Басты ақпарат

Генерал

(Аға-дос абай тасболатов туралы сыр)

Өмірде кімдерді көрмейсің, кімдермен араласпайсың! Қызмет жағдайымен де, іссапарда жүріп те, тіпті демалыс орнында да кездесіп, қоштасарда қимастық сезіммен қол алысып, аттанысып жататын жағдайлар болады. Алайда солардың біразы уақыт өте келе естен шығады, ұмыта бастайсың. Ал кейбірі көңіл төріне соншалық орнығып алып, бірте-бірте өте жақсы дос-туыстай болып кететіні тағы бар. Олар, әрине, аса көп емес! Міне, менімен бір сапарда жолығысып, соңынан ажырамас аға-досқа айналған азаматтың бірі – бүгінгі генерал-лейтенант Абай Бөлекбайұлы Тасболатов.

[smartslider3 slider=1501]

..Ұмытпасам, 2007 жылдың күзінде мен үкіметтік арнайы тәжірибе алмасу тобын бастап, Қытай еліне сапарладық. Ол кезде екі ел арасында мемқызметкерлердің тәжірибе алмасуы ма, болмаса өзара ынтымақтасуы ма, әлде кезек-кезек ресми шақырысуы ма – сондай ізгі шаралар жиі-жиі өткізіліп тұратын-ды. Біздің топта отызға таяу қыз-жігіт болды, бәрі де орталық мемлекеттік аппаратта жауапты қызмет атқаратын кісілер-ді. Солардың арасынан маған ерекше ыстық әрі барынша жақсы әсер қалдырған осы Абай Тасболатов болды. Бұған дейін де сыртынан білуші едім. Қазақ арасынан шыққан санау­лы генералдың бірі екені де маған мәлім-ді. Таңғалдыр­ған жағдай оның әскери шені емес, азаматтық биік өресі еді. Екеуміз ә дегеннен-ақ тонның ішкі бауындай болып, әңгімеміз де жараса кетті. Жайлап хакім Абай жайынан айта бастасам, менің ойымды іліп әкете қояды, ақынның өлеңдерін былай қо­йып, қара сөздеріне «сүңгиді». Сосын қазақтың жыраулық өнері турасында алма-кезек пікір алмастық. Қожаберген жыраудың мұраларына қатты қызығатыны байқалды. Мұнан соң арғы тарихқа қарай ой кемесін бұрып, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мен абыз Ахмет Ясауи мұраларын шетінен керте бастасам, бұл жағына да «құр жаяу» көрінбеді. Содан айналып келіп, бүгінгі ұлт әдебиетінің саусақпен санарлық ақын-жазушыларына ойыстық. Әсіресе ақиық ақындар Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаевқа деген іңкәрлігі таңғалдырды.

Қасым ақын туралы айта келіп «жау жолына атам сені, бомба бол да, жарыл, жүрек» деген жолдарды аса бір тебіреніспен айтқанына таңдана қарап отырдым. Немесе Мұқағали ақынның «Автограф» деген өлеңінің соңғы жолын:

– …Жырым да – осы, сырым да – осы алдыңда,

Байқашы бір, бықсыдым ба, жандым ба?.. – деп жатқа айта бергенімде, өзімнен оза түсіп:

–…Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты,

Мұқағали Мақатаев бар мұнда! – деп түйіп тастағаны! Ал таңданбай көр! Ал таңғалмай көр!

Өнер десе, әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын азамат екені әр сөзінен-ақ көрініп тұрды. Содан кейін генерал-достың өмірбаянын білмекке құмарттым.

Әңгіме аңысын байқасам – өзі қазақшылығы аздау Солтүстік Қазақстан облысында 1951 жылы дүние есігін ашыпты. Ол аз десеңіз, үнемі әскери оқу орындарында оқыған, әлбетте, ол кезде әскери оқу орнында біздің соры қайнаған қазақ тілі қайдан кіріге қояр. Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищені, М.Фрунзе атындағы әскери академияны, сосын Ресей федерациясының Бас штабы әскери академиясының жоғары академиялық курсын бітіріпті. Әуелде қазақшаға шорқақтау болар деген күдігімнің де күлі көкке ұшты: Абай қазақтың қара сөзіне барынша ағып тұр, тіпті анау-мынау кісіңді жаңылыстырып та жіберердей. Бұған да таңғалмас па едім, біз өзімізбен бірге ала барған (сувенир ретінде) қазақтың қара домбырасын көре сала, шертіп-шертіп жіберіп, күй тарта жөнелсін. Ал енді таңғалмай көр!

