Әлеумет

Еуропа төріндегі қазақша форум

7-9 ақпан күндері Польша астанасы – Варшава қаласында Global Qazaq Business Networking форумы өтті. Дүние жүзіндегі қазақ іскер әйелдерінің нетворкинг орталығын құрып, Еуропаның төрінде кәсіпкер әйелдердің қазақша форумын өткізуге бастамашы болған – Роза Мизанбай.

 

Алқалы жиынның бас­ты мақсаты – шетелдердегі кәсіпкер қазақ қыздары мен әйелдерінің жаһандық бизнес нарығына шығуына жол ашу, жаңа белестерді бағындыруына қолдау көрсету. Өміршең бастама бизнес пен мәдениетті бір арнаға тоғыс­тырып, еліміздегі және шетелдердегі іскер әйелдердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.

Форумның салтанатты ашылуындағы құттықтау сө­зін­де Роза Мизанбай: «Бұл форум – қазақ іскер әйелдерінің жаһандық деңгейде бірігуі мен дамуына арналған үлкен мүмкіндік. Біздің мақсатымыз – бизнес­ті жаңа деңгейге шығару, халықаралық серіктестікті нығайту және әрбір қазақ кәсіпкер әйелдің әлемдік нарықта өз орнын табуына жол ашу. Әлемнің түкпір-түкпірінде өз кәсібін дамытып жүрген қазақ әйелдері үшін шекара жоқ. Олардың білімі мен тәжірибесі, кәсіпкерлік рухы енді ортақ платформада то­ғысады» деді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның үш негізгі мақсаты бар. Біріншіден, жаһандық деңгейдегі нетворкинг платформасын құру, яғни әлемнің әр қиырындағы іскер қазақ әйелдерінің басын біріктіру және халық­аралық серіктестікті нығайту. Екіншіден, кәсіп жолында табысқа жеткен жандардың бір-бірімен тәжірибе алмасуы, өз жетістіктерінің құпиясымен бөлісуі. Үшіншіден, форум аясында Париж бен Брюссельде іскерлік кездесулер өткізу арқылы ынтымақтастық, бірлік, қарым-­қатынасты ­дамыту.

Спикерлер қатарында Будапешттен келген профессор, ғалым, «Барыс» мажар-қазақ қоры президентінің орынбасары, Лакителек ұлттық университеті шығыстану бөлімінің оқытушысы Оңайша Мандоки-Мақсым, Германиядағы және Еуропадағы қазақ қауымдастығына беделі зор тұлға, Кельн қазақтары мәдени бірлестігінің президенті және Еуропа елдеріндегі қазақ қауымдастығының төрағасы Садие Сүрер-Құсшы, БАӘ-дегі AmiTas Group компаниясының негізін қалаушы және президенті, қаржыгер, экономист, PMP, CFI сертификатталған сарапшысы Гүлнұр Исабек, Қазақстандағы Ақмола облысында балабақшалар желісін құрған кәсіпкер, педиатр-­невропатолог дәрігер Маржан План, Қытайда «Гүлшаш косметология спа» сұлулық салондар желісін құрған табысты кәсіпкер, кәсіби косметолог Гүлшаш Әбубәкір, FLEX бағдарламасы бойын­ша білім алған, Lazarski университетінің, Coventry университетінің және Леон Козьминский академиясының түлегі, Қазақстанда Viva Tour Business туристік бизнесін ашқан кәсіпкер, Варшавада Amadeus компаниясында Senior Finance Analyst қызметін атқарушы Ақерке Демеубаева және тағы басқалар бар.

Форумға жиналған кәсіпкер ханымдар жаңа байланыс орнатып, табысты халықаралық әріптестіктің алғашқы қадамын жасады. Бұл үлкен істің бастамасы ғана. Форум шетел нарығына шыққысы келетін стартап иелеріне таптырмайтын мүмкіндік екені сөзсіз. Өйткені қазақ әйелдері өз кәсібін жаңа деңгейге көтеруге ұмтылады, ал бұл алаң сол ұмтылысқа серпін берері анық.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button