Сұхбат

Ғалияш ӘМРИНА, №54 мектеп – лицейдің директоры, «Ерен еңбегі үшін», Ы.Алтынсарин атындағы және Тіл жанашыры белгісінің иегері: ТАМЫЗ КЕҢЕСІ — КЕРЕМЕТ ТАЛҚЫ

– Ғалияш Қуанышбекқызы, Тамыз кеңесінде көтерілген мәселелерді қалай бағалайсыз?

– Тамыз кеңесі – жыл сайынғы педагог қауымның бас қосатын келелі жиыны. Жаңа оқу жылы қарсаңында қордаланған мәселелер көтеріледі, жеткен жетістіктер сарапқа салынады. Олардың әр қайсысы өздігінше маңызды. Биылғы кеңесте жекеменшік балабақшалар ахуалы, кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, жалпы білім сапасын жаңа көзқараста, жаңашылдықта дамыту қажеттілігі айтылды. Осы бағытта әр білім ошағы лайықты деңгейде ізденіп, ұрпақ алдындағы борышын өтеуге барын салады деп ойлаймын. Ұстаздар – қоғамның бөлінбес бөлшегі, адамзат алдында ұлағаты көп жандар деп білем. Біздің қалада да олардың түбегейлі сапалы білім беруі жүйелі түрде қалыптасып келеді. Қаншама мектеп-лицейлер, мектеп-гимназиялар ашылып жатыр. Олардың түлектері еліміздің маңдай алды жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алса, көптеген бітірушілер шетелдің мықты оқу ордаларының студенттері атануда. Бұл білім саласындағы айтарлық жетістік. Ендігі меже – негізгі талап­тарды сапалы түрде жүзеге асыру.

– Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бірқатар сын-ескертпелер айт­ты. Көзқарасыңызды білдіре кетсеңіз…

– Иманғали Нұрғалиұлы жылда Тамыз кеңесіне үлкен дайындықпен келеді. Өз басым ол кісінің айтар ойын асыға күтем. Өзі де өмір жолын педагогикадан бастағаннан шығар, ұстаздар қауымына зор ілтипатпен қарайды. Бірнеше ауыр сындар ай­тылды. Орын алған келеңсіздіктер қайталанбайды деп сенемін. Оның барлығын келешекте болдырмау керек. Екінші жағынан, сын бол­маса, өрлеу де болмайтын шығар. Сынды көтере отырып жақсаруға, өрістеуге, алдағы биік мақсаттарға жаңа талпыныстар жасаймыз. Бұдан былай әр мұғалім өзінің ісіне екі есе жауапкершілікпен қарап, оқушыларын жақсылыққа баули оты­рып, үлгі боларлық ұлағат көрсететін асқақ тұғырын аласартпас деп үміт үкілейміз.

– Жаңа оқу жылына дайындықтарыңыз қандай?

– Жазғы демалыс бітер-бітпестен мектеп ұжымы мемлекеттік стандартқа сай білім беруді мақсат тұтып, жылдық жоспар құрдық. Ең негізгі жоспарымыз – әрдайым оқушыларға сапалы білім беру. Оқу жылы Конституция күнімен орайлас басталады. Осы мерекелік іс-шараларымыз 1 қыркүйек – Білім күнінде өз жалғасын таппақ. Айта кететін бір жайт, Лондондағы XXX Олимпиада ойындарына біздің Данияр Елеусінов атты оқушымыз бокстан еліміздің намысын қорғады. Біз оқушыларымызға оны үлгі етеміз.

– Жалпы осы жылғы қорытынды бойынша оқушылардың білім дәрежесі қандай?

– Біздің педагогикалық ұжым білім мен тәрбиеде өз істерінің білікті ма­мандары. Білім көрсеткішін жылдан-жылға жақсартып келеміз. Осы жылы 85 түлегіміз мектептен алған білімдерін одан әрі жалғастырмақ. Мәселен, он шақты түлегіміз шет елдің гранттарын ұтып алса, 11 түлек еліміздегі грант иегерлері атанып, бізді қуантып жатыр.

– «Мектепке жол» жобасы бойынша іс- шаралар қарқынды жалғасуда, осы жайлы қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Бұл бағдарлама отбасы жағдайлары нашар, аз қамтылған, жетім қалған балаларға көмек ретінде ұйымдастырылып отыр. 100 балаға 160 мыңның көлемінде кеңсе тауарлары, 500 мың теңгенің көлемінде киім-кешек алынды. Мек­теп оқулықтарын тегін тараттық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Мария АЙДАРБАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button