Басты ақпарат

Еуропада жүріп алаңдады…

1917 жылғы азаматтық қарсы тұру кезінде жеңіліс тауып, Еуропада қалыптасқан саяси ресейлік эмиграцияның өкілдері отанындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жіті назарда ұстап отыр­ды. Бұрынғы Ресей империясы орнына құрылған Ресей федеративтік республикасы аумағындағы аштық көріністері де назарда болды.

Түркістан саяси эмиграциясы 20-30 жылдардағы Қазақстандағы аштық пен босқыншылыққа бейжай қарай алмады

[smartslider3 slider=3102]

Бірталай уақыт құпия саналып келген аштық тақырыбы КСРО аумағында айтылмай келгенімен, шетелде жүрген Түркістан эмиграциясы кеңестік тоталитарлық жүйе ұйымдастырған аштықтың қасіретін еуропалық қоғамдас­тыққа әйгіледі. Бұл «Түркістан Ұлттық бірлестігі және оның екінші дүниежүзілік кезіндегі соғыс тұтқындары арасындағы қызметі» (ЖТН 08855857) атты гранттық жоба аясындағы зерттеулер барысында анық көрінді.  Түркістан мұқажірлері 1921-1922 және 1931-1932 жылдардағы аштықтар туралы да ақпараттарды жинақтап отырды. Олар большевиктік биліктің солақай саясатын аштықтың басты себебі деп білді. Эмигранттар жариялаған мақалаларда нақты фактілік мәліметтермен қатар саяси пікірталас та орын алды. Қазақ саяси эмиграциясының көшбасшысы М.Шоқай кеңестік тоталитарлық жүйе ұйымдастырған аштықтың қасіретін еуропалық мерзімді басылымда жария етті. М.Шоқайдың әртүрлі газет беттерінде жарияланған мақалаларына көз жүгірткенде, сол кездің аянышты суреттері көз алдымызға келгендей болады. Мұстафа Шоқай баяндаған 1921-1922 жылғы аштық қазақ халқы үшін жаңа өкімет орнағаннан соң қызыл қырғынның бастамасы болатын. Берлинде жарық көретін «Новый мир» деген газеттің 1921 жылғы 16 қарашасындағы № 244 санында А.Байтұрсыновтың атынан көшіріп басылған хабарлама жарияланған. Жарияланымда осы жылғы Қазақстандағы аштықтың негізгі себебі жұт, қыстың ерте түсуі, алдыңғы қуаңшылық жылдарда жем-шөп қорының жиналмауы болғаны түсіндіріледі. Мақаланың шын мәнінде Ахмет Байтұрсыновқа тиесілі екеніне күмән келтірген М.Шоқай Парижде шығатын «Последние новости» газетінің осы жылғы 26 қарашадағы №495 санында хабарлама авторымен сырттай пікірсайысқа түседі. Саяси полемикада саясаткер өзі куә болған большевиктік жүйенің алғашқы жылдарындағы өктем саясаты туралы мағлұматтарды ортаға салады. М.Шоқай бұл аштықтың қолдан жасалғанын негіздеген. Қазақстандағы Кеңес өкіметі шаруалардың мал-мүлкін тартып алуы өлкедегі мал басын күрт кеміткеніне тоқталған. 1920 жылдың соңында жарық көрген «Қазақтардың Ленинге хаты» атты құжаттағы мәліметтерді теріп, онда «алдыңғы қуаңшылық жылдар» туралы еш әңгіме жоқ екеніне назар аударған. Шоқайдың «Қазақстандағы аштық» атты осы мақаласы жарияланбастан бұрын 1921 жылдың 11 тамызында Парижде Ресейдегі ашыққандарға көмек беру жөніндегі қоғамдық комитет құрылып, оның құрамына Н.Д.Авксентьев, П.Н.Милюков, Ғ.Исхаки және басқа қайраткерлермен бірге Мұстафа Шоқай да кірген болатын. М.Шоқай өз тарапынан түрік халықтары азаттық қозғалысы атынан мұсылман елдер, Американың көмек әкімшілігіне үндеу жазып таратқан болатын. М.Шоқайдың Париждегі мұрағатында сақталған, 1923-1927 жылдарда «Дни», «Последние новости» басылымдарында шыққан жарияланымдарында  Қазақстандағы аштық туралы жан-жақты мағлұмат берген. Қайраткер өз жарияланымдарында негізгі дерек көзін кеңестік мерзімді басылымдардан алатынын жасырмайды. М.Шоқай Түркістанды отарлаған большевиктерге сұрақты төтесінен қояды: «Большевик мырзалар, айтыңыздаршы, Сырдария облысындағы қазақтардың аштыққа ұшырауына кім кінәлі? Түркістанда аштықты ұйымдас­тырған кінәлілер бір рет те болса сотталушының орындығына неге отырғызылған жоқ? Эмиграциялық баспасөздің белсендісі саналған «Дни» газетінің 1924 жылғы 5 шілдедегі №503 санында М.Шоқай Ақмола уезіндегі аштық туралы жариялайды. Мұндағы аштыққа ұшырағандар саны 30-40 мыңға жетіп жығылған. Тамақ іздеген мыңдаған адамның туған жерлерін тастап, жан-жаққа босып кеткені айтылады. Еуропада тұрып жатса да, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жіті бақылап отырған қайраткер 1921 жылдан бері Ақмоладағы аштық кездейсоқ болып жатпағанын нақтылайды. «1921 жылы облыс ішкі Ресейден ағылған аш босқындармен толды. Оған қоса егін шықпай қалды. Аштықтың шегінде тұрған қазақ халқына Кеңес өкіметінің қалай қарағанын Азық-түлік халық комиссариа­тының (қазақтардан) салық ретінде шошқа талап еткенінен көруге болады. Биліктің жандайшаптары шошқаның орнына қой, ешкілерді ала бастады… Салықты жинап алды. Іле-шала 1922 жылы аштық басталды. «Бостандық туы» мен «Қазақ тілі» газеттері сол кезде аштыққа ұшырағандардың саны 445-450 мың екендігін анықтады. Осы газеттер деректеріне сүйенсек, мемлекеттік көмек жоғарыда келтірілген санның небәрі 6 мың адамды ғана қамтыған» деп көрсетеді М.Шоқай.

