Қала мен СалаСұхбат

Фотошебер: шыны мен сыры

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Астана және астаналықтар» айдарын елордаға да, елімізге де танымал фототілшілерге арнаған едік. Енді кезек «ақшамдық» Сұлтан Сейіт пен «егемендік» Ерлан Омаровқа келіп жетті.

1. Фотоөнер саласына қалай келдіңіз?
2. Сәтті шыққан кадр деп қандай суретті айта аласыз?
3. Экстремалды жағдайда түсірілген фото немесе қиындық туғызған түсірілімдер болды ма?
4. Адамдар сын айтып жатса, қалай қабылдайсыз? Өз жұмыстарыңызға көңіліңіз тола ма?
5. Қаламыздың қай бөлігін фотоға түсірген ұнайды?
6. Сіздерге қандай кадрларды түсіруге тыйым салынады? Болмаса өзіңіз қандай суретті түсіруден бас тартар едіңіз?
7. Қандай фотоны түсіруді армандайсыз?
8. Астаналық болған соң, елордамыздың қалай көркейіп, құлпырғаны көз алдыңызда болар. Сол өзгерістер жайлы фотографтың көзқарасымен баяндап беріңізші.

Сұлтан Сейіт, 2007 жылдан бері «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі:

1. Фототілші қылып мені орта қалыптастырды. 98-99 жылдары студент кезімде «Жас Алаш» газетінде күзетші болып жұмыс істедім. Газетте Асылхан Әбдірайымовтың фотоаппаратына қызығып жүріп, фотоөнерге бет бұра бастадым. Негізі, мамандығым – заңгер. 2000 жылдары «Ақ жол» газетінде жұмыс істедім. Арасында поштада да, баспаханада да қызмет етіп, әрдайым газеттің айналасында жүрдім. Сол жылдары Қазақ фототілшілерінің одағы құрылды. Одақта ең беделді әрі жасы үлкені Сайлау Пернебай болса, ең жасы мен едім. Әуесқой және кәсіби фототілшілермен араласып-құраласып жүріп, сол әлемге қалай еніп кеткенімді байқамай қалдым.
2. Фотограф ретінде көзге түсуіме Астананың бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов себепкер болды. Тә­уелсіздік сарайын енді салып жатқан кез. Әкім ең алғашқы ресми сапарын сол нысаннан бастады. Асылхан аға әрда­йым «Бәрі түсіріп болғанда, сен аңдып тұр. Президент не басқа лауазымды адам кетіп бара жатқанда күлімсіреп, қол бұлғауы мүмкін» дейтін. Бір қарасам, Тасмағамбетов бәтеңкесінің бауын байлап тұр. Кадрды қаз-қалпында түсіріп алдым. Мақалаға да «Бәтеңкенің бауын байлауға да уақыт жоқ» деген ұтымды тақырып қойды.
Кейін ақын Фариза Оңғарсынованың 70 жылдығында күліп отырған бір кадрды түсіріп алғанмын. Суретті көрген Фариза апай «Көптен бері күліп түспеген екенмін» деп, фотоны іздеп редакцияға келді.
3. Барлық қырынан алып қарағанда үйлесімді кадрды сәтті шыққан туынды деп айтуға болады. Біз аңшы сияқты ұтымды кадрды іздеп жүріп түсіреміз.
4. Егер ол сәтті шыққан кадрға сын айтылса, әрине, ренжисің. Түсіріп болғаннан кейін фотоларыңды іріктеп қарағанда: «Осы кадр газеттің бірінші бетіне кетеді-ау» деп тұрғанда, шынымен де, сол суретті таңдап алады. Бірақ кейде нашар түсірген фотоларыңды ішің сезіп тұрады.
5. Қаламыздың ең биік ғимараты – «Изум­рудный кварталдан» түсірілген кез келген кадр сәтті шығуы ықтимал. Ал «Пирамиданың» артындағы саябақта қысы-жазы тамаша көрініс.
6. Көбінесе жәрмеңкеде азық-түлік алып жүрген қарапа­йым халық «фотоға түсірмеңіз» дейді. Жедел жәрдеммен рейдке шыққанда, бірде-бір науқас адамды түсіре алмай кеткен кез болды. Кейде саябақта бірге қыдырып жүрген қыз бен жігітті көріп қаласың. Әдемі кадр. Бірақ түсіруге, оны газетке жариялауға қорқасың. Себебі әйел мен ер адам отбасылы болуы мүмкін. Өзгелердің жеке өміріне араласқым келмейді.
7. Шахтадағы өмірді түсіруді армандаймын. Бір жағынан, ондай мүмкіндік болған жоқ. Оның үстіне, дәл шахтаның астында жарқылдақты қолдануға рұқсат етілмейді. Көмірді қазғанда жарқылдақ әсер етіп, тұтанып, өрт шығуы мүмкін. Күйе-күйе болып, жер астында жұмыс істеп жүрген кеншілердің халін суреттеп тұрған кадрдың авторы болғым келеді.
8. Мен елордаға алғаш келгенде, құрылыс енді жандана түскен еді. Биік-биік ғимараттар тек «Бәйтеректің» айналасында ғана болатын. Ну қамыс өсіп тұрған кездер еді. Өз көзіңмен бой көтерген ғимараттарды көргенде, оларды өзің салғандай боласың. Меніңше, қазір қаланы фотографтарға түсіру оңай.

