Қала тіршілігіМәдениет

ФАРФОР ТАҢҒАЖАЙЫБЫ

ERA_5934

Фарфор бұйымдары бір кездері байлықтың белгісі саналып, саудада айырбас заты ретінде қолданылған. Бірақ, ең бастысы, ол – үйге көрік берер құнды жиһаз. Қазіргі заманғы өнер мұражайында бұл өнердің қашан және қайдан бастау алғанын насихаттау мақсатында «Қытайдың фарфор және қолөнер кәсібінің басқа бұйымдары» атты көрме ашылды. Іс-шараны «Красивый дом» компаниясының қолдауымен «Астана коллекционерлері» қоғамдық бірлестігі және Қазіргі заманғы өнер мұражайы ұйымдастырып отыр. Көрмеге Ху уезінің шаруалар кескіндемесінен 50 фарфор, ілгіш салпыншақтар, пэй-чуй (нэцке), 30-дан аса эмаль және ағаш бұйымдары қойылды. Сонымен қатар, жеке жидашылар Виктор Семыкин, Рокас Бернотас, Камиль Муллашев, Гульфайрус Нүрекеновалардың коллецияларынан 200-ден аса жәдігер бар.

Қыш өнеркәсібі Қытайдың ең ежелгі қолөнерінің бірі екені белгілі. Жүздеген жылдар бойы осы қыш өнерінің қыр-сырын меңгерген Қытай шеберлері ғажайып фарфор бұйымдарын ойлап тапты. Ғалымдар бұл жаңалықты XVІІ ғасырда (Таң дәуірінде 618-907 жылдары) ашылды деп есептегенмен, Шығыстық Хань дәуірі кезінде-ақ (25-220 жылдары) фарфор бұйымдарын жасай бастаған. Дегенмен, Таң дәуірінде фарфор жасау технологиясы оның шыңына жетті деп есептеуге болады.

Әлемге фарфор қаласы деген атағы жайылған Цзянси өлкесінде орналасқан Цзиндэчжень қаласынан шыққан фарфордың даңқы алысқа жетті. Қазіргі заманға дейін Цзиндэчжень қаласында жасалатын фарфордың «цинхуа» дейтін түрі осы елдің өзінде де үлкен сұранысқа ие. Фарфорды қытай шеберлері кварц, балшық және тағы басқа қоспаларды араластырып, пеште күйдіру арқылы жасайды. Мөлдір емес эмаль бояулы бұйымды отқа қойғаннан кейін керемет қанық түске ие болатын көрінеді. Бұл әдіс ХV ғасырда ойлап табылған. Фарфорлық бұйымдарды безендірген соң, олар әртүрлі символикалық мәнге ие болған. Фарфордан тек белгілі бір мүсіндер ғана емес, түрлі сувенирлік бұйымдар да жасалған. Көрмедегі күлсалғыш, ыдыстар мен картиналар – соның айғағы.

Соңғы 600 жылда Цзиндэчженнен шыққан фарфор бұйымдары Азия, Африка, Еуропа және Америка елдерінің қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарған. «Мин кезінде ең үздік фарфор Цзиндэчженде жасалған» деп айтылады екен. Содан бері де көп нәрсе өзгере қоймаған. Өйткені, бүгінде 600 мың ғана тұрғыны бар қаланың әрбір ересек тұрғыны фарфор өнеркәсібінде еңбек етеді екен. Сондай-ақ, көптеген елдердің императорлары мен корольдерінің сарайларында нәзік талғаммен жасалған фарфор бұйымдарынан коллекция жинау мәртебе болып саналған. Мыңдаған жылдар бұрын осы қаланың фарфорлары Орталық және Батыс Азияны басып өтетін Жібек жолы бойымен және теңіз үстіндегі Фарфор жолымен әлемнің түкпір-түкпіріне тараған.

Осы арада Цзянси аймағы музейі мен Цзиндэчжень қыш және фарфор музейі осы қаладағы көркемсурет фарфорын зерттейтін және жинайтын ең алдыңғы қатарлы ұйымдар екенін де айта кетелік.

Кейін бұл өнер Ресейге жетіп, бірнеше зауыттар салынды. Кеңес үкіметі кезінде де арнаулы кәсіпорындар болған. Фарфордан жасалған бұйымдар әр үйге көрік беріп, сәніне сән қосты. Бірақ, бүгінде экологиялық таза материалдардан жасалған бұл бұйымдарға сұраныс азайып кеткен.

Қазіргі заманғы өнер мұражайындағы бұл қызықты көрме маусым айы бойы жұртшылық назарына ұсынылатын болады.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button