Басты ақпаратҚоғам

Газдандыру: қарқын үдеп келеді

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласында елдегі атқарылған ауқымды жұмыстарды айта келіп, әр сала бойынша жекелей тоқталғаны бар. Сонда Үкімет басшысы республикадағы «көгілдір отын» құрылысын да арнайы атап өтіп, алдағы жобаларды да тізбелепті. «Елімізді газдандыру жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың басында 12 миллионнан астам адам табиғи газға қол жеткізді. 2024 жылы 1,7 мың шақырымнан астам газ желілері салынды. Биыл елді мекендерді газдандыру бойынша тағы 45 жоба іске асырылуда, бұл газбен қамтылғандарды 12,4 миллион адамға дейін, ал газдандыру деңгейін 62%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді» деп көрсетеді ол өз мақаласында.

Былтыр 200 жоба орындалды

Ал Энергетика министрлігі мынадай мәлімет ұсынғаны бар. Өткен жылы елімізде шикі газ өндірісі 59 млрд текше метр­ді құраған. 28,7 млрд текше метр тауарлық газ өндіріліп, оның ішінде 5,6 млрд текше метрі экспортталды. Сондай-ақ министрлік 2023 жылы республикадағы газдандыру көрсет­кішін 60 пайызға жеткізсе, былтырғы қорытынды бойынша елдегі газдандыру деңгейі 61,5 пайыз болғанын айтады. Бұл – 12 млн-нан астам адам газ тұтынып отыр деген сөз.

Оның ішінде газдандыру деңгейі 90 пайыздан асатын аймақтар да бар. Бұған Ақтау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облысы мен Шымкент, Алматы қаласы кіреді. Ал газдандыру деңгейі 40-80 пайыз болатын өңірлерге Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жетісу және Қостанай облысы жатады. Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласының газдандыру деңгейі 20 пайыздан төмен. Мүлде газ тұтынбайтын өңірлерге Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облысы жатады.

Министрліктің тағы бір ақпаратына көз жүгіртсек, Атыраудағы Ұлттық құрылтай отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр салада 200 жоба іске асқан. Соның арқасында 300 мыңнан астам адам «көгілдір отынға» қол жеткізген. Елде 1700 шақырымнан астам газ желісі салынып, газдандыру деңгейі 61,5 пайызға дейін өсті.

Биыл мемлекет тарапынан өңірлерде іске асатын 45 жобаға (Ақмола – 1, Жетісу – 21, Атырау – 1, Жамбыл – 4, Қарағанды – 2, Ұлытау – 3, Қызылорда – 6, Қостанай – 1, Маңғыстау – 1, Түркістан – 2, Шымкент – 1, Алматы – 1, Астана қаласы – 1) 65,9 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Айтпақшы, министрлік бұған дейін республиканың солтүстік-шығыс өңірлерін газ­дандыруға қатысты екі нұсқа қарастырған еді. Біріншісі – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру үшін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының (МГҚ) ІІ-ІІІ кезеңдерін жүзеге асыру. Жоба құны – 188,5 млрд теңге. Алайда бұл жоба іске асу үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ ІІ желісін салу қажет. Екіншісі – көрші Ресей арқылы газдандыру жобасы. Қазір Үкімет және «Газпром» ЖАҚ солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Шешім де Ресей компаниясымен газдың бағасын және тартылатын құбыр­дың маршрутын анықтағаннан кейін қабылданбақ.

Бас қала көмірден арыла ма?

Астана қаласын газдандыру мәселесі кейінгі бірнеше жыл бойы өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қала экологиясын жақсарту және халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету – елорданың билігінің басым міндеттерінің бірі. Ал Астана қаласы Энергетика басқармасының мәліметінше, елордадағы 6 жыл бұрын басталған газ тарату желілерінің құрылысы үш кезеңге бөлінген.

