Сұхбат

Гамарджоба, Грузия

Паата Каландадзе,
Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi:
ӘЙГIЛI СЛАВА МЕТРЕВЕЛЛИ МЕНIҢ ӨКIЛ ӘКЕМ БОЛАТЫН

Астананың айтулы ауданындағы пәтерiнiң есiгiн елшiнiң өзi ашты. Емен-жарқын жан екен. Таулықтарға тән меймандостық мезiретiн танытып жатыр. «Алдымен шайланып алайық. Әңгiмелесу ешқайда қашпас».
Төрдiң төбесiне жайғаса бере «қуыс үйге құр кiрменiң» жөнiмен қолымызға ұстай келген қонақкәдемiздi ұсына қойдық. Туған қаласының талай ғасырлық тарихынан хабар беретiн әйнектелген әдемi сурет оған ұнайтынын осында беттегенде-ақ қу iшiмiз сезген. Қызмет бабымен қиырда жүрген азаматтың үстелiнде оттан ыстық отанын үнемi еске түсiретiн көзайым көрiнiс менмұндалап тұрса көңiл хошы кiрмей қайтсiн.
Артық анықтаманы қажет етпейтiнiн бiлсек те, әкелген әлгi сыйлығымыздың сыр-сипатын өзiмiзше баяндай жөнелдiк.
– Мiне, мынау – арғы замандардың аманатындай Метеха храмы. Арт жағында Тамара патшаның салтанатты сарайы бой көтерген көрiнедi баяғыда. Жанындағы биiк жартастың басында Тбилисидiң алғашқы қазы-ғын қаққан Вахтанг Горгасалидiң ат үстiндегi айбынды ескерткiшi асқақ-тайды. Етекте ескi шаһарды екiге бөлiп Мтквари ағады арнасынан асып-тасып. Асау өзеннiң арғы бетiнде орыстың ұлы ақыны Пушкиндi таң-дандырған атақты арасан моншалары орналасқан. Анау алыстан қарауыт-қан қасиеттi Мтацминда тауы. Ұлттың ұлы тұлғалары соның баурайында жерленедi. Ал, сiздiң халқыңыздың мақтанышына айналған Нарикала туралы айтар сөз тiптi көп. Бұл қамалдың қабырғасын бiздiң қыпшақтар қалаған. Тарихта солай таңбаланған…
– Бәрекелдi! Бiздiң елдiң арғы-бергiсiн бiршама бiлетiндiгiңiз бiрден байқалады. Ыстық ықыласыңыз үшiн үлкен рахмет!
– Қалың құмның арасындағы қазақ ауылында өскен алдыңыздағы пақы-рыңыздың Грузияға құмартуы кешегi кеңестiк кезеңнiң жанкүйерлерiн жаппай теледидарға телмiрткен Котэ Махарадзенiң футбол репортажда-рынан басталған едi.
– Ал, мен осынау ғажайып адаммен ағайын, туыстай араластым. Ол керемет комментатор ғана емес, тамаша актер болатын. Грузияның Халық әртiсi. Ұзақ жылдар бойы Руставели және Марджанишвили атындағы театрлардың сахнасында салмақты образдар сомдады. Көптеген кино-фильмдерде ойнады.
Эфирдегi эрудициясын ендi айтып жеткiзе алмайсың. Тоқсан минут тоқтау-сыз толғағанда тiлi бiр мүдiрмейтiн. Бiлмейтiн бәлесi жоқ. Құлақ құрышы қанған тыңдарман сiлтiдей тынатын.
Әйелi Софико Чиаурели…
– Аты аңызға айналған актриса. Әкесi грузин киносының негiзiн қалау-шылардың қатарындағы Михаил Чиаурели, шешесi КСРО Халық әртiсi Верико Анджапаридзе, туған бөлесi даңқты Георгий Данелия, бiрiншi күйеуi танымал кинорежиссер Георгий Шенгелая, келiнi Ия Нинидзе… Дүйiм дүлдүлдердiң тағдыры бiр арнаға тоғыса кеткенiн көрмейсiз бе… Тбилисиге табанымыз тисе осынау әулеттiң мұражай-үйiне соқпақ ниетiмiз бар. Кешiрiңiз, әңгiмеңiздi бөлiп жiбердiм бiлем.
– Жұлдызды жұптың жарасымына жаппай қызығатынбыз. Әсiресе дастархан басындағы әзiл-қалжыңдары айналасындағыларды қыран-топан күлкiге қарық қылатын. Өмiрден өтiп кеткендерi өкiнiштi-ақ.
– Котэ көкемдi көкке көтергенiңiзге қарағанда спорт атты сиқыр арбауы-нан сау емес сияқтысыз.
