Фараби феномені

Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби (870-950) – тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі жұртына тұтқа болар ғұлама ғалым, терең ойшыл, білімпаз тұлға. Бабамыздың 1150 жылдығы 2020 жылы мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Оған бәріміз де куәміз. Көп шаруалар атқарылды, бірақ жоспарда болған, алайда атқарылмай не үлгермей қалған ауқымды істер де баршылық. Ол да есте. Әлбетте, мерейтойлық жыл ішінде бәрін түгелімен орындап тастау (еңселі ескерткішін орнату, көптомдықты көп тиражбен шығару, көпсериалды кино түсіру, көрермен жалықпай көретін театр қойылымын жасау, т.б.) мүмкін де емес шығар, бірақ одан кейінгі жылдарда «үнсіз» қалуымызға не себеп?
Міне, 2025 жыл да басталып кетті. Биыл даңқты бабамыздың туғанына 1155 жыл толады. Кезекті дата ғой деп көңіл аудармаса да ешкім ешкімге тіл безеп, сынай алмас, бірақ Фарабиді елемеу елдігімізге сын емес пе? Онсыз да Әбу Насырды әлі күнге толық танып, өз тұғырына қондыра алмай келе жатқанымыз өтірік пе?
Арыдан сермеп, ойқастай шауып, сөз үстіне сөз қосақтап, түбі көрінбес терең әңгімені әзірше ауыздықтай тұрып, қысқа-қысқа әрі тұжырымды ойларымызды өздеріңізбен бөлісе кетуді жөн санадық.
***
Бұл қазақ расымен-ақ, кіммен және немен мақтануды әлі күнге білмей келе жатқаны ма? Егер дейміз-ау, тап осы Әбу Насыр әл-Фараби деңгейлес, тіпті жетеқабыл бір түйір ғұламасы бар болса, өзге халықтар әлемнің төбесін ойып жіберер ме еді, қайтер еді?! «Азияның Аристотелі» деген абыройлы атағының өзі неге тұрады? Ал біз жайбарақатпыз баяғы! Соңғы уақыттарда мен осы теңдессіз ой иесінің еңбектеріне көбірек ден қойып, молынан шұқшия бастағам. Телегей теңіз білім адамы десем, ол да аздық ете ме, қалай? Философия алыбы десем, тағы да олқы соғар ма? Ойды соқталап, көп шашырата бермейін. Бір ғана мысал. Әбу Насыр сонау тоғызыншы ғасырларда-ақ келер ұрпағына «Қайырымды қала» (Ізгі қала десек те болар) идеясын ұсыныпты. Және сол ойларын логика әуеніне салып, ғылыми тұжырымдармен дәлелдеп-шегелеген. Ізгі қалада кімдер тұруы керектігі, оларға қойылатын талап-тілектер жайынан терең қозғап сөз еткен. Жазып қалдырған ойлары мен түйіндемелері осы күнге дейін маңызын жоймай келе жатыр. Бұл енді ұзақ әңгіме. Тереңге бастайтын пәлсапа!
***
Ол өз жазбаларында қайта-қайта қайырымдылық пен өшпенділіктің аражігін толық ажырата білуге үгіттеді. Өшпенділік етек алған жерде береке де, бірлік те бола алмайды, қоғам ыдырайды. Ал қайырым – жинақтаушы күш! Сол себепті де Фараби «Қайырымды қаланың тұрғындары» жайлы трактат жазуға аса ықыласты болғаны айдан анық. Бұл еңбекте ең алдымен білімділік, қайырымдылық және әдемілік үйлесімін сақтауға шақырды. Осы үш қасиет адамды биік етіп, шырқау шыңға көтеріп көрсетпек. Осындай бірлік қана қайырымды қалаға негіз қаламақшы. Сол себепті де Әбу Насыр жазды: «Егер адамдар бақытқа жету жолында бір-біріне қол созып, көмектесетін болса, жер бетінде қайырымдылық сезімі қанат жаяды!» Бұл жолда ол кез келген адамның білімі мен білігіне табан тіреп, соны барынша көтермелеп-бағалауға үндеді.
Сосын да «барлық нәрсені адамның ақыл-ойы ғана шеше алатынын» баса айтудан жалықпаған. Қандай да бір іс болмасын, ол «адамның жаратылыс-болмысынан, тәлім-тәрбиесінен» бастау алып жататынын шегелей айтумен болды. Қысқасы, бабамыз қайырымды да ізгі қалада өмір сүруге қол жеткізу – барлық адамдардың мінез-құлқы мен ақыл-парасатына келіп тірелетінін жан-жақты түсіндіріп беруге күш жұмсаған ұлы ғұлама!
