Қала мен Сала

Газдандыру қарқынды

Бас қалада газдандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қаланың экологиялық жағдайына оң әсерін тигізетін газдандыру мәселесі – Мемлекет басшысының бақылауында. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов кеше қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында тағы еске салды.

[smartslider3 slider=3759]

«Тиісті қаражат бөлінді. Алматы және Сарыарқа аудандары толық газдандырылды. Қазір үй мен үй арасын газға қосу жұмысы жалғасуда. Президент Жарлығына сәйкес, дебюрократизация жүргізілуде. Бұрын газға қосу үшін 8 құжат тапсыру керек болса, қазір оларды 4 құжатқа қысқартып, соның арқасында газға қосылу екі есеге ұлғайды» деді әкім.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Қазақ Газбен» бірлесіп, газдандыру процесін жеңілдетуге бағытталған бірнеше бастама арқылы жұмыс күшейтілді. Газға алғаш қосылып жатқандықтан, бастапқыда түрлі сұрақ туындауы – заңды құбылыс. Осыған орай, қала әкімдігінде өткен брифингте тұрғындар сауалдарына Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруа­шылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ АстӨФ директоры Шота Шалов жауап берді.

М.Есмағұловтың айтуынша, қалада газ тарату желілерінің құрылысы үш кезеңге бөлінген. Қазір екінші кезең бойынша жұмыс жүргізілуде. Қаланың 10 тұрғын алабы мен 3 шағын ауданы газдандырылды. Бұл аумақта 200 мыңдай адам тұрады. Атап айтқанда, Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Теміржолшылар, Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс, Күйгенжар, Мичурино, Интерна­циональный тұрғын алаптарында, сондай-ақ Ақбидай, Мәскеу-­Потанин көшелері ауданындағы қаланың ескі бөлігіндегі үйлер газға қосылып, 14 мың абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Осылайша бас қаланың 5 мыңға жуық тұрғын үйі газға қосылып, 650 км газбен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар бұрын дизель отыны пайдаланылатын 1-ЖЭО және 2-ЖЭО 13 қазандығы газға ауыстырылса, биыл 1-ЖЭО-да тағы 3 энергетикалық қазандық газға көшіріледі. Қазір 15 әлеуметтік нысанды газға қосу жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ газға «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №19 мектеп, №57 мектеп, «Мейіржан» балабақшасы, «Аққанат» бөбекжайы және төрт көппәтерлі тұрғын үй қосылды. 6 мыңнан астам техникалық қызмет көрсетіліп, 50 мыңнан астам адамға кеңес берілді.

– Жалпы тұрғын үй алаптарын газдандыру және энергия көздерін газға ауыстыру тек экологияны жақсартып қоймай, бюджеттік шығындарды да азайтады. Сондай-ақ газ баллондарын пайдалануға байланысты төтенше жағдайларды болдырмайды. Бұрын жылыту қазандықтарына дизель отынын алуға көп қаржы жұмсалатын болса, енді газ қосу арқылы бұл шығын 3 есеге кемиді. Қазіргі таңда Байқоңыр және Есіл аудандарының аумағына диаметрі үлкен, негізгі газ құбырын әкелу жұмысы басталды. Бұл – екінші кезең аясындағы жұмыс. Атап айтқанда, «Тұран», «Тельман» аудандық қазандықтарына және «Ильинка», «Пригородный», «Family Village», «Өндіріс» елді мекеніне үлкен газ құбырларын жеткізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Келесі жылы осы тұрғын алаптарында көше-көшемен газ тарату жұмыстары жүргізіледі. Осылайша барлық кезеңдерді 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сол кезде қаладағы бүкіл тиісті нысандар мен тұрғын үйлер газға толық көшіріледі, бұл – шамамен 300 мыңға жуық адам газға қосылу мүмкіндігіне ие болады деген сөз. Үш кезеңнің жұмысы бітіп, елорда газға толық көшірілген кезде ауаға зиянды қалдықтардың бөлінуі 40 мың тоннаға дейін азаяды, – деді М.Есмағұлов.

Брифинг спикерлері елорда әкімдігі қала тұрғындарының газды жылдам қосуы үшін бірқатар шаралар қабылдағанын жеткізді. Атап айтқанда, газ қостыру үшін құжат тізімі қысқартылды, тегін газды есептеу құралдары берілетін болды, халықтың әлеуметтік осал топтарына 430 мың теңге көлемінде ақшалай өтемақы беріледі, үйді газдандыруға банктер арқылы 1,5 жылға 750 мың теңгеге дейін бөліп төлеуге және пайызсыз несие беріледі.

– Тұтынушыларға ыңғайлы болуы үшін техникалық шартты алуға қажетті құжаттар тізімі екі есе қысқартылды. Техникалық шарттарды жедел алудың бірнеше бағыты айқындалды. Нәтижесінде осы шартты беру 5 күннен 15-20 минутқа дейін қысқарды. Шартты алуға және беруге өтінімді қабылдаудың онлайн қызметі іске қосылды, – деді Шота Шалов.

Қазіргі таңда газдың бір мың текше метріне 38697 теңге төленеді. Алайда бұл бағаны тұрғындар қымбат деп шағымдануда. Мақсат Есмағұловтың айтуынша, еліміздің барлық өңірінде үйге газ тарту құны бірдей.

– Әкімдік пен «ҚазТрансГаз» жобасында желілерді әрбір үйдің қоршауына дейін жеткізіп, жер бетіне шығару, яғни қосу нүктесін қалдырады. Одан әрі тұрғын, газбен жабдықтау туралы заңнамаға сәйкес, нарық тәртібінде аккредиттелген жеке компанияны жалдайды. Газды қосу құны мен шарты нарықтық және ешқандай мемлекеттік орган бұл қызметті реттемейді. Тұрғын компанияны өзі таңдайды және онымен келіседі. Қосу құнына қатысты көп шағым болды. Бірақ бұл тек астанаға ғана тән емес екенін атап өткім келеді. Қазақстанның барлық өңірінде осындай жайт. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында немесе Жамбыл облысында, не болмаса елордада газ қостырсаңыз да, шамамен құны бірдей болады, – деп түсіндірді ол.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button