Әлеумет

Фастфуд тіл үйірер ас па?

– Ойбай, мынауың не пәле?
– Ой, ата, бұл – фастфуд. Жеп көрсеңіз, сізге ұнайды. Қазір барлығы осылай тамақтанады.
– Балам-ау, бұл қаладағыларға жөні түзу азық табылмады ма? Мынауың тамақ па?
– Тамақ, ата, тамақ. Сіз алдымен дәмін татыңыз…

фастфуд

Жуырда құрбымның Астанаға ауылдан қыдырып келген атасымен осындай әңгімесін естіп қалдым. Таза ауада жүріп, тек табиғи тағамдарды жеп үйренген қария тез да­йындалатын тамақты қабылдамады. Бұған керісінше, бүгінгі таңда қаладағы жұрттың әр демалысын фастфуд өнімдерінсіз елес­тету қиын.
Майға қуырылған, түрлі дәмдеуіштермен бүркемеленген бургер, сэндвич секілді жеңіл тағамдардың тығыз шаруалар көбейіп, тамақтануға мүлдем уақытыңыз болмаған сәттерде тиімділігін айтпай кетпеске болмас. Дегенмен, жеңіл тағаммен жиі ауқаттану денсаулыққа кері әсерін тигізетінінен хабардарсыз ба? Көптеген дәрігерлер жеңіл тағамға аса құштар болмауға кеңес береді. Фастфуд өнімдерінде жиі кездесетін дәмдеуіштер, түрлі қоспалар адамда сол тағамға деген тәуелділікті туғызады. Газдалған тәтті сусындар да солай.
Елорда тұрғындарынан және қонақтарынан фастфуд тағамдары жайлы көзқарасын, ой-пікірлерін білуді жөн көрдім. Бірнеше адамнан, олардың ішінде студенттер, егде жастағы қарттарымыз, орта жастағы ерлер мен әйелдер бар болды. Олардан фастфуд өнімдері жайлы сұрадым. Кейбіреулері сұрағыма жауап берместен, ат-тонын ала қашты. Жүргізген сауалнамамның нәтижесінде фастфудты тұтынатындардың көбісі қалаға келген қонақтар екенін аңғардым. Көпшілігі орта жастағы ерлер мен әйелдер болып шықты.
Ал, студенттер тарапынан фастфудқа деген үлкен ықыласты байқадым. Алматылық студент Индираның айтуынша, жеңіл тағаммен аптасына екі-үш рет азықтанады екен. Сауалнамамның қорытындысында «фастфуд – жастардың сүйікті асы» деген пікірге тағы көз жеткіздім. «Жеңіл тағам сататын орындарға жиі барып тұрасыз ба?» деген сұрағыма жастардың бірталайының «аптасына екі-үш рет, кейде күнде ат басын бұрамыз» деген жауабы таңырқатпады. Көбінің пікірі бір жерден шықты. «Фастфуд өнімдерімен жиі тамақтану денсаулыққа зиянды екенін білесіз бе?» деген сұрағыма ешбірі тұшымды жауап бермеді. «Білеміз» дегеннен басқа әріге бармай, бастарын құр изеп қана қойды.
Байқауымша, жастар бұл жөнінен бейхабар емес. Қайткенде де озық технология­лар дамыған, жаһанданған заманда өмір сүріп жатырмыз. Білмегеніңді ғаламтордан іздеп табуға болады. Дәрігерлер әлемдік деңгейде түрлі аурулардың, оның ішінде семіздікке шалдықтыратын проблеманы барынша ұғындыруға тырысуда. Құлақ түргісі келмейтін бұқараның алдында бүгінгі халіміз тұлыпқа мөңіреген ойсыл қарадай болып жүрмесе нетсін?! Бәлкім, сіздерде «Байбалам салудың не керегі бар?» деген сұрақ туындаған да болар. Әйтсе де, бүгінгі ұлт саулығы – болашағымыздың кепілі. Ең сорақысы – жастардың, балалардың фастфуд өнімдеріне деген қызығушылығы күннен-күнге артуда. Бүгінгі ахуалымызға қарап, семіздіктің ауылы алыс емес екен-ау деген ой еріксіз мазалайды. Дұрыс тамақтанбаудың соңы үлкен кеселге айналарын білсе де, көпшілік оны ескергісі келмейді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демей ме?! Олай болса, денсаулықтың кепілі дұрыс тамақтану екендігін ұмытпағайсыз демекпін.

Аяулым ҚАНАПИЯНОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 2-курс студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button