***
Көне қала Отырарда (Фараб) 870 жылы туып, 950 жылы Шамда (Дамаск) құм көрпе жамылған ғұлама бабамыз екі жүзге тарта трактат жазып, әлемнің жетпіске жуық тілін еркін меңгерсе де, өте қарапайым болып өмір кешіпті. Ешқашан «мен» деген сөзді айтпаған деседі. Өз кезінде замандастарының бірі атағы кеңге жайылған ғұлама-философтан сұрапты: «Дүниедегі ең ұлы адам Аристотель ме, болмаса сізді айтамыз ба?» дейді. Сонда Әбу Насыр былай деп жауап берген екен: «Егер мен Аристотель заманында дүниеге келсем, онда оның көп шәкірттерінің бірі болып қалар едім!». Байқайсыз ба, не деген қарапайымдылық?! Қандай ұстамдылық?! Ешқашан кеуде қағып, өзін алға оздыруға тырыспаушылық кісіні одан бетер абыройлы да беделді ете түсетін шығар! Міне, керек десеңіз, Әбу Насыр баба бізге осы жағымен де үлгі!
***
Ұлы бабамыздан мұра боп қалған, бізге дейін жеткен «Мемлекет қызметшісінің (басшысының) нақыл сөздері» деген трактаты да бар. Ол осы еңбегінде ғылым мен билікті бірлікте қарастыруға тырысады. Адамзат мойындаған дана философ Аристотельдің «Билікті сатып алғандар – одан пайда табуды әдетке айналдырады» деген тұжырым-ойын одан әрі дамыта түседі. Сол себепті де жоғарыдағы еңбекте қалаларды қалай басқару керектігін, оны кім басқарғаны дұрыс екенін жан-жақты талдап, өзгеше ой түйген. Әрі білімді, әрі ақылды, әрі таза ниетті адам ғана шаһар тұрғындары тұрмысын жақсартып, бақытқа жетуге ықпал етпек дейді. Қысқасы, философ ғалым ғылым жетістіктері мен билік әдістерін неғұрлым бір-біріне жақындата түссек, соғұрлым өмір де алға басады, тіршілік те гүлденіп-жайнай бермек деп түйін жасаған. Былай қарасақ, бабамыздың он ғасыр бұрын айтып-жазып кеткендері әлі де маңызды болып көрінеді. Ойланғанға терең ой сарайына жетелерлік қауқары бар екені тайға таңба басқандай…
***
Кейбір жазба деректерде айтылады: Бағдадта тұрып жатқан, жан-жақты толысқан Әбу Насыр бабамыз бір кезеңде (дәл уақытын айту қиын) Самарқанд билеушісінің өтініш-тілегі бойынша туған қаласы – Отырарға оралыпты; мұнда біршама уақыт тұрақтап, тарихи-пәлсапалық жазба жұмысымен шұғылданыпты; сол еңбегін аяқтағанша ешқайда кетпеген екен. Міне, сол жолғы тынымсыз тер төгудің арқасында «Ат-Талим ас-сани» (Екінші ілім) деген көлемді еңбегін толығымен аяқтаған деген дерек те бар. Мұнда Орта Азиядағы ғылым мен білімнің даму сатылары һәм философияның сатылап өркен жаюы жайынан ой қозғап, осы кезеңдерде ғұмыр кешкен көптеген оқымыстылар мен ғалымдардың еңбегін талдап, жеткен жетістіктері мен кемшіліктерін таразылап, ой елегінен өткізе отырып, парасат биігінде салмақтап баға берсе керек. Осы еңбегімен танысқан соң, қатар ғұмыр кешкен көптеген оқымысты-ғұламалар Фарабиді «Екінші ұстаз» деп атай бастапты. Тіпті медицинаның атасы болып есептелінетін Абу Али Ибн-Сина (Авицена) да Әбу Насырдың тағылымды еңбегін оқып болған соң, енді ғана ұлы философ Аристотельдің түпкі ой-пайымдарын толық түсінгенін мойындаған. Сөйтіп, өзінің «Книга исцеления» деген туындысын (тіпті оны Фараби еңбектерінің конспектісі деп те атаған) жарыққа шығарған деседі. Егер бұл еңбекті расымен конспекті ретінде қабылдайтын болсақ, онда бабамыздың жазбасы қандай деңгейде болғаны? Әттең, Әбу Насырдың сол ойлы жазба-еңбегінің атауы бар да, ал қолжазбасы әлі күнге табыла қойған жоқ, қолға түспей келеді. Бірақ көптеген әлемдік ғалымдардың ғылыми-философиялық талдау еңбектерінде жиі-жиі аталып, кей тұстарына сілтемелер жасалып жатады. Біз іздеп жатырмыз ба? Тапқымыз келе ме? Сол ой аракідік кеудеге кептеліп келіп қалады да, өзекті өртей бастайтыны бар!..
