Флористика мамандар әлемдік компаниядан тәжірибе алады

Елордалық флористика мамандығы бойынша оқитын студенттер әлемге әйгілі «Flower Circus» компаниясының мамандарымен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астана қаласында жұмысшы мамандықтар жылы аясында флористика саласына қызығушылық танытқан жастар үшін ерекше мүмкіндік ұсынылды. Сервис және туризм колледждерінің студенттері әлемге әйгілі голландиялық «Flower Circus» компаниясының жетекші мамандарымен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл ауқымды флористика шеберлік сабақтары Flora Expo Astana 2025 халықаралық көрмесі аясында өтті. Голландиялық «Flower Circus» компаниясының танымал амбассадорлары Жохн Елсгест пен Морган Доугалс студенттерге гүлдер әлемінің жаңалықтарын, сұранысқа ие түрлерін және олардың нарықтағы орнын таныстырды. Сонымен қатар, олар әсем гүл композицияларын жасау, оларды тиімді сату жолдары бойынша құнды кеңестер мен шеберлік сағаттарын өткізді.
Іс-шара барысында студенттер заманауи флористикадағы әлемдік трендтермен танысып, авторлық гүл композицияларын жасау тәжірибесін меңгерді. Практикалық сабақтар арқылы жастар кәсіби дағдыларын шыңдап жұмыс істеудің жолдарын үйренді. Бұл тәжірибе олардың шығармашылық әлеуетін арттырып, болашақ кәсіби өмірлеріне сенімді қадам жасауына жол ашты.
Айта кетерлігі, осы іс-шараға қатысқан колледж түлегі Ержан Балтабай флористика құзыреттілігі бойынша EuroSkills Herning 2025 халықаралық чемпионатының республикалық іріктеу кезеңінде жеңіске жетіп, Голландияда тағылымдамадан өтуге жолдама алды. Бұл Ержан үшін үлкен кәсіби серпіліс болмақ.
Жалпы, аталмыш бастама студенттердің кәсіби даму жолындағы маңызды кезеңге айналып, олардың заманауи флористика саласына терең бойлап, шығармашылық шабыттарын арттыруға септігін тигізді.