– Еркек емеспiз бе… Әсiресе футболға ерекше қатысым бар. Iлгерiде Ираклий Немцадзе дейтiн бүкiл республикамызға белгiлi меценат болды. Грузиядағы аяқдоп өнерiнiң өркендеуiне өлшеусiз еңбек сiңiрдi марқұм. Тбилисидiң «Динамосына» жасырын түрде демеушiлiк жасапты. Сол кiсi менiң әкемнiң досы-тұғын. Осы жағдай себеп болып, бiздiң шаңыраққа жасыл алаңның жампоздары жиi бас сұғатын. Мәселен, дүрiлдеген Эдуард Стрельцов, Анатолий Банишевский, Анзор Кавазашвили сияқты саңлақ-тарды бала кезiмнен көрiп өстiм. Олар бiздiң табалдырығымыздан өзiмсiне аттап, төрiмiзде жамбастап жататын. Кейде келiншектерiмен келетiн. Сiз Слава Метревелидi бiлесiз бе?
– О не дегенiңiз. Ақ таңнан қара кешке дейiн ала доп қуған талай бала «пiрiне» балаған Метревелидi бiлмей не көрiнiптi. Лақап есiмi – «Мэтр».
– Ендеше сол Слава Метревели менiң кiндiк әкем болатын.
– Ақыр бастадық қой, осы тақырыптағы әңгiмемiздiң аяғын жерге тигiзейiк. Айтыңызшы, кезiнде «кеңестiк бразилиялықтар» атанған Грузия футболшылары кейiнгi уақыттары неге биiк белестерден көрiне алмай жүр?
– Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi он екi жыл елiмiзге өте қиын тидi. Талай құндылықтарымызды жоғалттық. Азамат соғысындағы атыс-шабыстарда мемлекетiмiздiң басты байлығы – адамдарымыздан айырылдық. Бұл – орны толмайтын шығын. Ел басына туған екiталай күн грузин футболы-ның да қабырғасын қаусатып кеттi. Көптеген талантты ойыншыларымыз қаржылық жағдайы қалыпты Ресейдiң, Европаның үздiк клубтарына кеттi. Әйтседе отандық футбол мамандары қол қусырып қарап отырмай, тығырықтан шығудың тиiмдi жолдарын қарастырып жатқаны үмiт отын үрлейдi. Сәтiн салса, жақсы дәстүрлерiмiз жалғасын табуға тиiс.
– Жақсы-жайсаңдармен бiрге жүрiп, бiте қайнасқан ата-аналарыңыз жөнiнде айта кетсеңiз.
– Анкета тiлiмен айтқанда қызметшiлер отбасында тудым. Әкем Гиви Тбилиси қаласының бас сот медициналық сарапшысы, ғылым докторы, өз iсiнiң бiлгiр маманы едi. Шешем алғашында телевидениеде дикторлық қызметте iстедi. Кейiн мен дүниеге келген соң бiрыңғай үй шаруасына көшiптi. Оның есесiне маған көп көңiл бөлдi. Соның арқасында қатарымыздан қалмай дұрыс тәрбие алдық. Қалаған мамандығымыздың оқуын тәмамдап, жұмыс iстеп жүрмiз.
Әкем жастайынан тағдыр тепкiсiн көп көрiптi. Атамыз отыз жетiнiң ой-ранына ұшырап, Кутаиси әскери гарнизонының бастығы болып тұрғанда ұсталып, тергеу үстiнде ұрып-соғудан өлiп кеткен. Арада аз уақыт өткенде мектепте орыс тiлi мен әдебиетiнен сабақ беретiн әжемiз Надежда Михайловнаны шәкiрттерiнiң көзiнше тұтқындап, абақтыға жапқан. Содан осы АЛЖИР-де отырып, неше түрлi қорлық-зорлықты бастан кешiрген. Мен аяулы әжем зардап шеккен лагерь орнындағы мұражайда болып, сондағы естелiк кiтапшасына көкейдегi көрiктi ойымды жаздым.
«Жазасын» өтеп шыққаннан кейiн елге оралып, тентiреп кеткен ұлын Тбилиси көшелерiн кезген телi-тентектердiң ортасынан әрең табады.
Бiр қуанарлығы, ол бұралаң жолға түссе де бұзыла қоймапты. Сiрә, қанында бар тектiлiк қасиет терiс қадамнан сақтаса керек.
– Багратиондар ұрпағы емессiздер ме?
– Жоқ. Бiз батыс Грузияны мекендеген гуриялықтармыз. Нағашы жұртым – мегрелдер. Шағын ғана Грузия багратиондардың шамадан тыс көбейгенiн көтере алмайды ғой… (тапқырлықпен айтылған қалжыңға бiраз күлiп алдық).
– Бәрiбiр осал емессiз. Константин Гамсахурдиядай классик жазушының жиенiн кiм кемсiтедi?!. Айтпақшы, сiздiң Паата деген есiмiңiз қандай ұғымды бiлдiредi. Грузиндердiң ұлттық батыры, ұлы моурави Георгий Сахадзенiң бiр ұлын осылай атағанын бiлемiз.