Еуропадағы Түркістан саяси эмиграциясы өкілдері назарынан Қазақстаннан кетіп жатқан босқындар мәселесі де тыс қалмады. Мұстафа Шоқайдың шамамен 1928 жылдары жазылған «Түркістан босқындарының қасіреті» атты мақаласында босқыншылықты туғызған негізгі себептер талданады. Мақалада «москвалық большевиктер» барлық керегін тартып алған түркістандықтардың босудан басқа жолы қалмағаны айтылады

Ресейдегі Уақытша үкіметтің басшысы болған А.Ф.Керенскийдің «Дни» газетіне 1929 жылдың желтоқсан айында ұсынған мақаласы «Аштық пен өлім үкіметі» (Правительство голода и казни) деп аталған. Автор Ресейден Германияға ағылып жатқан ашыққан неміс­тердің тағдырын тілге тиек ете отырып, Кеңестер еліндегі аштықтың себептерін талдаған. А.Керенскийдің пікірінше, қазіргі кезде Кеңестер елінде жаңа экономикалық саясатқа дейінгі «соғыс коммунизмі» сая­саты қайта орнаған. «Англияда Сталинді қорқытып отырған кулактар еуропалық үлгідегі фермерлер, шындығында байлар шығар деп ойлайды. Іс жүзінде Ресейдегі большевиктер екі ат, екі сиыры, жылдық табысы 100 фунтты құрайтын 5 гектардан асатын егістігі бар өз күнін көргісі келетін шаруаның бәрін кулак деп жариялайды. Әрине, мұндай «капиталист» Еуропада ең кедей шаруалардың қатарына саналатын еді. Мұндай «байлардың» өзі 27 миллион шаруаның арасында 3 проценттен аспайды. Шаруалардың 30%-і жұмыс малы жоқ, нағыз паупэрлер санатында» деп жазады А.Керенский.

Еуропадағы Түркістан саяси эмиграциясы өкілдері назарынан Қазақстаннан кетіп жатқан босқындар мәселесі де тыс қалмады. Мұстафа Шоқайдың шамамен 1928 жылдары жазылған «Түркістан босқындарының қасіреті» атты мақаласында босқыншылықты туғызған негізгі себептер талданады. Мақалада «москвалық большевиктер» барлық керегін тартып алған түркістандықтардың босудан басқа жолы қалмағаны айтылады. «Діндәрлардан Алладан бас тарту талап етілді, Ленин пайғамбар ретінде жарияланды… Құран Маркстің «Капиталымен» алмастырылды» деп жазады Мұстафа Шоқай. Автор түркістандықтар үшін тұтас мемлекеттің қарулы күштерімен күресу ауырлық туғызып, шекараға маңайлас тұратындар соңғы мүліктерінің қалдықтарын көтеріп, шекара асқанын суреттейді. Ол: «Түркістандықтарға көрші мұсылман елдердерде өмір сүру оңай сияқты көрінеді» деп жазады.

Советтер еліндегі қарулы көтеріліске қатысқаны үшін Иранға босқан түркістандықтар тағдырына алаңдаған М.Шоқай, бұл туралы Иран шахына өтініш хат жолдағанын атап көрсеткен. Қайраткердің бұдан арғы жан тебіренісін толқымай оқу мүмкін емес: «Достық қиындық үстінде сыналады дейді. Біздің халқымыздың үстінде бақытсыздықтың бұлты үйіріліп тұр! Біздің Отанымыз халқымыз үшін қорқынышты түрмеге айналды. Мұндай толассыз күресте халқымымыз тығырықтан шығатын жол іздеуде. Әбден шарасы қалмаған, орыс большевиктерінің азабына шыдамаған түркістандықтар маңайдағы шекаралардан асуда. Персия, Ауғанстан, Түркия елдері олар үшін жердегі жұмақ көрінуде… Бұл елдерде олардың діндес, қандас бауырлары өмір сүреді… Барған жерде олар қайғысына лайық қамқорлық көріп отыр ма?! Біздің ұлттық қасіретімізді сипаттау үшін қандай қалам, қанша қағаз керек! Шынымен-ақ, біз үшін ұлттық бостандық пен азаттықтың таңы атпай ма? Қашанғы біздің бауырларымыз ажалдан пана іздеп барған елдер олардың қайғысы мен азабына суық әрі керең күйде бола береді? Біз, түркістандықтар, ешкімнен де ұлттық дұшпанымызға қарсы күресімізге көмек сұрап отырған жоқпыз ғой. Біз тек қана ажалдан пана сұрап қана тұрған жоқпыз ба?! Шынымен-ақ біздің жан даусымыз естілмей ме?»

Түркістанның азаттығын аңсап, саяси күреске түсіп, елде большевиктік билік орнаған соң эмиграциялық тағдыр қамытын киюге мәжбүр болған қайраткерлердің Қазақстандағы аштық, босқыншылық шындығын жария етуде, қынадай қырылған халқы үшін халықаралық көмек ұйымдастыру мақсатындағы жанкешті еңбегі жеке зерттеу­ді керек қылатын тақырып. Бұл тақырыптың толық және жан-жақты зерттелуі – болашақтың ісі.

 Еркін СТАМШАЛОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының phd-докторанты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button