Фариза – поэзия падишасы
Астанадағы Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназияда көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Ф.Оңғарсынова шығармашылығы: ұлт руханиятына қосқан үлесі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ақынның барельефі ашылды
Фариза Оңғарсынованың шығармаларын өскелең ұрпаққа жеткізу, тәрбиелік мәнін түсіндіру, ұлттық құндылықтарды бала бойына дарытудағы педагогтардың тәжірибесін тарату, шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында ұйымдастырылған жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, ақынның туыстары, жалпы орта білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтар қатысты.
Іс-шара Фариза Оңғарсынованың құрметіне жасалған барельефтің ашылуымен басталып, құрметті қонақтар мектепті аралады. «Фаризатану» кабинетінде ақынның қолданған заттарын, марапаттарын, фотосуреттерін, кітаптарын, басылымдарға шыққан өлеңдерін тамашалап, оқушылар оқыған жырларды тыңдады. Фариза ақынның отбасы биылғы мерейтойына орай мектепке киіз үй тарту етті. Ұлттық бұйым таныстырылып, соның ішінде ақынның рухына құран бағышталды.
85 оқушы шырқаған әнұран
«Әйел атты ұлылық!» атты әдеби-сазды қойылымда мектеп ұстаздары мен оқушылары өнер көрсетті. Онда ақынның балалық шағынан бастап алғашқы махаббат пен адал жүректің айнымас серті, асқақ болмысы туралы әсерлі көріністер қойылды. Мерейтойға орай 85 оқушыдан жасақталған хор аталмыш мектептің «Фариза» әнұранын (сөзін жазған – Нұржан Өмірбай, ән авторы – Болат Қохаманов) шырқады.
Жалпыхалықтық тойдың жарқын үлгісі
Астана қаласының Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығы, Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназия ұйымдастырған жиынды ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев жүргізді. Алдымен сөз алған Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов министр Ғани Бейсембаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов Фариза Оңғарсынованың қайраткерлік қырлары туралы әңгімеледі. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мектептерге көрнекті тұлғалардың есімін беру маңызына тоқталды.
«Қазір елордадағы 50-ден астам мектепке көрнекті тұлғалардың есімі берілді. Мұндай шешім мектеп оқушыларына жақсы тәрбие береді деп ойлаймын. Мәселен, бұл білім ошағында оқушылар Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқып жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырған мектеп ұжымына алғысымды білдіремін. Тек оқушылар ғана емес, ұстаздар да сахнаға шығып, өз шәкірттеріне үлгі көрсетіп жатыр» деді басқарма басшысы.
Өмірді өлең деп таныды
Көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова ақынның болмысына, әдебиетке сіңірген еңбегіне тоқталды.
«Біз сыр алысып, көп сөйлескен жандар емеспіз. Бірақ оның ақындық тұлғасы мен өзіне тән өршіл мінезі, өзгеше тағдыры басқалармен салыстыруға келмейді. Тағдырын өлеңге өргізіп, тіршіліктің басқа қызығынан саналы түрде бас тартқан тұлға болатын. Фариза өлеңнің ләззатына да, азабына да мойын ұсынды, екі өмір таңдамады, өмірді өлең деп таныды» деген Роза Мұқанова Мұқағали мен Фаризаның жақындығын Александр Блок пен Марина Цветаеваның жақындығына теңеді.
Филология ғылымдарының кандидаты, фаризатанушы, «Фариза Оңғарсынова – публицист», «Фариза Оңғарсынова – көсемсөз патшайымы», «Алтын дауыс», «Ұшқыр қалам» атты төрт кітаптың авторы Гүлсім Еңсепова ақынның журналистік жолы және еңбегі жайында әңгімеледі. Соның ішінде 1966 жылы Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінен журналистік қызметін бастап, Шерхан Мұртазаның көзіне түсіп, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші болғанын, кейіннен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналдарын бас редакторы болғанын атап өтті.
«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы конференцияға бейнеқұттықтау жолдады. Онда Фариза Оңғарсынова кезінде қазір аталмыш серіктестікке қарасты басылымдарды басқарғанын еске салып, бұл басылымдар биыл мерейтойына орай арнайы нөмірлер шығарғанын айтты. Ақын журналист ретінде Шерхан Мұртазаның шекпенінен шыққанын, Астана қаласының қалыптасуына атсалысқанын атап өтті.
Мұнайлы өлкенің мұңын толғады
Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Ирак Елекеев Фариза Оңғарсынованың Парламент депутаты кезіндегі еңбегіне тоқталды. Сонда өзі сайланған мұнайлы өлкенің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің көтерілуіне атсалысқанын, мәселен, облыс бюджетінің 4 миллиардтан 28 миллиардқа, одан соң 45 миллиардқа өсуіне үлес қосқанын, ана мен бала құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықты тыю секілді Мәжілісте өткір, өзекті мәселелерді көтергенін атап өтті.
Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова осы іс-шараның үлкен мән-маңызы туралы айтып, Фариза Оңғарсынованың бөлек болмысына тоқталды. Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина аталмыш мектепке Фариза ақынның аты берілуімен үлкен тәрбие жұмысы басталғанын атап өтті.
Жырды құрметтейтін мектеп
Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназия директоры Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, осы мектепке Фариза Оңғарсынованың есімі 2022 жылы берілді. Содан бері оған арналған екі қалалық және екі республикалық ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Биыл ақынның мерейтойына орай мектепте арнайы барельеф жасалып, «Фаризатану» кабинеті жаңартылды. Бұл кабинет ақынның өміріне байланысты негізгі 5 бөлімнен тұрады.
Мектеп басшысы жалпы елімізде Фариза Оңғарсынова атында 4 мектеп барын айтып, өзі басқарып отырған білім ошағының ақынды насихаттау, шығармашылығы арқылы оқушыларды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Жыл сайын ақынның туған күніне орай «Фариза оқулары» республикалық байқауы мен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізуді Оқу-ағарту министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітуді ұсынды. Жиын соңында қарар қабылданып, аталмыш ұсыныстар құжатқа енгізілді.
Конференциямен қатар «Фариза – поэзия падишасы», басқа да тақырыптарда тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Секциялық отырыста «Ф.Оңғарсынова поэзиясы: нәзіктік пен қайсарлық», «Фариза поэзиясы: ұлттық мүдде және жаһандық бағытта зерттеу мәселелері», «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» тақырыптары талқыланып, ұлттық құндылықтар бағыты әңгіме өзегіне айналды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