Басты ақпаратҚала мен сала

Еуразиядағы жетекші транзиттік торап

Көлік – ел экономикасы мен өндірісінің барлық буынын байланыстыратын аса маңызды сала. Әлеуметтік-экономикалық саланы дамыту, өнеркәсіп өндірісін жаңғырту жолындағы міндеттерді іске асыруда көлік саласы үлкен рөл атқарады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің көлік-логистика әлеуетін толық пайдалану бойынша стратегиялық маңызды міндет қойылды.

Саланы дамыту мақсатында жүзеге асып жатқан жобалар туралы Қ.Тоқаев осы жылы «Ana tili» газетінде жарияланған сұхбатында: «Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мо­йынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Бұл жоба еліміздің көлік-транзит инфрақұрылымын түбегейлі өзгертеді. Осы бағыттағы темір жолдың жүк тасымалдау мүмкіндігі 5 есе артады, контейнер пойыздары жүкті бұрынғыдан едәуір жылдам жеткізетін болады. Бір айта кетерлігі, мұндай ауқымды жоба алғаш рет өз жобалау­шыларымыздың, инженерлеріміз бен құрылысшыларымыздың күшімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін темір жолдың құрылысы аяқталады. Бұл жоба Алматы темір жол торабына түсетін салмақты едәуір азайтып, жүк жеткізу мерзімін қысқартады. Жолау­шылар тасымалының сапасын арттыру үшін вагондар жаңартыла береді» деп атап өтті.

Байланыс мүмкіндігінің аясын одан әрі кеңейту үшін Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамытуға, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасында елеулі рөл атқаруға ниетті. Мақсат – өңіраралық қатынастарды нығайтып қана қоймай, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру. Президент көлік инфрақұрылымының маңызына тоқтала келе: «Еуразия құрлығындағы жетекші транзиттік торапқа айналған біздің ел үшін орнықты дамудың тағы бір маңызды алғышарты – көлік және транзит саласы. Біз көлік инфрақұрылымына, атап айтқанда, автомобиль және темір жолдарының, әуежайлар мен теңіз айлақтарының құрылысына инвестиция салуды белсенді түрде қолға алдық» деді.

Жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатқан әлемде Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азия­ға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбеюде. Осы ретте Қазақстанның солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыс­тыратын жаһандық жолайрықта орналасуы оған экономикалық дамуда зор мүмкіндік беріп отыр. Қ.Тоқаев сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуы тиіс деп бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешуді құзырлы органдарға тапсырды.

Елордаға жылдам жеткізеді

Соңғы жылдары Астана мен оған іргелес өңірлерге қала маңы тасымалы бо­йынша пойыздардың көбе­йіп қана қоймай, олардың мерекелерге сай безендіріліп, сервистің жаңаша дамуына халық ыстық ықыласын білдірді. «ҚТЖ» компаниясының еншілес ұйымы «Жолаушылар тасымалы» АҚ биыл мерекелік тақырыпта безендірілген жаңа жылдық электр по­йызын жолға шығарды. Олар аптасына бес рет «Астана-­Атбасар» және «Астана-Көкшетау» бағыттарында қатынайды. Жаңа жылдық электр пойыздардың сыртқы безендірілуі қар ұшқындары, Аяз ата және Ақшақар бейнесімен ерекшеленді.

Жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатқан әлемде Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбеюде. Осы ретте Қазақстанның солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығыс­ты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасуы оған экономикалық дамуда зор мүмкіндік беріп отыр. Қ.Тоқаев сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуы тиіс деп бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешуді құзырлы органдарға тапсырды

Қысқы мерекелер қарсаңында «Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша жаңа туристік электр пойызы іске қосылды. Бұл электр пойыз жолаушыларды Астанадан Бурабайға аралық аялдамасыз небәрі 2 сағат 26 минутта жеткізеді. Электр по­йыз сейсенбі мен сәрсенбіден басқа күндері күн сайын қатынайды. Жаңа электр по­йыз 574 жолаушыға арналған үш класты вагондардан тұрады. Жайлы орындықтар «комфорт +» еуропалық стандартына сәйкес жасалған. Жолаушылардың жайлылығы үшін пойызда микроклимат жүйесі, жылдам қуаттау үшін USB-розеткалар, ойын-сауық контентіне қолжетімді Wi-Fi желісі және велосипедтерге арналған бекіткіштер орнатылған.

Жаңа үлгідегі көлік жүйелері қажет

Қалалар неғұрлым үлкен болса, соғұрлым жолаушылар үшін де, қоршаған орта үшін де әртүрлі және қауіпсіз жаңа типтегі көлік жүйелері қажет. Біздің еліміз әзірге қалалық мінсіз көлік жү­йесін құру жолын енді бастап жатыр. Қазірдің өзінде Астана халқының саны 1,5 млн адамнан асты және жыл өткен са­йын елордаға көшіп келгісі келетін азаматтар саны артуда. Тиісінше, көлік жүйесіне түсетін жүктеме де өседі. Осыған байланысты елдің көлік саласын дамыту мақсатында әр жылдары көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мен интеграциялаудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қабылданып, іске асты.

– Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кешенді көлік жү­йесін дамыту стратегиясы әзірленіп, бекітілді. Бағдарлама міндеттерінің бірі – қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығын арттыру, жайлылық пен қолжетімділікті жақсарту арқылы қоғамдық көлікті пайдалану үлесін ұлғайту. Мәселен, 2024 жылы Астанада 300-ден астам автобус желіге шықты. Екі жыл ішінде автобус паркі 706 жаңа автобуспен толықты. Осылайша, қаланың автопаркі 45 пайыз­ға жаңарды. Биыл қоғамдық көлік паркін тағы 300 бірлікке ұлғайту жоспарлануда. Жолаушылардың ыңғайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру үшін автобустар жаңарып қана қоймай, олардың жұмысы жаңғыртылды, бейнебақылау жүйелері орнатылды, бұл жолаушылар үшін де қауіпсіздік деңгейін арттырды, ал контактісіз карталар мен смартфондар арқылы төлемдерді енгізу жолаушылардың көлікке тезірек отыруына мүмкіндік берді, – дейді Астана қалалық ҚХА журналистер клубының төрағасы Аделия Тухбатова.

2024 жылы қалада автобустарда жол жүру құны 90 теңгеден 110 теңгеге дейін өсті. Себебі Астанада қоғамдық көлікте жол жүру тарифі 2014 жылдың қыркүйегінен бері өзгермеген. Деректерге сәйкес, жолаушылардың 30 пайыздан астамы жол ақысын төлемейді, содан автобус парктері жыл сайын 4-5 млрд теңге қаржы жоғалтады, бұл – жеке автопарктерге автобус­тардың белгілі бір санын сатып алуға мүмкіндік беретін үлкен сома. Сонымен қатар бұл қаржы қала бюджетіне және тасымалдау қызметтері үшін тарифтердің өсуіне әсер етеді.

– Көлік жүйесінің жұмысын жақсарта отырып, қала және жалпы ел билігі бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көліктің қоршаған ортаға әсерін азайту туралы ойлануы тиіс деп санаймын. Осыған байланысты Үкімет алдында елордада және өңірлерде көліктік жоспарлау мен жол қозғалысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін, қалалық көлік жүйелерінің жұмыс істеу сапасын бағалау әдістемесін, халыққа көлік саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі жобалық шешімдерді модельдеу және оңтайландыру мәселелері бойынша маңызды міндет тұр, – дейді Аделия Тухбатова.

Жайлылық пен қауіпсіздік кепілі

Тұрғындардың жайлы­лығы мен қауіпсіздігі үшін көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызы зор. Бұған Мемлекет басшысы үлкен мән беріп отыр. Сол себеп­ті жыл өткен сайын Қазақ­станның көлік-логистика саласы қарқынды даму үстінде. Елорда автопаркі жылда жаңарып, қаланың көлік жүйесінде оң өзгеріс­тер орын алды, аялдамаларда автобустардың келу аралығы қысқарып, халықтың керекті нүктесіне жылдам жетуіне мүмкіндік артты. Авто­бустарда мүмкіндігі шек­теулі жандардың жайлы да қауіпсіз қозғалысына қажетті жағдай жасалуда.

– Бұл саланы одан әрі жетілдіру қажеттігі белгілі. Біз депутаттық жұмыс барысында елорданың автобус парктерін жиі аралаймыз, олардың жағдайымен танысамыз. Мәслихаттың қолдауымен былтыр жаңа автобустар сатып алынды. Сонымен қатар Астана қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына да бюджеттен қаржы бөлгіздіріп, елорда көшелерінде тасжол төселуіне, жөндеуге септік еттік. Атап айтқанда, былтыр қалада ұзындығы 60 км болатын 50 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар бөлінген қаржы есебімен 300-ден астам көшенің шұңқырларын бүтіндеу бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. 70 көшеге бағдарлық жөндеу жұмыстары жасалды. 23 км ұзындықтағы 25 көшенің тротуары абаттандырылды, – дейді Астана қалалық мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм.

Қолайлы қозғалыс қамтамасыз етілді

Заманауи зияткерлік ше­шімдер мен технологияларды қолдана отырып, елорда халқының жүріп-тұруына қолайлы және қауіпсіз жағдай жасайтын «City Transportation Systems» ЖШС мәліметіне сәйкес, 2024 жылы жолаушылар легі рекордтық деңгейге жеткен. Атап айтқанда, қоғамдық көліктер бойынша 950 мың сапар жүзеге асқан. Мектептің жол жүру билетімен 24,7 миллион сапар, ал жеңілдікті санаттармен 39 млн сапар жасалған. Былтыр жол ақысын төлеудің жаңа тәсілдері іске қосылды. Қолданысқа көлік картасы, QR-код, банк картасы, Apple Pay, Samsung Pay және Google Pay арқылы NFC төлемі, сондай-ақ Avtobys қосымшасы арқылы Bluetooth пайдалану әдістері енгізілді.

Қоғамдық көлік саласында 315 жаңа автобус сатып алынды. Жаңа бағдарлар іске қосылды: 5 экспресс-маршрут (№501, 502, 503, 504, 505), 5 қалалық бағдар (№42, 58, 62, 63, 55, оның ішінде №55 айналмалы бағдар) және 3 түнгі бағдар (№201, 202, 203). Көлік мамандарының білігін арттыру орталығында 1070 қоғамдық көлік жүргізушісі, 403 жол бақылау қызметі қызметкері және 33 такси жүргізушісі оқытылды. Қаланың үш учаскесінде қоғамдық көлікке арналған Bus Lane жаңа жолақтары енгізілді. Жол ақысын төлеуді тексеру аясында 5779350 жолаушы тексерілді. 21306 жолаушының қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуден жалтарғаны анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты полиция қызметкерлері хаттама толтырып, әкімшілік жауапкершілікке тартты, жалпы сомасы 157323504 теңге айыппұл салынды. Велосипед маусымы 15 сәуірден 31 қазанға дейін жалғасып, 2883 белсенді пайдаланушы 121 мыңнан астам сапар жасап, 351 мың шақырым жол жүрді.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button