Руханият

Европаға бірге сапарлап едік…

2018 жылы күз айында Әбдіжәміл Нұрпейіс ағаның үйінде кездесіп, өмір өткелдерінен өткен әңгімесін тыңдап отырып, жуырда Мәскеу қаласы арқылы Лондонда магистратурада оқып жатқан немерем Алтынайға баратынымды айттым. Сол кезде «мені де ертіп ала кетші, өмірімнің жарқын кезеңдерінде жүріп өткен жерлерімді тағы бір көрсем деймін» деді, асыл ағаның арманын орындайын деп, келісім бердім.

Содан не керек екеу­міз ұшақпен Мәскеуге жетіп, «Националь» қонақ үйіне тоқтап, таңғы асты Кремль көрініп тұратын мейрамханада отырып тамақтандық. Басынан өткен қызықты шақтарын айтып отырды, содан соң өзіне етене таныс Мәскеу тұрғыны болып кеткен мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұровқа қоңырау шалып, хабарласуды өтінді, ол қонақ үйге келіп, Әбенің бөлмесінде әңгімелесіп суретке түстік, сол күні Қазақ­станның елшілігі маңындағы Абай ескерткішіне тағзым еттік. Елшілік үйінің ішкі құрылысымен танысып, елші Иманғали Тасмағамбетов жасаған өзгеріс­терге риза болды. Сол күні түс мезгілінде КСРО Жазушылар одағының үйіне барып, жазушылар мейрамханасында отырып түскі ас іштік, ол жерде де жазушылар жиындарында болған оқиғаларды айтып ұзақ отырды, одан шығып одақтың ауласына орналасқан Лев Толстой ескерткішінің алдына суретке түстік, сол сапарда, бұрынғы кезеңде Мәскеуде өткізген жолдастарымен болған кезеңдерді қызықты әңгімелеумен болды. Ертеңіне ұшақпен Лондонға да жеттік, әуежайда елшілік қызметкерлері күтіп алып, қонақ үйге орналастырды. Түс мезгілі жақындағанда Лондондағы Қазақстан елшісі Ерлан Ыдырысов қонақ үйге келіп, Әбеге сәлем беріп, лордтар түстенетін мейрамханаға алып келіп, түскі ас берді. Сол жерге бізді іздеп келген немерем Алтынайды атасымен таныстырдым. Әбе елші Ерланға «Соңғы парыз» кітабын ағылшын тіліне аударту үшін аудармашы тауып беруді өтінді, ол өз кезегінде аудармашыны тауып, бізбен кездесуді ұйымдастырды.

Ертеңіне менің Лондонда тұ­­­ратын жолдасым Медғат Құлжанов бізді түскі асқа мейрамханаға шақырды, ол өзімен бірге жұбайы Айгүлді және қызын ала келіп Әбемен таныстырды, бізбен бірге немерем магистрант Алтынай да болды. Сол бір көңілді отырыста Әбең енді Парижге барғысы келетінін айтты, мен ол кісіге барсақ барайық деп келісіп, кешке жүретін пойызға отырып Парижге жеттік, онда алдын ала хабарланған елшілік қызметкерлері қарсы алды. Қаланың орталық көшесіне орналасқан бес жұлдызды қонақ үйге орналастық, ертеңіне ертеректе болған жерлерін көруге аралауға шықтық, сол күні кешке Франциядағы елші келіп, Әбеңе сәлем берді, ол кісі сөз арасында Францияның ұлы перзенті Шарль де Голльдің басына барып зиярат жасап, мұражай үйін көргісі келетінін айтты, ертесіне елші жіберген аудармашымен автомашинасына отырып, Парижден 250 шақырым жердегі Шарль де Голльдің зиратына барып суретке түсті, одан соң мұражай үйіне барып естелік кітабына қолтаңба қалдырып, мұражайды аралап көрді. Сол күні кешке сол селодағы «Мотель» қонақ үйіне қонып, ертеңіне Париж­ге оралдық, сол кезде менің өтінішімді жерге қалдырмай Европаға сапар шегуімді қиналмай жасаған әрекетіме ризалық білдіріп, Париж-Мәскеу-Алматы рейсімен Алматыға жетіп Әбені үйіне жеткізіп, немерелеріне табыстадым. Бір апталық саяхат сапарда болғанда, Әбенің мінез-құлқын, ішіп-жемін, көңіл күйін, ішетін дәрі-дәрмегіне дейін танып білдім. Ол сол сапарда қонақ үйде жеке жатпай, мені жанына алып жататын, түн ауғанша басынан өткен қызықты, қиындықты көрген, балалық шағынан бастап аталық-абыздық жасқа жеткенге дейінгі өмірінен әңгіме айтып, реніші мен қуанышын айтып, құлағыма құя беретін. Сол сапарында өмірінде мерейтой өткізбегенін айтып қалды және ондайды ұнатпайтынын да жеткізді. Мен дегенмен «Алдағы 95 жылдық» жасыңызды Үкімет тарапынан атап өтуге ұсыныс жасайтынымды айттым, алғашында ол кісі қарсы болды, артынан келісім бергендей ыңғай танытты. Содан кейін Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловаға хат жазып, Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аңызға айналған классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейістің 95 жылдық туған күніне арналған мерейтойын өткізіп, көптомдық шығармаларын шығаруға ұсыныс бердік. Мәдениет министрлігі мен сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Абай атындағы опера және балет театрында классиктің 95 жылдық мерейтойы аталып өтті. Жиынға Алматының зия­лы қауымы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Әбенің алыс-жақындары, тума-туыс­тары және мәскеулік достары, танымал ғалым-жазушы Николай Анастасьев, Анатолий Ким және баспагер Георгий Пряхин қатысты, сахна төріне Әбені қолтықтап Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік шығарды, жиын соңынан Қабылдау үйінде 300-дей қонаққа ас беріліп, Әбенің жаңа шыққан көптомдық еңбектері сый ретінде қонақтарға таратылды. Ертеңіне Мәскеуден арнайы Әбенің мерейтойына құрметті қонақ ретінде шақырылған жазушыларды қонақ етіп, Смағұл Елубай мен Әбеңнің өзін қатыстыра отырып, қонақ етіп, сол кісінің атынан үш қонаққа арнайы даярланған ұлттық шапан жауып, құрмет көрсетіп, сол күні шығарып салдық. Ақсақалдың қуанышында шек болмай, өмірімде өткізген тамаша күндерімнің ең биігі осы болды деп, Смағұл екеумізді құшақтап сүйе берді. Тойдан соң үш күн өткенде Президенттің абыз ақсақалды «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттаған Жарлығы шықты. 30 қазан күні Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, өз резиденциясында «Қазақстанның Еңбек Ері» жұлдызын тақты, сол кездесуге Алматы қаласының сол кездегі әкімі Бақытжан Сағынтаев, Президент аппаратының сол кездегі басшысы Ерлан Қошанов және мен қатыстым. Жылы жүзді қысқа құттықтау әңгімесінде Президент Әбеге деген ризашылығын білдіріп, тілек айтып, сол кездесуде естелік ретінде Президентпен суретке түстік. Әбенің өмір жолындағы көптеген іні, жора-жолдастарының ішінен қайырымдылық көрсетіп, жанында жүріп, абырой атағын алуына інілік ізет көрсетіп, ықпал еткеніме шын жүректен алғысын білдіріп, шапанын ­жауып, таяғын естелікке ұстатты. Абызбен өткен сол бір күндер жадымда жатталып қалды… Әбеңнің жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!

 Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button