Астана аудандары

Газдың қатуын қалай жояды?

Сарыарқа ауданында газ тұтынушылар саны күннен күнге артып жатыр. Қазір осы аудан аумағындағы «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агроқалашық» тұрғын алаптарына көгілдір отын толықтай тартылды. Бірақ осы күндері газдың қатып қалу жағдайлары кездесіп отыр.

[smartslider3 slider=1352]

– Газды тек бір жыл көлемінде ғана пайдаланып отырмыз. Бұған байланысты проблемалар осы себептен туындады. Яғни, тиісті тәжірибеміз жоқ. Жақында «Көктал-1» тұрғындарымен жүздесуде осы мәселені «Интергаз» компаниясының басшысы Қос­танай және Қызылорда облыс­тарының тәжірибесі негізінде түсіндірді. Сол өңірлерге де газ келгенде 1,5-2 жыл бойы осындай мәселелер болған. Бұл қалыпты жағдай екен, – дейді бұл туралы Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен.

Оның айтуынша, проблемалық аумақтарға конденсат жинаушылар орнатылды. Бұл құрылғы шкафтардан тұрады. Бірнешеуін орнатқан соң газдың келмеу оқиғалары қайталанбады.

– Қазір бесінші шкаф бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір шкафтан 350 үйге газ таратылады. Конденсат жинаушы құрылғыны орнатпас бұрын бұл туралы тұрғындарға хабарлаймыз. Осы жұмыс кезінде үйге жылу келмейді. Тұрғын егер үйді жылытатын көмір жоқ десе, көмір береміз. Бізде қазір Шұбаркөл көмірінің біраз қоры бар. Шкафтарды орнатуды бастарда соны ескеріп, көмір қорын жасадық. Қазірге дейін тұрғындарға 40 тоннадай бердік. Бұл жұмыс бойынша жедел штаб құрылды. Оған «ҚазТрансГазаймақ», «Интергаз» компаниялары, «Алия­-сервис» мердігерлік ұйымы, қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы, Сарыарқа ауданы әкімдігінің өкілдері кірді, – дейді Е.Байкен.

Әкімнің сөзінше, газбен проблемалар шыға бастағанда апаттық жағдайда жоятын бір ғана бригада жұмыс істеді. Қазір осындай бригадалар саны беске жеткізілді. Бұған қоса, арнаулы техника саны көбейтілді.

Жалпы Сарыарқа ауданында 7 мыңнан астам үй газға көшуі керек. Қазірге дейін 1100 абонент оған қосылды. Болжам бойынша жыл аяқталғанша ауданда көгілдір отынды 1500 абонент пайдаланатын болады.

– Аудан аумағында көмірді пайдаланатындар әлі де көп. Қазір Сарыарқа ауданының қоймаларында 2 мың тоннадан астам көмір бар. Негізінен, бұл Қарағанды шахталарынан, «Қаражыра», «Богатырь», «Майкөбе» кеніштерінен жеткізілді.  Біздің ауданға Шұбаркөл көмірі аптасына бір рет 300 тонна көлемінде жеткізіледі. Екі-үш күн ішінде ол өтіп кетеді, – дейді Сарыарқа ауданының әкімі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button