***
Қазіргі заманда адамдар ұғымында көбіне-көп кішкене қисықтау пікір қалыптасқан: әкесі атақты-белгілі кісі десек, баласы ерке болады, сондықтан шалағай, ой-өрісі тар ұрпақ деңгейінде өседі деп айтып та, жазып та жатады. Осы сөз, асылы, шындыққа сәйкес емес, даулы пікір. Бұған дәлел – ұлы ойшыл Әбу Насырдың тағдыры дей алармыз, бәлкім! Тарихи деректерге сүйенсек, Әбу Насырдың әкесі Махмет (Мұхаммед) Отырарда әскербасы (кей жазбаларда – сол маңдағы Бесік-қорғанда) болған делінеді. Ол заман – жаугершілік заман, екі күннің бірінде тұтқиылдан жау лап қойып, жеріңді де, еліңді де тып-типыл қылуы бек ықтимал. Демек, әскербасы міндеті бұл кезде өлшеусіз де ұшан-теңіз, оған халық тағдыры мен жер тағдыры сеніп тапсырылған десе де артық емес. Міне, осындай өте беделді әрі ықпалды отбасында бала Әбу Насыр дүние есігін ашқан. Олай болса, оның дүние-байлыққа мұқтаждық пен жоқшылық-таршылық көрмей өскені өзінен-өзі белгілі. Не ішем, не кием демеген. Әке абыройының көлеңкесінде ештеңеге бас қатырмастан, өте бақытты ғұмыр кешсе де болатын ба еді! Бірақ, зерек ұл ол жолды таңдамады, өзі жанымен қалаған өзгеше сүрлеуін іздеді. Қыпшақ даласынан шығандап шығып, әлемдік ақыл-ойдың қызу майдан-ошағына мидай араласты. Сөйтіп, жарқырай көрініп, ең биік шыңға көтерілді, ерекше талант қырларымен айналасындағыларды таң-тамаша етті. «Азияның Аристотелі» атанды. Әлемнің екінші ұстазы, ал Орта Азияның бірінші ұстазы деңгейіне көтерілді.
Артында өлместей мол рухани мұра қалдырып, тарихқа атын мәңгіге жазды. Әбу Насыр Мұхамед Фараби біз үшін сосын да аса қымбат, мейлінше құрметті!
***
Түркі халқының ең үлкен мәдени-ағарту орталығы ретінде сол замандарда-ақ танылған Фараб (Отырар) шаһары Әбу Насыр дүниеге келмей тұрып, бір ғасыр бұрын бейбіт жолмен Ислам дінін қабылдағаны айтылады тарихи жазбаларда. Сол шақта әрбір сауаты мол мұсылман ислам діні қағидаттарымен мейлінше молынан қарулануға тиіс болатын-ды. Әбу Насыр да сөйтті, әу бастан түркі-араб тілді ғалым болып танылды. Отырарда өте бай кітап қоры сақталған кітапхана (кей жазбаларда жер астында болған, оған ғылым-білімге қатысы бар кісінің аптасына бір-ақ рет кіруіне рұқсат етілген делінеді) болғанын тарихи құжаттар дәлелдейді, сол мол рухани мұрадан қажетінше сусындаған. Демек, Әбу Насыр жас күнінен-ақ кітапсүйгіш һәм білімқұмарлығымен танылған бозбала болғаны шүбәсіз. Содан соң Араб халифаты берік орын теуіп, жан-жақты өркендей түскен Бағдад қаласына сапар шеккен. Әбу Насырдың бұл елде жүрген кездегі ең үлкен орнықты ісі – араб, парсы және түркілер көзқарасы арасындағы қайшылықтар, алауыздық пен түсініспеушіліктерді, кейбір кертартпа әрекеттерді түбегейлі жоюға күш салуы. Оның мұндай ізгі ойына сол кездегі зиялы қауым өкілдерінің бәрі болмаса да, көбісі аса құрметпен қарады, қолдау көрсетті, ісінің ілгері басуына барынша мүдделілік байқатты. Кешегі кеңестік кезеңде бірқатар ғалымсымақтар Әбу Насыр бабамызды дінге қарсы болған, оны мансұқ ету бағытында еңбектер жазған деп, соған қисын мен дәлел іздеп, солай көрсетуге тырысып баққан. (Айта кетерлік бір дерек – бабамыздың негізгі жазба еңбектерін салмақтаған кісі 20-30 пайызы дін мен философия саласына арналғанын байқай алады). Бұл – үлкен жүректі ғалымның ұстанған бағытын бұрмалап, оған жасалған көпе-көрінеу қиянат демеске амал жоқ! Араб-парсы-түркі үштігінің бірлігі жолындағы жасаған қадамы мен еңбегі өз алдына талданып, жеке әңгімеге тақырып болуға сұранып тұрғандай. Ал одан соң дін мен философия (Платон мен Аристотель арасындағы пікір қайшылығын еске ала отырып) бірлігі, олардың аралық байланысы (адамзатты ізгі һәм иманды жолға бағыттау) жайына ауысқан кезінде Әбу Насыр тосын да тың ойларға соқпақ сала білген. Мәнін ашқан, мағынасын терең түсіндіруге күш салған. Бұл сала өзінше соны сүрлеу болып қала бермек!
