Жаңалықтар

ГЕНЕРАЛ ПАНФИЛОВ

WWII_Monument_Feat,_Almaty

Өткен жылы Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Астанада Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Васильевич Панфиловтың ескерткішін тұрғызуды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда осы ізгілікті іс аяқталуға жақын. Айтулы мереке қарсаңында қаһарман дивизия командирінің сенімді серігі Бауыржан Момышұлы даңғылы бойында орналасқан «Жерұйық» саябағында батырдың еңселі ескерткіші бой көтермек.

Сайыпқыран сардар 

Генерал-майор Иван Панфилов 1893 жылы Ресейдің Саратов (бабаларымыз Сарытау деп атаған) облысындағы Петровск қаласында дүниеге келген. Өжет өрен өрімдей кезінен бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, тағдырдың кермек дәмін татып, ысылған жауынгерлік жолдан өтеді. Өткен ғасырдағы ақ қашып, қызыл қуған алмағайып кезеңдегі Азамат соғысының қазандай қайнаған ортасында жүріп, 25-атқыштар дивизиясында взвод, рота командирі атанады. Одан кейін Киевтегі жоғары әскери мектепті тәмамдап, батальон, полк басқарады. Кейінірек, 1937 жылы Орта Азия әскери округы штабының бөлім бастығына тағайындалды. Бұл қызметте ұзақ тұрақтамай, 1938 жылы Қырғыз КСР-інің әскери комиссары болды. Қандай әскери қызметті атқарса да, байыпты мінезімен жұртқа жаға білген азаматты көзін көргендер оның парасатты жан болғандығын айтады. Айтса айтқандай, бізге жеткен фотодағы бейнесінен оның тұңғиық ойлы, мәдениеті жоғары, рухани қуаты күшті адам болғаны айқын аңғарылады. Бүгінгі таңда тарихшылар екінші дүниежүзілік соғыстың қалай басталғандығы туралы түрлі деректерді көлденең тартып жүр. Сұм соғыстың болмай қоймайтынын сол кездегі биліктің төрінде отырған «көсемдер» мен әлемдік саясатты саралаған көзіқарақтылар астыртын білгенмен, былайғы қарапайым жұрт бейхабар еді. Дегенмен, соғыстың аты – соғыс. Тұтқиылдан кірген фашист басқыншыларына төтеп беруге Кеңес әскерінің қауқары алғашында жетпей қалды. Мұздай қаруланған жау жолдағы барлық қалалар мен ауыл­дарды тасқын судай жайпап, отқа орап, бейбіт тұрғындарды оққа байлап, Мәскеу іргесіне жақындап қалды. Тіпті, Гитлердің жетінші қарашада Кеңес Одағының бас қаласында әскери шеру өткізбек жоспары да болды. Дәл осындай қысылтаяң кезде генерал Иван  Панфилов Алматыда жергілікті ұлт өкілдерінен 316-атқыштар дивизиясын жасақтап, сол кездегі отанымыздың жүрегін жаудан қорғауға аттанады.

