Ел тынысы

Форумға 600 мейман келеді

Биыл 29-30 мамырда елордада әлемдік көшбасшыларды, сарапшыларды, инвесторлар мен бизнес өкілдерін біріктіретін аймақтағы ең ірі іскерлік іс-шара – Астана халықаралық форумы (AIF2025) өтеді. Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, форум бағдарламасы бүгіннің негізгі сын-қатерлерін қамтыған пленарлық сессия мен 25 пікірталас алаңынан тұрады.

Әлемнің түкпір-түкпірінен 600-ге жуық шетелдік қонақ қатыспақ. Олардың арасында жетекші саясаткерлер, халықаралық ұйым, корпорация басшылары, инвесторлар мен ғылыми топ өкілдері бар. Бүгінге дейін AIF- 2025 форумына қатысуды растағандардың арасында: БҰҰ 8-Бас хатшысы, Green Global Growth Institute төрағасы, «Boao Forum for Asia» директорлар кеңесінің төрағасы Пан Ги Мун, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе, ЭЫДҰ бас хатшысы Матиас Корманн, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры (FAO) Цюй Дунъюй, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры (IОМ) Эми Поуп, Зияткерлік меншік жөніндегі дүниежүзілік ұйымның бас директоры Дарен Танг, Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша дүниежүзілік банктің вице-президенті Антонелла Бассани, БҰҰ бас хатшысының орынбасары және Даму бағдарламасы әкімшісінің орынбасары Хаолян Сюй, Катардың Премьер-министрі-Сыртқы істер министрі Мухаммед бин Абдулрахман Аль-Тани, Руанда Республикасының Президенті Поль Кагаме, Албания Премьер-министрі Эди Рама, Хорватия Республикасының Премьер-министрі Андрей Пленковичтар бар.

Пікірталас тақырыптарына келсек, биыл AIF жаһандық күн тәртібіндегі негізгі үш бағытқа назар аударады: Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік; энергетика және климаттың өзгеруі; экономика және қаржы.

«Астана халықаралық форумы 2025 инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік дәуірінде өткізіліп, Қазақстанның әлемге ашықтығын көрсетеді. Біздің еліміз ірі әлемдік корпорациялар мен қаржы институттарының назарын аудара отырып, Орталық Азиядағы өз позициясын нығайта түсуде. Ауқымды реформалар, заңнаманы жаңғырту мен инвестициялық ахуалды жақсарту елдің дамуына және оның экономикалық мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді. Форумның міндеті – ашық диалог пен шетелдік капитал тартудың, стратегиялық келісімдер жасасу мен экономикалық дамуға арналған бастамаларды ілгерілету үшін маңызды платформа болу» делінген хабарламада. Сондай-ақ AIF2025 аясында Қазақстанның негізгі әріптестерімен экономикалық байланыстарды нығайтуға арналған бірқатар бизнес-форум жоспарланып отыр: Қазақстан – Франция бизнес-форумы (2025 жылғы 28 мамыр); Қазақстан – Италия бизнес-форумы (2025 жылғы 28 мамыр).

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button