***
Әбу Насыр баба өмірі мен тағдыры тілге тиек болса, бұл қазақтың расымен-ақ селқос, марғау, мимырт, аңғал екені қайталап көзге ұрады! Бағымызға орай, өткен ғасырдың 60-жылдарында осы мәселеге ғұлама ғалымымыз Ақжан Машани ерекше көңіл аударып, бел шеше кіріспесе, «жабулы қазан жабулы күйінде» қала бермекші екен-ау! Тарих былай дейді: 1962 жылдың басында, «Білім және еңбек» журналының бірінші нөмірінде ғалым Ақжан Машанидың Фараби туралы алғашқы мақаласы басылды. Мақаласы кіріспе ғана, негізгісі – Әбу Насырдың «Ғылым үйрену туралы» атты еңбегі тұңғыш рет қазақшаға аударылып, қалың қазаққа жол тартты. Ал Ақжан ағамыз алғысөзінде Фараби біздің бабамыз екенін, көне Отырар қаласы маңында дүние есігін ашқанын, содан ғылым соңына түсіп, алыс сапарға аттанғанын құжаттарға сүйене отырып, дәлелдеп көрсеткен. Арты талас-тартыс, аты белгісіз ғалымды жоққа шығаруға ұмтылыс, кері мақалалар – қысқасы, бұл қазақ өзінің атышулы бабасын құшақ жая қарсы алу орнына тосырқау мінезін танытты. Бөтенсініп кекжиген! Бергі жағындағы қилы-қилы қазаққа тән кертартпалық пен кесір оқиғаларды тізбектемей-ақ қоялық, айтайын дегеніміз мүлде басқа нәрсе! Сонда дейміз-ау, бұл қазақ өзінің шыққан тегіне, өзінің ұлы перзенттеріне неге тым суық, неге тым салқын? Он ғасыр бойы жәй біреу емес, «екінші Аристотель» атанған Әбу Насырдай ұлы перзенті болғанын білмей келу, білуге ұмтылмау – қалай айтсақ та сүйекке сын! Елдігімізге таңба! Бұл бір жағы! Енді екінші бір мәселе бар: Әбу Насыр Мұхамед деген өз ныспысы бола тұра, неге барлық жазбаларда әл-Фараби деп жазамыз? (Айталық, әл-Фараби атындағы ұлттық университет, ұлттық орталық, т.б.). Ал енді кей жазбаларда Фараби деп жазыппыз! (Мысалы, жазушы Дүкенбай Досжанның бір повесі – «Фараби» деп аталады!) Осының бәрі де біздің әлі күнге көп нәрсеге аса ыждаһаттылық танытып, мән бермейтінімізді, солай айта салуды мін санамайтынымызды қайталап әйгілесе керек! Осы орайда бізден бір ұсыныс: Әбу Насыр Мұхамед ибн Мұхамед Фараби деп сағызша соза бергенше, бұдан былай Фараби деп қысқаша жазсақ қалай болады? Фараби университеті, Фараби көшесі, Фараби орталығы, т.б. Жөні келеді-ау деп ойлап отырған жайымыз бар! Әлемде бар практика! Солай емес пе?
***
Биылғы жыл ішінде (жыл бойы делік) тағы да ұлы ойшыл, тек қазақты ғана емес, бүкіл түркі жұртының атын әлемге жайған, танытқан һәм мойындатқан ғұлама баба жайлы ең болмағанда кеңінен толғап жазып, кем-кетігімізді түгендеп, жөнсіз шаруаларымызды жөндеп, олқы тұстарымызды толтырып, трактаттарына шұқшия көңіл аударып, дәргейіміз жеткенше талдап-талқылап, солайша зерделі жас ұрпақтың бар зейінін «Фараби феноменіне» аударсақ қалай болады, көшелі қазағым?
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ, Астана