Ел тынысы

Футболдан ел біріншілігі: «Астана» мен «Ордабасы» ұпай жоғалтты

Елордалық «Астана» футболдан Қазақстан Премьер-лигасының үшінші турында Семейдің «Елімай» клубына есе жіберді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Биыл футбол сарапшылары бас жүлдеден үміткер ретінде елордалық клубты атайды. Өткен жылы алтын медаль қолдан сусып кеткеннен кейін елордалық команда құрамына көптеген тәжірибелі ойыншыларды тартты. Алғашқы екі турда ұпайдан шашау шығармаған «Астана» бұл жолы жасыл алаңға төрінде жарқылдап ойын көрсете алған жоқ. Бірінші лигадан биыл ғана үздіктер қатарына қосылған «Елімай» оларға лайықты қарсылық көрсетті.

Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды семейлік клубтан Роман Мұртазаев 87-минутта өзінің еншісіне жазды.

Осылайша «Елімай» азулы қарсыласынан айласын асырып, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. Бұған дейін соңғы орындардың бірін місе тұтқан олар сегізінші орынға көтерілді.

Тағы бір кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Алматының «Қайрат» командасына 1:2 есебімен есе жіберді.

Былтыр өз тарихында алғаш рет чемпиондық атаққа қол жеткізген шымкенттік клуб биыл сол жеңісті жолын жалғастырамыз деген үмітте. Қатарынан екі мәрте жеңіске жетіп, турнир кестесінде көш басында тұрған команда бүгін де үш ұпай олжалауға күш салатыны анық еді.

Десе де «Қайрат» оған мүмкіндік берген жоқ.

Ойынның 43-минутында олардың қатарынан Әділет Сәдібеков қақпаны дәл көздесе, одан кейін Жоао Пауло 68-минутта мергендік танытты.

Ал 84-минутта «Ордабасы» сапынан Джасурбек Яхшибоев есеп айырмасын қысқартты.
Еске салсақ, бұдан бұрын өз алаңында «Атырау» «Жетісуға» 0:1,«Шахтёр» «Тұранға» 0:2 есебімен жеңілсе, «Ақтөбе» «Жеңісті» 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал «Қызылжар» мен «Тобыл» 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Енді алдағы төртінші тур ойындары 6 және 7 сәуір күндері өткізіледі. Бұл турда «Кызылжар» мен «Жеңіс», «Елімай» мен «Қайсар», «Қайрат» пен «Жетісу», 7 сәуірде «Ақтөбе» мен «Атырау», «Шахтёр» мен «Астана», «Тұран» мен «Ордабасы» кездеседі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button