Басты ақпарат

EXPO-2017 – ЕЛІМІЗДІҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев ЕХРО-2017 көрмесін Қазақстанда өткізу жөнінде кеңес өткізді. Үкімет басшысы мен министрлер, басқа да лауазымды тұлғалар шақырылған жиын­ға Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов те қатысып, сөз сөйледі.

Халықаралық ЭКСПО көрмесі дүние­жүзін индустрияландыру мен техникалық және технологиялық жетістіктерді жайып салар ашық алаң құру мақсатында осыдан 161 жыл бұрын ұйымдастырылған. Алғашқы шара 1851 жылы Лондондағы Гайд-паркте Альбердтің бастамасы бойынша өткен. Одан бері алпыстан астам көрме болып, ЭКСПО адамзат баласының алға қарыштап дамуына ықпал етті. Биылғы жылы көрме Оңтүстік Кореяның Иосу қаласында өтсе, 2015 жылы Италияның Милан қаласында өтпек. Ал, 2017 жылы көрме өткізу мүмкіндігін Астана жеңіп алды.

Осыған орай, кеңесте Елбасы өзінің сөзін көрмені өткізу құқығын жеңіп алуымызбен құттықтаудан бас­тады. «Бұл – әлемнің біздің еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы табыс­та­ры мен қол жеткізген биіктерін мойындағандығының белгісі. Сон­дық­тан ол – жалпы еліміздің жарқын табысы. Әрине, жетістік бізге оңай келген жоқ, оны жеңіп алу жолында көптеген адам жұмыс істеді. Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылды, Астана қаласы әкімдігі де көптеген кәсіпорын-мекемелермен, шетелдік арнайы органдармен қыруар жұмыс істеді, тек соның арқасында ғана жеңіске жете алдық. Нәтижелі табыс­қа қол жеткізген жұмыстары үшін осы іске қатысқан барлық ма­ман­дар мен қызметкерлерге өзім­нің алғысымды білдіремін. Бұл – жалғыз Астананың емес, жалпы Қазақстанның жеңісі», – деді Президент.

Әрі қарай ЭКСПО көрмесінің елімізге әкелер тиімділігіне тоқ­тал­ған Нұрсұлтан Назарбаев шара­ның туристерді тартудан бөлек эконо­микалық қуаттылықты арттыруға да орасанпайда әкелетінін түсіндірді. Біріншіден, осы көрмені өткізу барысында дүниежүзілік тәжірибелерден үйренеміз. Екінші­ден, елімізге инвестиция тартамыз. Үшіншіден, осы ЕХРО арқылы жаңа инновациялық технологияларды игеру мүмкіндігі туады.

Әрине, ЕХРО өткізу құқын жеңіп алу табыстың тек бірінші кезеңі ғана. Енді алда көрмені тіркеу кезеңі тұр. Келесі жылдың аяғына дейін біз тіркеу досьесін бекітіп, көрмені есепке қабылдайтын халықаралық көрме бюросынан ресми белгі мен жалауын алуымыз керек. Мұның өте жауапты кезең екенін ескерткен Елбасы қазірден бастап іске қызу кірісуді бұйырды.

Айта кету керек, осынау көрмеге қатысты жұмыстармен айналысу үшін арнайы Мемлекеттік комис­сия құрылған. Оның төрағасы болып Премьер-министр Серік Ахме­тов бекітілген. Мұның сыртында­ ­көр­мені өткізуге байланысты бар­лық­ мемлекеттік органдардың, жеке­ мен­шік­ құрылымдардың, демеушілер­дің, облыстардың, министрліктер мен ведомстволардың жұмыстарын үйлестіретін арнайы мемлекеттік корпорация құрылатын болды. Бұл комиссия мен корпорация «Көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұзақ мерзімдік ұлттық жоспарды» басшылыққа ала отырып жұмыс жасайды. Осыған орай, Президент тиісті орындарға Ұлттық жоспарды әзірлеп, оның жұмысын құқықтық нормалармен қамтамасыз етіп, қар­жылық қор қарастыруды тапсырды.

Ал, нақты бағытқа келер болсақ, алдағы міндет – Халықаралық көрме бюросымен келісе отырып, тіркелу досьесін барынша сапалы етіп дайындау. Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, ЕХРО болатын аумақта жасалатын нысандардың эскиздік жобасын жасау. Бұл тұрғыда, Лиссабон өз кезінде ЕХРО-ға арнап салынған нысандарын кейін ештеңеге жарата алмай, Халықаралық бюродан төменгі баға алғанын атап өткен Елбасы салынбақ нысандардың тиімді үлгісі таңдалуын міндеттеді. Яғни, салынар нысандардың көрмеден кейін қандай мақсатқа пайдаланылатынын алдын ала анықтауды тапсырды.

Парижде Халықаралық көрме бю­­­­­­­ро­­сын­да­ қа­зақ­стан­дық­ офи­сін,­ Ас­та­­­­нада осы бюроның ЕХРО өткізу жөнін­­дегі кеңесшісінің кеңсесін ашу, көрменің тақырыбы бойынша елі­мізде таза энергетикалық қуат алу бойынша инновациялық се­кі­ріс жасау, осы бағытта кешенді әре­кет­терді үйлестіретін 2013-2017 жылдарға арналған жоспар дайындау, тағы басқа маңызды мәселелерді атап өткен Елбасы әлем назарын тігіп отырған Астананы дамыту тұр­ғы­сын­да да бірқатар мәселелерді алға тарт­ты.

«Көрмені өткізуге ұсыныс жасал­ғанда инфрақұрылымдық нысандар­ды, теміржол вокзалын, әуежай және тұрғын үйлерді жақсартамыз деп айтқан едік, сол жұмыстарға осы күннен кірісу керек. Осы орайда 5 млн-ға жуық қонақтарды қабылдауға үйлестіріп, қаланың даму жоспарын қайта қарау қажет», – деді Президент.­

Болашақта көрме алаңы шағын қа­ла­шыққа айналуы тиіс. Париждегі – Эйфель мұнарасы, Канададағы – Хабитат 67, Брюссельдегі – Атомиум, Лондондағы – Хрусталь сарайы (алайда, ол 1936 жылы өртеніп кеткен) секілді, оның символы әлемдік архитектуралық жәдігер болып қалғаны абзал. Осы орайда, Президент ЭКСПО-2017 көрмесінің символын жасауға сәулетшілер мен суретшілер арасында конкурс жария­лау қажеттігін мегзеді.

2017 жылы көрмені тамашалау үшін үш ай ішінде 5 миллиондай адам келеді деп күтілуде. Шетелдік меймандарды күтіп алар қонақүйлер, жол, қаладағы қызмет сапасы – бәрі де өз деңгейінде болуға тиіс. Соның ішінде, қалтафон байланысын сынап өткен Президент тиісті орындарға қызмет сапасын мінсіз қылуды жүктеді. Ал, шетелдік қонақтарды күтіп алып, оларға қызмет көрсетіп, елді таныс­­­тыратын азаматтардың ел тарихын тереңдей біліп, идеологиялық тұрғыдан ұстамды болуы қажеттігін тілге тиек етті.

Көрмені өткізу барысында елорда әкімдігіне біраз салмақ түс­ке­лі отырғанын айтқан Нұрсұлтан ­Назарбаев Астананың өзі де көрменің тақырыбына сәйкес келетіндей күр­делі өзгеріске түсуі қажеттігін айтты. Осы бағытта әкімдікке жаңа ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button