Қала мен Сала

Газдандыру – ауқымды жоба

Қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жеңілдетуге бағытталған ауқымды жобаның бірі – газдандыру. Оны жүзеге асыру барысы – Мемлекет басшысының бақылауында. Бүгінде бұл мәселе қаланың барлық ауданында қызу жүріп жатыр.

[smartslider3 slider=3580]

Алматы ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Ерлан Сәрсекеевтің айтуынша, бүгінгі таңда Железнодорожный, Промышленный, Интернациональный, Күйгенжар, Мичурино және Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алаптарына газ таратылды. Жобаның 7-кезеңі бойынша Железнодорожный тұрғын алабында жалпы ұзындығы 43,4 шақырым жерге желі жүргізіліп, 7 әлеуметтік нысан және 205 абонент газға қосылды.

– Газдандыру – елордалықтардың жайлы тұрмысы үшін жүргізіліп жатқан маңызды жоба. Осыдан бірер жыл бұрын қаланы қалың түтін басып тұратын. Бұл қоршаған ортаға да, тұрғындарға да аса зиян келтіретін. Соңғы жылдары қалада жүргізіліп жатқан газдандыру жұмысының нәтижесінде елорданың экологиясы ғана емес, қала тұрғындарының өмір сүру сапасы да жақсарып, өткен қыста жеке секторда газға қосылған үйлердің арқасында бас қаланың ауасы жылдағымен салыс­тырғанда әлдеқайда тазарды. Жалпы Алматы ауданы бойынша бүгінге дейін 2810 отбасына техникалық шарт беріліп, 2079 абонент газға қосылды, – деді Ерлан Сәрсекеев.

Бұдан басқа, қаланың барлық төрт ауданында да көппәтерлі тұрғын үйлердің автономды қазандығын табиғи газға ауыстыру жұмысы жүргізілуде. Атап айтсақ, осындай 3 үй газға ауысты. Соның ішінде Төлебаев көшесі, 25 мекенжайында орналасқан «Табыс» тұрғын үй кешені, Сүткен көшесі, 30 мекенжайдағы және «Есіл» тұрғын үй кешенінің 30/1 үйі мен Қапал көшесі, 1/1 мекенжайда монтаждау жұмысы аяқталуға жақын.

Әлеуметтік нысандарды газдандыру да жалғасып  жатыр. Қазіргі күні Алматы ауданы бойынша 7 әлеуметтік нысанды газға ауыстыру жұмысы жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жетекшісінің мәліметінше, Железнодорожный тұрғын алабындағы №59 «Аққанат» балабақшасы, №29 орта мектебі, қалалық жұқпалы аурулар орталығы, қалалық фтизиопульмонология орталығы; «Астана Энергия» қазандығы; Промышленный тұрғын алабындағы №57 орта мектебі газға ауысуда. Осы нысандарда жабдықты монтаждау жұмысы аяқталды, бүгінде оларды іске қосу-жөндеу жұмысы жүріп жатыр.

Қалған 7 нысан бойынша, атап айтсақ, Интернациональный тұрғын алабындағы №44 орта мектебінде, №74 «Дәурен» балабақшасында, Мичурин тұрғын алабындағы №60 «Арай» балабақшасында және Күйгенжар тұрғын алабындағы №44 орта мектепте, №2 жалпы тәжірибе бөлімінде жобалау жұмысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстың бәрін биылғы жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда.

Сонымен бірге газға қосылу үшін қажетті құжаттар тізімі қысқарды. Бұрын бұл процесс бірнеше айға созылып кететін. Енді тұрғындар құжат жинап әуре-сарсаңға түспейтін болды. Бұл шара Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қабылданды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button