Еуразияны біріктірген кітап жәрмеңкесі

Кеше Астанадағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Astana Eurasian Book Fair-2025» VIII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылуы өтті. Оған белгілі жазушылар мен ақындар, шетелдік дипломаттар, мәдениет қайраткерлері және баспа саласының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен отандастарымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, көрменің маңызына тоқталды.
– Астанамыз – жас әрі болашаққа бағдар ұстаған қала. Ал сол болашақтың берік іргетасы – білім мен кітап. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні болып бекітілуі – еліміздің рухани-мәдени өмірінде ерекше серпіліс туғызған үлкен шешім, – деді ол.
Есет Байкеннің айтуынша, бастаманың нақты нәтижесін осы көрмеден анық байқаймыз.
«Халықаралық жәрмеңке – еліміздің кітап оқуға бетбұрыс жасап келе жатқанының айқын дәлелі. «Фолиант» баспасының бастамасымен өтіп келе жатқан бұл көрме 8 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жылдары тек қалалық деңгейде басталған жоба бүгінде халықаралық деңгейге шықты. Биылғы көрмеге 15-тен астам елден авторлар мен кітапсүйер қауым жиналып отыр. Іс-шараға келген жастардың, қала тұрғындары мен қонақтардың көптігі кітапқа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Осыдан екі жыл бұрын Астанада небәрі 18 кітапхана болса, былтыр олардың саны 22-ге жетті. Биыл тағы 3 жаңа кітапхана ашылады деп күтілуде. Кітапхана қоры да артып келеді – биыл оны 1 миллион данаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі елдегі оқырман сұранысының артқанын көрсетеді» деді әкім орынбасары.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырған мәдени іс-шара Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің мәдениет, әдебиет және кітап баспасының түрлі саласындағы даму жетістіктерін көрсету мақсатында өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания, Португалия және Қытайдан 70 компания – баспа үйлері, кітап сату желілері, білім беру және баспа ұйымдары қатысты. 27 сәуірге дейін жалғасатын көрме аясында түрлі форматтағы мәдени іс-шаралар – балалар мен ересектерге арналған кітап тұсаукесері, жазушылармен кездесу, автограф-сессия, шеберлік сағаты мен дөңгелек үстел өтеді. Сонымен қатар дәстүрлі түрде «Жыл кітабы» байқауы да ұйымдастырылып отыр.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