі де мерекелік шаралар апта бойына жалғасады. Ертең балаларды Ұлттық музейге апарамыз, одан кейін Астаналық циркке барамыз . Соның барлығы кішкентайлар үшін жасалып жатқан ізгілікті іс, – дейді мамандандырылған балалар үйінің аға тәрбиешісі Гауһар Әбілсейітова.

                                                                                         Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button