Ел тынысы

ЕҰУ инвесторлармен 20 млрд теңгеге келісімшарт жасады



Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті еліміздегі ЖОО-лар арасында алғаш рет ENU INVEST MEETUP өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Отандық инвесторларға ЕҰУ ғалымдарының құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру саласындағы ғылыми жетістіктері мен инновациялары ұсынылды. 4 инвестициялық шарт пен келісімге қол қою – бұл кездесудің маңызды нәтижесі.

ENU INVEST MEETUP еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жатақханалар салуға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға жеке инвестицияларды кеңінен тарту қажеттігі туралы тапсырмасын орындауға бағытталған. Іс-шараға ірі компаниялардың, банктердің, инвестициялық, өндірістік, өнеркәсіптік және құрылыс компаниялары мен жетекші сауда желілерінің өкілдері қатысты.

«Біз бүгін инвесторларға ғалымдарымыздың бірегей әзірлемелерін пайдалануға мүмкіндік бердік. Бүгінде бизнестің жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге қызығушылығы артып келеді. Бұл бағытта ЕҰУ компаниялармен серіктестікті кеңейтуде және біздің ғалымдар олардың сұранысы бойынша зерттеулер жүргізеді. Президентіміздің тапсырмасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері құрылды және инвесторлар студенттік үйлердің құрылысына да үлкен қызығушылық танытуда. Соның арқасында ЕҰУ келесі жылы студенттердің жатақханаға деген қазіргі қажеттілігін толық жабады. Осылайша, бүгінгі ENU INVEST MEETUP біздің ғалымдардың өнертабыстарын таныстырумен қатар инвесторлармен ұзақмерзімді серіктестік орнату және перспективалық жаңа жобаларды құру мүмкіндігіне айналды», – деп атап өтті ректор.

ENU INVEST MEETUP нәтижесі – Еуразия ұлттық университеті инвесторлармен 20 млрд теңгеге  4 келісімшартқа қол қойды.

Екі қазақстандық компания өз қаражатын 3 мыңнан астам орындық жаңа Студенттер үйінің құрылысына бағыттайды. Қосымша екі компания да ЕҰУ үшін жатақханалар салуға қызығушылық білдіріп отыр.

Кездесу барысында студенттерге арналған медициналық орталығы бар әлеуметтік-мәдени кешенді салуға инвестициялық келісім жасалды.

ЕҰУ және «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ  консорциум құру туралы келісімге қол қойып, бірлескен өнім шығаруға өзара уағдаласты.

«Біз ұзақ уақыттан бері денсаулық сақтаумен айналысамыз. Мен әрдайым ұлттың жетістігі екі негізгі факторға байланысты деп айтамын: ұлт денсаулығы және білім беру саласы. Мемлекетке дені сау және білімді ұлт қажет. Бүгін Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған алғашқы инвестициялық форумда біз осы оқу орны үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған медициналық орталығы қарастырылған әлеуметтік-мәдени орталық салу туралы шарт жасастық. Бұл студенттік емханада білім алушылар барлық медициналық қызметтерді тегін ала алады. Бұл біздің білім саласына қосқан әлеуметтік үлесіміз болады», – деп атап өтті «Astana clinic» директоры Борис Чен.

Кездесу барысында  инвесторлардың назарына экономиканы дамытуда пайдалану әлеуеті бар ЕҰУ ғалымдарының ғылыми инновациялары таныстырылды.

ЕҰУ жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ инвесторларға тұрғын және өндірістік үй-жайларды салуда қолданылатын «Экоизол» жылу оқшаулағыш материалын ұсынды. Сондай-ақ бизнес өкілдері BETA IZOL кабельдік және радиациялық оқшаулағыш сым өнімдеріне қызығушылық танытты. Инновациялық материал мұнай өндіруде, жаңартылатын энергия көздерінде және теміржол секторында қолданылады. Бұл өнімнің Қазақстанда баламасы жоқ.

ENU LAB ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары көпқабатты үйлердегі дыбысты оқшаулау мәселесін шешуге мүмкіндік беретін  инновациялық технологияны таныстырды. Ғалымдардың өнертабысындағы артықшылық – шу 40 пайызға дейін төмендетеді.

Инвесторлар ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің доценті Мақпал Жартыбаеваның су қоймаларын тасқынға дейінгі және су тасқынынан кейінгі кезеңдердегі бақылауға арналған бірегей робототехникалық кешеніне қызығушылық тантты.  Мұндай құрылғының баламасы Қазақстанда жоқ.

ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультеті кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді бизнеске жаңа зияткерлік жүйені таныстырды. Бұл технология өнеркәсіптік кәсіпорындарда нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге, қызметкерлердің қауіпсіздік нормаларын сақтауын бағалауға, сондай-ақ кез келген бұзушылықтар туралы уақтылы ескертулер мен хабарламалар беруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, инвесторлар жол, құрылыс материалдарын сынау бойынша қызметтер көрсететін ENU инжинирингтік орталығының жобаларына да ерекше назар аударды.  Оның ішінде жол жабындарының жұмысын жақсартатын суперасфальт технологиясын құру, асфальтбетонға арналған «Эко-Road Product» минералды ұнтақ, құрылыс және жиһаз өндірісі үшін берік полимерлі битум мен экопанельдер өндіру технологиялары бар.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button