өшпес даңқ өнегесі

Біздің бала күнімізде панфиловшылар есімі ерекше дәріптелетін. Бір жағынан жерлестік болар, екіншіден, олардың көзсіз ерлігі, расында да, таңқаларлық жағдай еді. 1941 жылғы 15 қарашада Мәскеу түбіне келіп, бекініп алған гитлершілдер 51 дивизиямен «шешуші шабуылды» бастайды. Генерал-майор И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы (кейіннен 8-гвардиялық-панфиловшылар дивизиясы) Мәскеу түбіндегі Волоколам тас жолынан басқыншыларды қия бастырмауы қажет. Әрине, екі жақтың күші тең емес. 16 қарашада  неміс әскерлері 2 танк және 1 жаяу әскер дивизияларын қолдана отырып, Волоколамскінің оңтүстігіндегі Рокоссовский армиясының сол қапталынан соққы жасап, жиырма сегіз батыр бекініп жатқан тас жолға елуден астам танктерін беттетеді. Елестетіп көрініз, 50 танк пен 28 жауынгерді… Қанды шайқас төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Біздің батырлар бастарын өлімге тігіп, беріспей соғысады. Тас жолға табандап келген он төрт танктің  жолы кесілді. Әл-дәрмені азайып бара жатса да, политрук Клочков серіктеріне қарап: «Жолдастар, отыз танк қалды, өзімізді құрбандыққа шалуға тура келеді. Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ. Артымызда – Мәскеу» деген әйгілі сөзін айтады. Осы жерде Панфиловтың жиырма сегіз батыр жауынгері соңғы демі үзілгенінше айқасып, жауды тас жолдан өткізбейді. Мәскеу үшін қанды шайқаста генералдың өзі де ерлікпен көз жұмады. Осы жанкешті жауынгерлердің ерлігі туралы алғаш 1941 жылдың 27 қарашасында «Красная звезда» газетінің кезекті санында Каротеев деген майдандық корреспондент өз очеркінде айтып өтеді. Келесі күні, 1941 жылдың 28 қарашасында «Красная звезда»-ның әдеби хатшысы Кривицкий жазған «Құрбан болған 28 батырдың өсиеті» атты мақала жарық көрді. Кейін бұл авторларға сенімсіздік туып, қиялдан жазылған дүние деген жала да жабылады. Алайда, «шыңдық көп – ақиқат жалқы» демекші, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен Кривицкийдің очеркінде аттары аталып, қаза болған барлық 28 гвардияшыға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кейін мәлім болғандай, осы шайқаста алты сарбазды періштесі сақтап, тірі қалады. Алайда, олардың соғыстан кейінгі өмірлері, адам басына бермесін, аянышты жағдайда аяқталады. Осы жерде майдан даласында генералдың қандыкөйлек серігі, Мәскеуді жау­дан қорғауда жанқиярлықпен күрескен даңқты батыр Бауыржан Момышұлының да есімін айтып өткен жөн. Баукең атамыз панфиловшылардың көзсіз ерлігін «Москва үшін шайқас» кітабында тарихи тұрғыда тиянақтап берді. 2005 жылы Елбасының жеке тапсырмасымен Волоколамск қаласында Кеңес Одағының Батырлары Иван Панфилов пен Бауыржан Момышұлының мүсіндері орнатылды. Ерлік ешқашан ұмытылмайды деген – осы.

Қазақтың туған құдасы

Біздің Торғайда Байқадам Қаралдин деген ұлағатты адам өткен. Заманында беделді, уәлі сөзімен жұртты ұйыта білген, жер шаруашылығын жетік білген тұлға. Отызыншы жылдары жалған жаламен ұсталып, атылып кетеді. Кейін оның ұрпақтары да қуғын көріп, бірақ Әліби Жангелдиннің қамқорлығы арқасында Алматыға келіп, жан сақтайды. Осы айтулы азаматтың ұлы әйгілі композитор Бақытжан Байқадамовқа генералдың қызы Валентина Ивановна Панфилова соғыстан кейін тұрмысқа шығып, үбірлі-шүбірлі отбасыға айналады. Ардақты батыр әкесіне кескіні мен мінезі дөп келетін Валентина да қанды майданды көзбен көріп, бел ортасында жүріп, талай боздақтарды ажалдан аман алып қалған медбике болды. Ұзақ жылдар бойы Валентина Ивановна Алматыдағы әкесінің есімімен аталған көшеде тұрып, аймақтық Офицерлер үйінде қызмет етеді. Кейінірек, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында дүниеден озады.

Ердің еңселі ескерткіші

Алмалы бақты Алматы қаласында 28-гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ бар екенін, онда батыр-генералға ескерткіш орнатылғанын бәріміз білеміз. Енді, міне, бас қаламыз – Астанада да сайыпқыран сардардың айбынды тұлғасы жарқырап тұрмақ. Генералдың ескерткішін жасауға жарияланған байқауда мүсінші Руслан Әденов деген дарынды жастың туындысы басқалардан оқ бойы озып шығады.

– Бала жасымнан панфиловшылар ерлігіне таңғалып өстім. Сондықтан болар, осы жауынгерлер туралы жазылған кітаптарды қалт жібермей оқып жүрем. Әсіресе, мені генералдың азаматтық болмысы қызықтырды. Өткен жылы байқау жарияланғанда іштей осы бәйгеге қатысып көрсем деген ойым болды. Ақыры, өз туындымды ұсындым. Жеңімпаз атандым. Әрине, генералдың мүсінін жасау оңай болған жоқ. Ол үшін көп іздендім. Батыр жайлы жазған деректер мен оның фотоларын үңіле зерттедім. Сосын барып, ақпан айында жұмысты қолға алдым. Екі ай ішінде мүсінді бейнелеп шығардым. Ескерткіштің жалпы ұзындығы – жеті жарым метр. Былай қарағанда, еңселі, өрнекті ескерткіш болмақ. Бүгінгі таңда жұмыстардың барлығы аяқталды. Енді Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ескерткіштің ашылуын күтіп отырмыз, – дейді жас мүсінші.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button