Мәдениет

«Гамлеттің»қазақша көрінісі

Әлемдік драматургияның дүлдүлі У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясының өміршеңдігі – өз алдына бір төбе. Оның сахнаға жол тартқан спектакль үлгісінің күрделілігі мен эстетикалық бай мұрасы көптеген театр сыншыларының қызығушылығын тудырған. Аталмыш классикалық туынды еліміздің көп театрында сахналанды. Енді Шекспирдің әйгілі «Гамлеті» елордалық «Жастар» театрының репертуар қоржынына түскен екен. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың қолтаңбасынан шыққан «Гамлет» несімен елең еткізді? Спектакльдің жаңалығы неде? Осы тұрғыда ой өрбітелік.

[smartslider3 slider=828]

Ат тұяғының дүбірінен басталған қойылым құлаққа ә дегеннен жағымды естілгені рас. Жылқыға жақын өскен халықпыз ғой. Бұл дүбір – басталғалы тұрған оқиғаның кіріспесі. Жоғарыда қызара дөңгеленген күн бейнесі көрінеді. Темірден жасалған айналмалы сахналық декорация. Ол бірде патшалық әулеттің шаңырағына айналады, бірде шығар шеті жоқ, шырғалаңға толы торға айналады. Сахна суретшісі Ерлан Тұяқовтың еңбегі атап өтуге тұрарлық. Қойылым басынан көр қазып жатқан екі адамды көресіз. Пьеса желісінде көр қазушылар шығарманың соңында көрсетілгенмен, режиссер Нұрқанат Жақыпбай оларды оқиға басынан көрсетеді. Көр қазушылар үшін адамның өлімі – қуаныш. Тіпті, олардың бірі көр қазып жатып, ара-тұра әндетіп қояды. Неткен үрейлі көрініс?! Адам өмірінің соншалық шолақ екендігін, патшаның да, қараның да түбі баратын жері көр екенін түсінесің.

Күн астынан, биік мінберден король Клавдий (Әділ Ахметов) көрінді. Түрі сұсты. Бойында салқынқандылық сезілді. Бірақ бұл салқынқандылық жайбарақаттылық емес. Жасаған қылмысын бір сәтке ойға алып, селт етпеуі көкірек көзін таққұмарлықтың шелі біржола жапқандығынан еді. Қызғаныш, қатыгездік, менмендік – оның екінші аты. Бұл қасиетін барынша жасырып баққанмен, корольдің (Әділ Ахметовтің) шын бет-бейнесі Лаэртпен (Данияр Уразаев) Гамлетті өлтіру туралы ойынан кейін айқындалады. Басты қаһармандарды кемеліне келтіріп орындай білетін актер Әділ Ахметов Клавдийдің бойында жасырынған қатыгездік ұшқынын көрерменге жеткізе алды.

Режиссер Нұрқанат Жақып­бай Гамлетке Қабілет деген ат берген. Оны кескіндеген актер Дәурен Серғазинді біз бұл жолы басқа қырынан таныдық. Оның ойнаған бейнесі – ар мен намысты ту еткен, көкірек көзі ашық кейіпкер. Иә, ол әділдікке жету жолындағы қабілетінен-ақ Қабілет болды. Ақиқатты тани алу қабілетінен Қабілет атанған. Биліктің басындағы патша да, қасында жүрген уәзірі, тіпті, Қабілеттің шешесіне дейін мансаптың құлына айналды.

Қабілеттің (Гамлет – Дәурен Серғазин) сахнадағы жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен оның ардың адамы ғана емес, асқан білім иесі екендігін, ханзадаға тән мәдениеттен де алшақ кетпегендігін байқадық. Қабілет – Дәурен Серғазин кейіпкерінің психологиясын барынша аша түсуге тер төккені көрініп-ақ тұр. Иә, Қабілет әкесінің өлімі үшін кек алады. Бірақ қойылым барысында оның кек алуы әсте қатыгездік емес, әділдікке жету үшін жасалған қадам болды. Қабілет өз-өзімен арпалысады. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» дегендей, ақиқатқа жету жолы ол үшін оңай болмады. Өз жақындарының опасыздығы оны қатты налытты. Н.Жақыпбайдың режиссурасымен сахналанған «Ханзада» трагедиясындағы Қабілеттің мінезінде бір-біріне кереғар қос бірдей конфликт байқалады. Қабілеттің өз-өзімен арпалысуы, өзінің бойына ұялаған сезімдерін жеңу жолындағы күресі оның ішкі конфликті десек, отбасымен болған кикілжіңі – сыртқы конфликті. Осы екі оттың ортасында қалған Қабілеттің ішкі психологиялық көңіл күйін игеру жолында Дәурен Серғазин қателеспеген. Тіпті, әкесінің әруағын көруінен-ақ Қабілеттің тегін адам болмағанын аңғарасыздар. Адамзаттың байырғы наным-сенімінде әруақпен тілдесу шамандардың қолынан келеді десек, Қабілеттің бойында да сол шамандардың бір ұшқыны бар. Шаман демекші, ханзаданың шақыртуымен сарайға келген әртістердің үстіне кигені де шамандық үлгідегі киім. Қолдарына ұстаған дабыл-даңғыра да солардікі. Актерлердің бірі басына торсық, бірі бесік, бірі ағаш сынды детальдарды киіп шығуы қара басын ойлаған биліктің озбыр әрекетінен тоз-тозы шыққан бұқара халықтың ахуалын айқындап тұр. Гертруданың арша тұтатып, айналасын аластауы, бойтұмар бейнеленген көйлек киюі Құдайшылықтан алыстай қоймапты деген үміт сәулесін де жағады.