– Бұл – нағыз грузинше атау. «Кiшкентай» дегендi бiлдiредi.
– Бала-шағаңыз жайлы баяндай отырсаңыз.
– Сүйген жарым Тамрико екеуiмiздiң отау тiккенiмiзге жиырма бес жылдан асып барады. Үш баламыз бар. Қазiр қолымыздағы кенжемiз Ли-заны әлгiнде көрдiңiздер. Бельгияда туған.
– Паата батона, бұрынырақта «Грузияфильм» киностудиясының туынды-ларын тұшына тамашалайтынбыз. Қазiр көз жазып қалғандаймыз.
– Бәрi ескi байланыстарымыздың үзiлуiнен болып отыр. Әйтпесе, грузин кинематографиясы әлсiрей қойған жоқ. Жарқырап шыққан жаңа дарындар жетерлiк. Олар түрлi халықаралық фестивальдарда жүлде алып жүр. Бұйырса, Астана мен Алматыда грузин киносының апталығын өткiзбек ойым бар.
– Екi елдiң қаламгерлерi де бiр-бiрiмен қауышпағалы қай заман. Қазiр Астана дүкендерiнен бiрде-бiр грузин жазушысының кiтабын кездестiр-мейсiз. Ресей баспалары Нодар Думбадзенiң, Ираклий Абашидзенiң, Резо Чейшвилидiң, Чабо Амирэджибидiң және басқалардың шығармаларын басуды мүлдем қойған. Сондықтан арағайынсыз тiкелей аудармаға көшетiн уақыт келген тәрiздi. Қалай ойлайсыз?
– Дұрыс. Рухани алыс-берiс, барыс-келiстердi қайта қалпына келтiру қажет. Ол үшiн ең алдымен жекелеген ақын-жазушылар ескi таныстарын еске түсiрiп, бiр-бiрiнiң хал-ахуалдарын сұрасып, шығармашылық тұрғыдан пiкiр алмасуды бастаса сең орнынан қозғалар ма едi, кiм бiлсiн. Осыған орай творчестволық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары бағалы бастамалар көтерсе жөн болар едi.
Қос халықты жақындастыратын тарихи тамырларға қайта қан жүгiртсек қандай ғанибет.
– Тамыры терең, тағлымы мол грузин-қыпшақ туыстығы жайлы Константин Гамсахурдияның «Давид Строитель», Григол Абашидзенiң «Лашарелла», «Ұзақ түн», Анна Антоновскаяның «Ұлы Моурави» тәрiздi тарихи романдарында жақсы жазылған.
– Мен сiзге одан зорғысын айтайын. Бiздiң Гурияда айыз қандырар iс тындырған азаматты «ай, казахия» деп асқан ризашылықпен арқадан қағады. Осы тiркестiң сөздiк қорымызға қалай кiргенiне қайранмын. Қыпшақтар Сакартвела тарихында қайталанбас таңбасын қалдырғаны анық. Жалдамалы қыпшақ жасақтары грузиндермен бiрге ортақ жаулары-мызға қарсы шауып, шекарамызды күзеткенiн ешкiм жоққа шығара алмайды.
– Қазақстан мен Грузияның қазiргi таңдағы қарым-қатынасына қандай баға бересiз?
– Ең бастысы, екi мемлекеттiң достығына селкеу түскен емес. Айғайламай, аттандамай-ақ бiраз шаруаның басын қайырдық. Грузия мен Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы екi алып бағанға балар едiм. Қазақстан мен оның Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдiк қауымдастықтағы беделiн бiздiң елiмiз өте жоғары бағалайды. Қазақстан бүгiнде Грузия экономикасын көтеруге көп үлес қосушы iрi инвесторлардың бiрегейi екенi жасырын сыр емес. Рас, түйiнiн тарқатуды тiлейтiн проблемалар да қылаң берiп қалады. Мұның бәрi шешiлетiн мәселелер. Көзi қарақты көпшiлiк бiлетiн белгiлi жәйттердi қайталап жатқым келмейдi.
– Астанаға бауыр басып үлгердiңiз бе?
– Алғаш мұнда келгенiмде түн ортасы болатын. Оның үстiне жолсоқты болып, жан-жағыма қарауға мұршам келмеген. Ертеңгiсiн мейманхана терезесiнен сыртқа көз салғанымда ару қаланың айрықша сән-салтанатын көрiп, қатты сүйсiндiм. Менiң қызметтiк автокөлiгiмнiң жүргiзушiсi жергiлiктi жiгiт. Сол маған ылғи «мына арада жатаған тамдар тұрған, анда тағы бiр ғимарат болған» деп естелiк айтады. Қазiр танымастай өзгерген елордаларыңызға онымен бiрге мен де таңырқап бас шайқаймын. Астананың айдай сұлу келбетiне тамсанудан жалықпайық!

Әңгiмелескен
Талғат БАТЫРХАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button