Өзінің өмірдегі ұстаздары туралы айт десеңіз – алдымен атақты Бауыржан ­Момышұлын, сосын генералдар Сағадат Нұрмағамбетов пен Мұхтар Алтынбаев туралы таңды-таңға ұрып айтуға бар. Тағы бір сәтінде әйгілі Оспан батыр жа­йынан да жарыла сөз сабақтап қоятыны бар. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дегендей, ұлтымыз үшін аса қадірлі әскери тұлғаларды ардақтап, соларға ұқсауға ұмтылған Абай Тасболатов та, сірә, осал болмаса керек-ті!

Қысқасы, мен сол Қытай сапарында осы Абайдай қазақтың біртуар асыл азаматын мейлінше терең танып қайттым. Оның әрбір сөзі мен әрекетінен қазақтың иісі аңқып тұратынын аңғардым.

Айтпақшы, әңгіме арасында көңілдегі күдігімді сейілтейін деп оған мынадай сауал да қойғам:

– Әбеке, сіз ғой орысы молдау солтүстік жағында өстіңіз, орыс тілді оқу орындарында оқыдыңыз. Ал мына шұрайлы қазақ тілі қалайша санаңызға орнықты? Қайдан үйреніп жүрсіз?

Оның жауабы мынадай еді:

– Мен жас кезімнен әжемнің қолында тәрбиелендім. Әжем ақылдың ғана кені емес, мағыналы қазақ сөзінің де алтын қоймасы болатын. Маған әже мектебі көп нәрсені үйретті, құлағыма құйды.

«Ой, жарықтық, қазақтың алтын пейіл әжелері-ай» деп ішкі таңданысымды да жасыра алмай, екеуміз өзіміздің екі әжеміз жайынан көп сыр алысқан болатынбыз сол сапарда.

…Астанаға қайтып оралған соң да аралас-құраластығымыз өте тығыз болды. Талай рет бильярд ойнап, сыр бөлісіп, түн ортасында үйді-үйімізге тарқасып та жүрдік.

Абай Тасболатов – нағыз әскери адам, бар ғұмырын әскер ісіне арнай білді. 1973 жылы Алматыдағы жоғары жалпы әскери училищенің взвод командирінен бастап, тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына дейін өскен адам. Республика Ұлттық ұланының қолбасшысы қызметінде болғаны – өз алдына бөлек әңгіме. Ол барлық жерде де, барлық қызметте де өз ісіне және Отанына адал болып келе жатыр. Содан да болар, осы күні кеудесінде бірнеше отандық орден-медальдар жарқырайды – адал еңбектің жемісі деген сол, әне! Ең бастысы, менің Абайдай аға-досым – айтқан уәдесін жұтпайтын, не нәрсеге де барынша жауапкершілікпен қарайтын ыждаһатты азамат. Мұндай ер мінезділік қазіргі уақытта кез келген еркектің бойынан табыла берер ме?

Ол 2012 жылы республика Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, араға біраз уақыт салып, Мәжіліс төрағасының орынбасары дәрежесіне көтерілді. Міне, бұл да жаны таза, жүрегі ақ азаматқа деген ел сенімі болатын.

Азаматтың тағы бір елеулі қыры – отбасындағы жауапкершілігін өз биігінде арқалап жүруімен де өлшенер болса керек. Бұл жағынан да бақытты деуге әбден негіз бар: сүйікті жары Раиса екеуі қос құлыншағына жақсы тәрбие беріп, ұядан ұшырды, солардан бірнеше шөбере сүйіп отыр.

Өзінің өмірдегі ұстаздары туралы айт десеңіз – алдымен атақты Бауыржан Момышұлын, сосын генералдар Сағадат Нұрмағамбетов пен Мұхтар Алтынбаев туралы таңды-таңға ұрып айтуға бар. Тағы бір сәтінде әйгілі Оспан батыр жайынан да жарыла сөз сабақтап қоятыны бар. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дегендей, ұлтымыз үшін аса қадірлі әскери тұлғаларды ардақтап, соларға ұқсауға ұмтылған Абай Тасболатов та, сірә, осал болмаса керек-ті!