Спектакльдің өн бойында ең нәзік те сүйкімді жалғыз-ақ жылт еткен сәуле бар. Ол – Қабілеттің Опалыға (Офелия – Назерке Серікболова) деген ынтызарлығы, махаббаты. Қалған сахнаның бәрі сұрғылт, бір-біріне ор қазған екіжүзділік пен мансапқұмарлық, қатыгездіктің шекпенін жамылған жандар айналасында өрбиді. Опалы – Назерке Серікболова – қатыгездіктің құрбаны. Оның Қабілетке деген риясыз махаббаты, әке сөзін екі етпейтін ұяң мінезі, ағасына деген құрметі арқылы қыз баланың озық үлгісін сахнадан көре аласыз.

Жарқын шыққан тағы бір бейне – актер Жандәулет Батай кескіндеген Полоний. Жасы егде тартқан корольдің ақылшысы адал болып көрінгенмен, оның бас пайдасын ойлаған қулығы, Қабілет пен Гертруданың әңгімесін тыңдаған қитұрқы әрекеттерін жеткізуде актер барын салған. Полоний – Жандәулет Батай балаларына аз сөйлеп, көп тыңдауды үгіттейді. Ақыл айтуға шебер. Бір қарағанда, ол – жай ғана ақылгөй әке. Бірақ оның бұл сөздері тек бас пайдасы үшін ғана. Ақыры ол Қабілеттің қолынан өледі. Бұл өлім көрерменнің аяушылық сезімін тудырмады. Өйткені Полоний өзі жасаған ісінің құрбанына айналды.

Қойылымның негізгі идеясы кез келген өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам екендігін меңзейді. Яки адам баласы өзінің қамшының сабындай-ақ өмірін өтірік пен үрейге толтырып өткізудің қажеті шамалы. Қойылым барысында қойылған әуендер дәуір атмосферасын ашса, актерлік ансамбльдің біртұтастығы, өз алдына жұмылған жұдырықтай өнер көрсетуі көңіл қошын арттырды.

Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың идеялық трактовкадағы жаңалығы – біз көріп отырған Гамлетті қазақтың Қабілеті етіп шығарғандығы. Қаһарманның өмір сүрген ортасы, амал-әрекеті, салты да өз ұлтымыздікі. Осылайша режиссер әлемдік классикалық туынды арқылы төрткүл дүниенің әр нүктесінде өзінің Гамлеті өмір сүретіндігін дәлелдеген. Талантты режиссер Шекспир шығармасына заман талабына сай өзгерістер жасаған.

Қысқарту арқылы ширығуға қол жеткізген. Киім үлгісі де ежелгі сақ дәуірінікі. Аспан түстес әшекейлердің киімге көптеп қолданылуы кейіпкерлердің сыртқы бейнесін көркемдей түскен. Бұл тұрғыда костюм суретшісі Алтынбек Ермұханның шығармашылық еңбегі елеулі болғаны сөзсіз. Екі жарым сағат уақыт бойы үзіліссіз жүретін қойылымда қыбыр еткен жан болмады. Өйткені көрермен сахнадан өзіне таныс өмірді, таныс ортаны тамашалады.

Қойылымды көре отырып, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Сұм өмір – абақты ғой саналыға» деген өлең жолы ойға еріксіз орала берді. Адамзатты өзге тіршілік иелерінен биіктетіп тұрған да оның жалғыз-ақ адамшылық деп аталатын қасиеті еді… Оны да жоғалтып барамыз. Ақиқатты танығыңыз келсе, «Жастар» театры сахналаған «Ханзада» қойылымына келіңіз!

Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,

«Жастар» театры
әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button