Әлеумет

ФОРУМНАН НЕ КҮТЕСІЗ?

1.Кезекті форумнан не күтесіз?

2.Сіз басқарып отырған ұйым қандай істерге ұйытқы болып жүр?

 

Қамқа ЖАСАНОВА,
«Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

1.Есту қабілеті нашар жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Құлағы естімейді дегені болмаса, олар да аяқ-қолы сау, ақыл-есі түзу жандар. Ең болмағанда, еден жуу, тамақ пісіру қолдарынан келеді. Өкінішке қарай, көп мекемелер оларды қызметке алудан бас тартады. Форумда осындай жандарды жұмысқа орналастыру үшін министрліктермен арнайы келісімшарт жасау қажеттігін көтермекпіз.

2.Бүгінде біздің мекемеге Астанадағы мүгедек бала тәрбиелеп отырған 500-ден астам отбасы тіркелген. Мүгедек балалардың ата-аналарына арналған психологиялық тренингтер өткізіп тұрамыз. Екі жылдай бұрын бірлестіктің жанынан «Балам-ай» мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығы ашылды. Мұнда құлағының мүкісі бар балалармен жұмыс жасайтын сурдолог мамандар, 18-ден асқан балаларды кәсіпке бейімдейтін үйірмелер жұмыс істейді. Бүлдіршіндерге арналған емдеу, массаж жасау бөлмелері де бар. Жаз мезгілінде демеушілердің көмегімен балаларды демалыс орындарына тегін апарып келеміз. Сондай-ақ, Үкіметпен, демеушілермен бірлесіп, мүгедектердің қолайлы өмір сүруіне бағытталған бағдарламалардың жобасын жасаймыз. Бүгінге дейін демеушілерден түскен қаржының есебінен 70-тен аса мүгедек балаға операция жасалды. 1998 жылдан бері мүгедектердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқан ұжымымыздың атқарған қызметін бір-екі ауыз сөйлемге сыйдыру мүмкін емес шығар.

 

Сәрсенбай МЫҢБАЕВ,
Астана қаласы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы:

1.Кезекті форум аталған ұйымдардың қызметін бұрынғыдан да нығайтып, алдағы атқарар міндетін айқындап береді деп ойлаймын. Форумда Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы еңбек адамдарына қатысты айтылған мәселесі де күн тәртібіне шығарылады деп ойлаймын.

2.Кәсіподақ ұйымы – өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін және олардың әлеуметтік-экономикалық құқылары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйым. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы кез келген еңбек дауын шешуде елеулі рөл атқарады. Астана қаласы кәсіподақтар кеңесінің құрамына бес қалалық кәсіподақ комитет кіреді. Оларға қарасты 270 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Мен еліміздегі кәсіподақ ұйымы бар мекемелерде еңбек дауы орын алмайды деп сенімді түрде айта аламын. Мәселен, Астанада құрылыс, автокөлік, шағын бизнес салаларында жұмысшылардың жұмыс берушіге қарсы наразылықтары жиі орын алып жатады. Мұның басты себебі аталған мекемелерде кәсіподақ ұйымдарының болмауынан. Егер ұжымда кәсіподақ жұмыс істейтін болса, мекемедегі еңбек дауы сыртқа шығарылмай, өз ішінде оң шешімін табар еді.

 

Алтынай КӨБЕЕВА,
ҮЕҰ-ны қолдау орталығының төрайымы:

1.Үкіметтік емес ұйымдардың форумына 200-ден астам мекеме қатысады. Биылғы форумның ерекшелігі, бірнеше мәселе төңірегінде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылып, дөңгелек үстелдер өткізілмекші. Күн тәртібіне шығарылатын экономикалық даму саласындағы әлеуметтік жауапкершілік, тұтынушылар құқын қорғау, тұрғын-үй қатынастарын дамыту мәселелерінің бәрі шешімін табады деп ойлаймын.

2.Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау орталығының негізгі қызметін атауының өзі айтып тұр. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру, семинар-тренингтер өткізу, дөңгелек үстелдер мен  конференциялар ұйымдастыру, әлеуметтік зерттеулер, жобалардың мониторингін жасау, әдістемелік әдебиеттер шығару және Астана қаласының ҮЕҰ-ның негізгі мәліметтерін жасау мен жаңарту біздің еншіміздегі шаруа болып табылады.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button