Бүгінде Сарыарқа (Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық және қаланың ескі бөлігіндегі Г.Потанин көшесінің ауданы), Алматы (Железнодорожный, Промышленный, Оңтүстік-шығыс ауданының оң мен сол қанаты, Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный тұрғын алабы), сондай-ақ Ақбидай, Қазақ ауыл шағын ауданында, Есіл («Vela Village», «Куршевель», «Family Town», «Family Park» тұрғын үй кешені) және Нұра («Будапешт», «Cosmic City» тұрғын үй кешені) ауданы «көгілдір отынға» қосылды. Бұған қоса «Тұран», «Тельман», «Оңтүстік-шығыс» газ жылу станциялары мен Ильинка, Тельман, Пригородный, «Family Village», Өндіріс, Кирпичный тұрғын алаптарына газ жеткізу желілерінің құрылысы бітті.

«Үшінші кезең бойынша жұмыстар 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Бұған қажетті қаражат республикалық және жергілікті бюджет есебінен және жеке инвестицияларды тарту арқылы қарастырылады. Жобалар аясында қала әкімдігі тарапынан былтыр үшінші автоматтандырылған газ тарату стансасы (АГРС-3) станциясының құрылысы басталды. Сондай-ақ екі жыл бұрын газ желісінің құрылысы басталған Шұбар тұрғын алабындағы 890 үйге «көгілдір отын» кіргізіледі.

Осы жылы Тельман тұрғын алабында газ желісінің құрылысы басталып жатыр. Мұндағы басты мақсат – қаланы зиянды түтіннен толық арылту. Өздеріңізге белгілі, ең көп көмір түтіні қала орталығындағы осы тұрғын алабтарында байқалып отыр. Бүгінде қажетті қаржы бөлінді. Өткен жылы «Family Village» тұрғын алабында құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, 8,7 шақырым газ желісі тартылса, Үркер тұрғын алабына пилоттық бағдарлама арқылы құрылыс жұмыстары инвестор шотынан 45 шақырым желі жүргізілді. Бұл – алдағы уақытта 1000-ға жуық тұтынушының газға қосылуына мүмкіндік туды деген сөз. Аталған Үркер тұрғын алабында абоненттердің жалпы саны – 4995. Жалпы жұмыстардың толық аяқталуы осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр» дейді Энергетика басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы Рахымжан Алтынбек.

Жауапты басшының сөзінше, әкімдік қаладағы қалған тұрғын алаптарды газдандыру бойынша жобалау жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, Пригородный (150 үй), Өндіріс (2120 үй), Кирпичный (512 үй) және «Garden Village» (68 үй) алабы бойынша сараптаманың оң қорытындысын алу маусым айының соңына дейін жоспарланыпты. Ал жобалар мақұлданып, қаржыландыру уақытылы жүрсе, бас шаһардың тұрғындары (газ тұтынуды қажет ететін 300 мың халық) көмір жағудан 2026 жылдың соңына дейін толық құтылады деуге болады.

«Бүгінде қалада 800 шақырым газбен жабдықтау желісі қызмет етіп тұр. Бұған қоса 27 газ тарату мен 58 шкафтық газ тарату пункті, қуаты сағатына 460 мың текше метрді құрайтын екі автоматтандырылған газ тарату стансасы жұмыс істейді. Сонымен қатар қаладағы барлық жылу электр станциялары газға қосылған. Елордада тұратын 216 мыңға жуық халыққа, яғни 14 мың абонентке газ қолжетімді болып отыр. Мұның ішінде нақты 12 мың абонент «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр» дейді Рахымжан Алтынбек.

Айта кетейік, жеке тұлғалар тариф бойынша газдың әр текше метріне 39 теңге төлейді екен. Мұны шамамен есептесек, айына 100 шаршы метрге 17-20 мың, ал 120 шаршы метрге айына шамамен 20-25 мың теңге қаражат деген сөз.

Шұбар һәм шұбалаң түтін…

Елдің бас қаласы – Астанаға кейбір аудандарына «көгілдір отынның» толық жетпегені анық.

