Жаңалықтар

ЕТ ӨҢДЕУ ІСІ ЕКПІНДЕЙДІ

Мемлекет басшысы «Ұлт жоспары – жүз нақты қадам» бағдарламасында ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту мәселесіне айырықша тоқталған болатын. Бұл 61-қадамда жан-жақты айтылды. Экономиканың шикізаттық емес секторында орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қалыптастыру үшін осындай мемлекеттік қолдаудың маңызы ерекше.

«Ұлт жоспары – жүз нақты қадам» бағдарламасы аясында соңғы уақытта көптеген іс-шаралар атқарыла бастады. Соның бірі – Астананың азық-түлік белдеуі аумағында құрылысы басталған ет өңдеу зауыты, құс өсіретін кешендер құрылысы. Орайы келгенде айта кету керек, ет және ет өнімдерін өңдеу жобасы бойынша үш кәсіпорынның құрылысы басталған. Бұлардың бәрі де Астананың азық-түлік белдеуінде, дәлірек айтқанда, Ақмола облысы­ның үш ауданында іске қосылады.
Мәселен, Бурабай ауданында жылына 1,5 мың тонна ет өнімдері өңделетін зауыт жобасы қолға алынды. Ал Бұланды ауданындағы құс фабрикасында етті бройлерлер өсірілмек. Шортанды ауданында 1300 басқа арналған шошқа өсіретін кешен және жылына 60 тонна ет дайындай алатын қаз фермасы жұмыс істейтін болады. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтың айтуынша, зауыт пен фермалардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұйыртса, бірер жылда Астана халқы өз белдеуінде дайындалған ет өнімдерін кеңінен тұтынуға көшеді.
«Ұлт жоспары – жүз нақты қадам» бағдарламасы аясында Астана азық-түлік белдеуінде бұдан өзге де қолға алынған жобалар көп. Алысқа бармай-ақ осы Шортанды ауданы аумағын сөз етер болсақ, мұнда сүт өндіретін және өңдейтін кәсіпорын құрылмақшы. Оның өндірістік қуаты күніне 25 мың литр сүт алуға жетеді екен. Сауын сиырлардың саны үш мыңнан кем болмайды. Сондай-ақ, осы ауданда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Агрофирма «Родина» сүт-тауар фермасының өндірістік қуатын сауын сиыр санын екі мыңға жеткізу арқылы өсіру жоспарланған. Осы кәсіпорындардың бәрі толық қуатымен жұмыс істеуге көшкенде, Астананың өз белдеуіндегі азық-түлік қоры қазіргіден бірнеше есе артады.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button