Флюорография ауруды ерте анықтайды
Өкпенің қатерлі ісігі – әлемдегі ең көп таралған және қауіпті аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша өкпе қатерлі ісігі барлық қатерлі ісік аурулары арасында өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр.
Өкпе қатерлі ісігінің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Ерте анықтау және медициналық бақылау сияқты әдістердің барлығы өкпе қатерлі ісігінің даму қаупін айтарлықтай төмендете алады. Мысалы, жыл сайын флюорографиядан өту – ауруды ерте сатысында анықтауға көмектесетін тиімді әдіс.
Өкпе қатерлі ісігінің алдын алудың негізгі әдістері:
- Темекі шегуден бас тарту. Бұл – өкпе қатерлі ісігінің негізгі және айқын қауіп факторы. Темекі шегушілердің қасында болған адамдар да, пассивті темекі шегушілер де түтінді жұту арқылы аурудың даму ықтималдығын арттырады.
- Ауаның ластануы. Шаң-тозаң, газ және химиялық ластаушы заттар өкпеде токсиндердің жиналуына әкеледі, салдарынан қатерлі ісікке себеп болуы мүмкін.
- Дұрыс тамақтану және тұрақты жаттығулар. Салауатты тамақтану мен дене белсенділігі өкпені сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар алкогольден бас тарту да маңызды.
Өкпе қатерлі ісігінің алдын алу және диагностикасы кешенді тәсілді қажет етеді. Заманауи әдістер, мысалы, КТ, ПЭТ, бронхоскопия, биопсия, өкпе қатерлі ісігінің скринингі, дәрігерлерге ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, бұл сәтті емдеудің мүмкіндігін арттырады. Егер сіз есепте тұрсаңыз немесе аурудың пайда болу қаупі жоғары болса, тұрғылықты жеріңіздегі емханада жүйелі түрде тексеруден өту өте маңызды.
Элвира ҚАЖЕНОВА,
№1 қалалық емхананың
онколог дәрігері