Абай Тасболатов – нағыз әскери адам, бар ғұмырын әскер ісіне арнай білді. 1973 жылы Алматыдағы жоғары жалпы әскери училищенің взвод командирінен бастап, тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министрі­нің орынбасары лауазымына дейін өскен адам. Республика Ұлттық ұланының қолбасшысы қызметінде болғаны – өз алдына бөлек әңгіме. Ол барлық жерде де, барлық қызметте де өз ісіне және ­Отанына адал болып келе жатыр. Содан да болар, осы күні кеудесінде бірнеше отандық орден-медальдар жарқырайды – адал еңбектің жемісі деген сол, әне!

…Жақында екеуміз әдейілеп келіскендей болып, ал шын мәнінде олай емес, Бурабайдағы «Оқжетпес» шипажайында жұбайларымызбен бірге демалдық. Аға-дос Абай әдеттегіше тың, сергек, барынша көңілді көрінді маған. Бір үзіліс сәтінде оңаша әңгімелесіп отыр едік, кенет бірдеңе есіне түсті ме, дереу орнынан ұшып тұрды да:

– Мен қазір келемін! – деп бөлмесіне қарай құстай ұшқаны. Мен аң-таңмын. Не ойлады екен тағы да?

Артынша тез-ақ оралды. Қолында жібек шашақты қара домбырасы. Келе сала маған қарап:

– Өнерді бір кісідей түсінетін досымсың ғой, таяуда бір күй үйрендім, соны орындап берейін, бағасын айт! – деді. Сөйтті де, орындай жөнелді. Мен ақынжанды Абайды, әнші Абайды, домбырашы Абайды білуші ем. Енді, міне, күйші Абайды көріп отырмын. Әрине, ол кәсіби күйші емес қой, алайда қазақ генералы деген әскери шенін былай ысырып қойып, осылайша домбыра шертуі, күмбірлете күй ойнауы қайтсе де жүрек жылытады. Мен іштей елжіреп отырып тыңдадым.

Аяқтай бере маған:

– Қалай екен? – деп сұраулы жүзбен қараған. Не дейін? Бас бармағымды көрсеттім. Ризамын деген белгім ғой ол.

Содан кейін екеуміз оңашалық сәттің қадіріне жетпек боп, тағы да өткен-кеткенді еске түсіріп, ұзақ отырып қалыппыз. Әңгіме аяғында Абай дос маған тағы бір сырын ашты.

– Мен көптен бері ­Нұр-Сұлтандағы ата-анасыз тәрбиеленіп жатқан балаларға жиі-жиі соғып, солармен ­әңгіме-дүкен құрғанды әдетке айналдырғам. Жолтай-ау, олардың көңілі жарым ғой. Ең болмаса соларға жүрек жылуын бөлісіп қойсақ, ол да үлкен демеу. Кім біледі, солардың арасынан күні ертең Оспандар, Қажымұқандар, Мұхтарлар, Бауыржандар, Қасымдар, Мұқағалилар шығар! Оны мен жүрегіммен сезем. Жан-жүрегіммен сенем осыған…

Осыны айтып алып, сәл-кем тоқтап қалған. Ойланып отыр еді. Кенет серпіліп қалып:

– Ертең қалаға орала сала сонда соғамын! Екі жеті бопты бармағаныма! Не деген самарқаулық! – деп өз-өзін кінәлағандай болып орнынан тұра берген…

…Жақында қазақтың асыл перзенті, генерал-лейтенант, ұлт өнерінің жоқшысы, ғылым докторы Абай Бөлекбайұлы Тасболатов жетпіс жасқа толды. Кейбіреулер секілді дүркіретіп тойлаған да жоқ. Естеліктер кітабын шығарған екен, соны дос-жарандарына таратты. Естуімше, құттықтап шығуға үйіне келген таныс-достары оның ата-анасы жоқ балалар тұрып жатқан шағын қалашыққа кетіп қалғанының куәсі болса керек!

Өз басым осындай бөлек бітімді, адамға барынша адал ниетті жанмен сыйлас-дос болып жүргеніме қуанамын! Амандық тілеймін, ­аға-досым, қазақтың нар тұлғалы генералы!

Жолтай ­ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген

қайраткері,

жазушы-драматург

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button