Еуропалық үлгідегі жатақхана ашылады
Астанада Esil University студенттеріне арналған еуропалық үлгідегі жаңа жатақхана құрылысына капсула салу салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Бұл іс-шара университеттің 25 жылдығын мерекелеу аясында болашақ құрылыс алаңында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы Мадияр Қожахметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Esil University басшылығы және студенттері қатысты.
«Бәріңізді осындай ізгі бастамамен құттықтаймын. Біз министрлік ретінде барлық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінде алда тұрамыз. Биыл 10 мыңға жуық орынға жатақханаларды бітіру жоспарланып отыр. Келесі жылы орын санын 15 мыңға жеткізу мақсаты тұр. Сондықтан қосымша қаражат бөлуге қатысты Мәжіліс тарапынан қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Негізгі мақсат – бұл мәселені 2-3 жылда шешу», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Аппарат басшысы Мадияр Қожахметов.
Іс-шарада 500 орынға арналған жатақхананың макеті таныстырылып, арнайы капсулаға болашақ студенттерге арнап үндеу парағын салу рәсімі өтті.
Esil University ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аяпберген Таубаев жиналғандар алдында сөз сөйлеп, студенттер үшін заманауи мүмкіндіктер жасау университеттің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол осы маңызды жобаны қолдаған барлық серіктестерге, соның ішінде «Matte Development & Construction» ЖШС инвесторларына алғысын білдірді.