«Өзіңізге белгілі, 2018 жылы «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының құрылысы Сыр бойынан бері қарай басталды. Жоба төрт кезеңнен тұрады. Оның алғашқысы «Қызылорда-­Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша 1061 шақырымды қамтыды. Бұл кезеңде Астана, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғындары мен магис­тралдық газ құбыры бойында орналасқан елді мекендер табиғи газға қол жеткізді. 2019 жылдың желтоқсанында газ құбыры елордаға жетіп, пайдалануға беріле бастады» дейді Астана қалалық мәслихатының депутаты, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Кендебай Адамбек.

Оның сөзінше, қазір Астанада газ тарату желілерін салу және қала тұрғындарын табиғи газға қосу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жобаның үшінші кезеңінде газ тарату станциясының қуаты 350 мың м³/сағ болмақ.

«Астана қаласының әкімдігі тарапынан газ тарату желі­лерінің құрылысын жүйелеу үш кезеңге бөлінген. 2021 жылы газдандырудың І кезеңінің, сондай-ақ ішінара газдандырудың ІІ кезеңінің құрылысын аяқтады. Жұмыс­тың қалған ІІ және ІІІ кезегі республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2022-2026 жылдарға жоспарланған. Былтыр аудандық «Тұран», «Тельман», «Оңтүстік-Шығыс» қазандықтарына және «Ильинка», «Тельман», «Пригородный», «Family Village», «Өндіріс» тұрғын алабына газ жеткізу желілерінің құрылысы аяқталды. «Шұбар» тұрғын алабын газдандыру жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл ауданды газбен жабдықтау жұмыстары 2023 жылдың 11 желтоқсанында басталды. Жоба 890 жеке тұрғын үйді сапалы және тұрақты газбен жабдықтауға бағытталған. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталды.

Жалпы құны 940,3 миллион теңгені құрайды. Жобаның техникалық құжаттамасы бойынша 30 шақырым газ тарату желісін салу көзделген. Бүгінде оның 27 шақырымы аяқталды. Қазіргі таңда құбырларды бояу және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Газ тарату желісінің толық іске қосылуы 2025 жылдың соңына жоспарланып отыр» дейді К.Адамбек.

Жүйелі жұмыс көп

Депутаттың айтуынша, 2026 жылы бас қаладағы 300 мыңға жуық халық газға қол жеткізеді. Екіншіден, тұрғын үй аумақтарын газдандыру және энергия көздерін газға көшіру атмосфераға зиянды шығындыны жылына 40 мың тоннаға азайтуға, сондай-ақ газ баллондарын пайдаланумен байланысты төтенше жағдайларды барынша азайтуға мүмкіндік бермек.

«Жалпы елорда мәслихаты «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Депутаттар тұрғындарды газға көшіруге көмектесу үшін бірқатар шараларды қолдады. Атап айтсақ, газға қосылу үшін құжаттар тізімі қысқартылды. Бұл қосылған абоненттер санын 3 мыңнан 8 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. 130 мың теңгеден басталатын газ есептегіш құралдары тегін берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 511 мың теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы көрсетіледі. Үйді газдандыруға банктер арқылы бөліп төлеу және пайызсыз несие беру бағдарламары бар. “QazaqGaz Aimaq”» АҚ қаланың аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, 20 минут ішінде техникалық шарттарды беруді қамтамасыз ететін тұрғын аудандарда мобильді топтар құрды. Барлық газ тарату желілері одан әрі техникалық және тұтынушыларға қызмет көрсету мақсатында “QazaqGaz Aimaq” АҚ Ұлттық операторына берілді» дейді қалалық мәслихат депутаты.

Сөз соңы. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында елді газбен қамтамасыз етудің өзекті екенін айтып келеді. «Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет» деген Президент елдегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс екенін, сондай-ақ жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды екенін баса айтқан еді. Аталған мәселе былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да қозғалып, Президент Үкіметке газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғырту туралы тапсырма бергені де көпшілікке мәлім.

Ал кешегі Бурабайда өткен құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы ел бойынша ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Олардың қатарында газдандыруға қатысты 2025-2026 жылдары Қашаған кенішінде газ өңдеу зауыты, сонымен бірге, «Талдықорған-Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісі іске қосу жобалары жүзеге аспақ.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button