Sport

ФУТБОЛШЫЛАРЫМЫЗ ВЕНГРИЯҒА БАРАДЫ

ФФК

ҚФФ ресми сайтының мәлімдеуінше, ұлттық құрамамыз Венгрия құрамасымен жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап қойған. Қос ұйым басшылығының өзара келісімдері арқасында өтетін матч Венгрияда 7 маусым күні болады деп күтілуде.

   Бірақ, нақты қай қала, қай стадион екені әзірге анық емес. Бұған дейін қос ел бір-бірімен ешқашан кездескен емес.

   Венгрия құрамасы ФИФА рейтингісінің 44 сатысында орналасқан. Олар Бразилияда өтетін әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде өздері ойнаған «D» тобында үшінші орын алған болатын. Венгрияның алдын Голландия мен Румыния орап кеткен-ді. Мажар елі сол турнирде бес жеңіс, екі тең ойын және үш ұтылыспен Түркия, Эстония, Андорра құрамаларын артқа тастаған болатын.

   Бұл күні Венгрия құрамасының бірнеше футболшылары Еуропа алаңдарында тер төгіп жүр. Атап айтар болсақ, германиялық «Мюньхен-1860» клубының қақпашысы Габор Кирай, «динамолық» (Мәскеу) Балаш Джуджак, англиялық «Мидлсборода» ойнайтын Йожеф Варга және немістің «Шальке-04» клубындағы Адам Салаи бар.

Юрий Красножан келгелі Қазақстан ұлттық құрамасы алғашқы жолдастық кездесуді Литваға қарсы өткізетіні белгілі. Ол ойын ертең бейтарап алаңда, яғни, Түркия жерінде өтеді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button