«Ф.Оңғарсынова шығармашылығы: ұлт руханиятына қосқан үлесі» атты конференция өтті
Елордадағы Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясында халық жазушысы, қоғам қайраткері Ф.Оңғарсынованың 85 жылдық мерейтойына арналған «Ф.Оңғарсынова шығармашылығы: ұлт руханиятына қосқан үлесі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Конференцияға келген қонақтар алдымен Фариза Оңғарсынованың құрметіне жасалған барельефтің ашылуына қатысты.
Әрі қарай мектеп оқушылары «Фаризатану» кабинетінде ақынның өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашып, қарсы алды. Сонымен қатар, мерейтойға орай ақынның отбасы тарту еткен киіз үй таныстырылды.
Конференция алдында «Әйел атты ұлылық!» әдеби-музыкалық қойылым ұсынылды. Қойылымда ақынның балалық шағы, алғашқы махаббат пен адал жүректің айнымас серті, асқақ болмысы көрсетілді. Онда мектеп ұстаздары мен оқушылар өнер көрсетті.
Жиынға қатысқан Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Ал қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мектептерге ұлы тұлғалардың есімін беру маңызды екеніне тоқталып өтті.
«Қазір қалада 50-ден астам мектепке ұлы тұлғалардың есімін бердік. Мұндай шешім мектеп оқушыларына жақсы тәрбие береді деп ойлаймын. Мәселен бұл білім ошағында оқушылар Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқып жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырған мектеп ұжымына алғысымды білдіремін. Тек оқушылар ғана емес, ұстаздар да сахнаға шығып, өз шәкірттеріне үлгі көрсетіп жатыр», – деді басқарма басшысы.
Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен жиынға ақынның жақын туыстары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысып, Ф.Оңғарсынова туралы естеліктерін бөлісті.