Ерлан Омаров,
2012 жылдан бері
«Егемен Қазақстан»
газетінің фототілшісі:

1. Фотоөнерге келуіме өзімнің туған ағам Әнуар Омар ықпал етті. Өзі де кезінде журналист болған ағам ең алғаш «Сanon» фотоаппаратын сыйлады. Сол шағын фотоаппаратпен алғашқы фотоларымды түсіре бастадым. 2000-2004 жылдары Ө.Бай­қоңыров атындағы Жезқазған университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алдым. Студент кезімде «Алтын аймақ» газетінде фототілші болып еңбек ете бастадым. Одан кейін бірнеше жыл «Астана ақшамы» газетінде жұмыс істедім. 2012 жылдан бері «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етемін.
2. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың жеке фотографы болып істеген Питер Суза деген атақты фотографтан журналис­тер «Ең керемет суретіңіз қайсы?» деп сұраған екен. Сонда ол «Ең керемет суретті ертең түсіремін» деп жауап беріпті. Меніңше, әр фотографта ең жақсы суретті ертең түсіремін деген ой болуы керек.
3. Бірер жыл бұрын Астанадағы «Қазанат» атшабарында «Теңге ілу» ойыны кезінде шауып келе жатқан шабандоздарды қырынан емес, тура алдынан түсіргім келді. Сақшылар аттардың жолына шығу қауіпті екенін айтып, жібермеуге тырысса да, кимелеп өзіме ыңғайлы жерге жеттім. Жерге жата қалып, бірнеше кадр жасадым. Аттың төрт тұяғы бірдей жерден көтерілген сәтті ұстап үлгердім де, бірден жолынан кетіп қалдым. Кейін фото тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығында «Жылдың үздік фотосуреті» аталымы бо­йынша топ жарды.
4. Өзіме айтылған сыни пікірлерді дұрыс қабылдауға тырысамын. Шығармашылығыма толық көңілім толады дей алмаймын. Кейде көңіліңнен шыға қоймаған фотоға жұртшылық таңғалып жатқанын көресің. Адамдардың қалай қабылдағаны әлеу­меттік желідегі пікірлерден көрініп тұрады.
5. Әрине, сол жағалау. Қаланың жаңа бөлігінде жаңадан бой көтерген әдемі архитектуралық нысандар, абаттанған көшелер фотоға түсіруге сұранып тұрады.
6. Қауіпсіздік мақсатта тыйым салынған тұстар көп қой. Бірақ журналистер қауымы сияқты фотожурналистер де көпшілік біле бермейтін жерлерді тыйым салынғанына қарамастан түсіргісі келеді. Өз басым дастарқан басында отыр­ған адамдарды түсіргенді онша ұнатпаймын.
7. Маған пейзаж ұнайды. Табиғат көріністері, аң-құстардың тіршілігі қызық. Қорғалжынның қызғылт қоқиқаздарын түсіргім келіп жүр. Қоқиқаз өте сақ құс екен, оны түсіру оңай болмайды.
8. Ең алғаш елордамызды 2008 жылы қаланың 10 жылдық мерекесі кезінде түсірдім. Содан бері бой көтерген әсем ғимараттарды, қаланың барлық тыныс-тіршілігін назардан тыс қалдырмауға тырысып келемін. Елорданың әсемдігін көрсету үшін барынша биік нүктеден түсірген жақсы, сол үшін биік ғимараттар салынса қуанамын. Жалпы, жақсы фотограф Астананың кез келген жерінен әдемі кадр түсіре алады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button