Қоғам

Ғалым. Қайраткер. Ұстаз

Әр адам баласының қалыптасу, есею, өсу шағында ата-анасынан бастап ­ұстаздары, қамқорлығы мол азаматтар рет-ретімен, кезең-кезеңімен жолығып отыратыны – өмір заңдылығы. Онсыз азаматтық келбетіңнің, адами болмысыңның қалыптасуын көз алдыңа елестету тіптен қиын. Тап сондай заңдылықтың негізінде біздің де тағдырымызда ағалық қамқорлық пен адамгершілік мектебінен өткен шағым Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен байланысты. Әсіресе осы университет іргесінде оқып жүрген кезіміздегі ­студенттік жас шағымдағы деканымыз болған ұлағатты ұстаз, буыны қатпаған жас шәкірттеріне мейірімі мен қамқорлығын молынан таныта білген Тілеген Садықов ағамызды айрықша атап өтуге болады.

Бүгінде еліміздің іргелі оқу орындары көшбасшыларының қатарында тұрған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қалыптасуы, дамуы бір күнде, әп-сәтте болмағаны белгілі. Университеттің жоғары білім беру орындарының халықаралық рейтингте көтерілуі, тек еліміздің ғана емес, әлем бойынша танымалдыққа қол жеткізуінің астарында осы оқу орнының, қалың жұрттың, басшылығы мен декандарының, кафедра меңгерушілері мен оқыту­шы-профессорлық құрамының зор еңбегі жатқаны белгілі. Тап осылай әр жылдары университетіміздің әртүрлі деңгейде құрылымдық нысандарын басқарған кафедра меңгерушісі, декан, проректор қыз­меттерін атқарған Тілеген ағамен таныстығымыз студенттік кезімізде басталды. Ол Астанамыз енді ғана елорда ретінде тыныстап, еліміз енді еңсесін көтеріп келе жатқан шақ болатын. Мен белсенді студент ретінде көзге түсіп, сол кездегі жастар ұйымын басқардым. Қоғамдық жұмыс барысында Тілеген Садықұлымен жақын араласып, ақыл-кеңесіне жүгініп, бағыт-бағдар алып отыруыма тура келді. Ол кісінің бойындағы бір қасиеті есімнен әлі кетпейді, Тілеген ағаның факультеттегі әр студенттің есімін жатқа білуі және әрқайсысының үлгерімі мен жеке қасиеттерін де жақсы білуі болды. Сол кездегі деканымыз жастар ұйымына тек ақыл-кеңесімен ғана емес, әртүрлі жастардың шараларын ұйымдастыру мен қатысуға да қаржылай көмек көрсетуді ұйым­дастыра алғанын да айта кету керек. Деканымыз білім алып жүрген студенттерден бастап қызмет істеп жүрген оқытушы-профессорлар құрамына дейін ортақ тіл табысып, оқу үдерісі, ғылыми ізденістері, әлеуметтік-мәдени дамуы болсын, барлығының ыңғайын таба білетін ұйымдастырушы, білікті басшы бола білді. Әдепкі өмірде басшы бар да, сонымен бірге лидердің болатынын Тілеген ағайымыз арқылы түсіндік. Ол күнделікті қажырлы қызметі мен жүйелі жұмысы арқылы бізге үлгі көрсете білді.

Одан кейінгі аралықта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі алғашқы қызмет жолым да Тілеген Садықұлының кафедра меңгерушісі болған тұсына сай келді. Кешегі жас түлектің білікті маман ретінде қалыптасу шағындағы қамқорлығы да айрықша болды. Студенттік кезімізде ол кісіден әкелік мейірімді көбірек көрген болсақ, қызметтегі шағымызда ағалық қамқорлығы мен ақылын молынан көрген әріптес шәкірттерінің біріне айналдық. Міне, ағамыздың қайраткерлік болмысын осы кезден бастап көріп, істеген ісінің мәнін түсіне бастадық. Білуімізше, Тілеген Садықұлы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне алғашқы ректоры Аманкелді Құсайыновтың шақыруымен Жезқазғандағы Ө.Байқоңыров университетінен келген маман болатын. Сол шақыру кездейсоқ болмағаны Тілеген ағамыздың университетке сіңірген еңбегінен көрініп тұр. 1996 жылы ғана құрылған жас университет білім беру нарығына қарқынды араласып кетті. Өзім білім алған университет көз алдымда түледі деуге болады. Көз алдымда жыл сайын жаңа кафедралар құрылып, диссертациялық кеңестер мен жаңа мамандықтар ашылып жатты. Басқасын айтпағанда, сол студенттік кезіміздің өзінде біздің факультетке ҚР ҰҒА академиктері Мырзатай Серғалиев, Рымғали Нұрғали, Сейіт Қасқабасов, танымал ғалым-зерттеушілер Ақселеу Сейдімбек, Алма Қыраубаева, Қойшығара Салғара, Серік Негимов, Қаржаубай Сартқожа, Тұрсын Жұртбай сынды мүйізі қарағайдай, атынан ат үркетін, жазған кітаптарын барлық білім алушы мен ғалым атаулы жұрт көзін ашқан үлкен ғалымдар келіп, біз дәрісін тыңдап, тағылымын алғанымызды мақтан тұтамыз. Аңызға айналған абыздардан білім алудың өзі аңызға айналарын сонда біз біліппіз бе?! Иә, бүгінгі көзбен қарап отырсақ, соның барлығының басы-қасында тәжірибелі деканымыз, білікті ұйымдастырушы Тілеген Садықұлы да жүрген екен-ау. Шамалы уақытта факультетіміз, онымен бірге университетіміз де республика жұртшылығына, одан әрі дүние жүзіне таныла бастады, танумен бірге мойындау қоса келді.

Өткенге көз тастасақ, Тілеген Садықұлы қарапайым қойшының баласынан тарих ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне дейін көтерілген азамат екен. Профессор Тілеген Садықовтың ғылым жолындағы ұстаздарының бірі – әйгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев. Заманында Тілеген ағамыздың «Жезқазған өнеркәсібі аймағының қалыптасуы мен даму тарихы (ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ.)» докторлық диссертациясына ресми оппоненттері: академик М.Асылбеков, профессорлар Н.Күнхожаев пен К.Беляев сынды ғалымдар отандық тарихнамаға қосылған сүбелі үлес ретінде баға берген. Ол бүгінгі Тарихшылар конгресінің іргетасын қалауының басында тұрды, тарих ғылымын айтпағанда, еліміздің гуманитарлық білімі мен ғылым саласының дамуына елеулі үлесін қосқан, еліміз бен шетел ғалымдарының құрметіне бөлене алған ғалым. Соның барлығында Тілеген ағамыздың табиғи таланты, үлкен еңбексүйгіштігі, қажыр-қайраты жатқаны түсінікті. Осындай қыруар еңбектің барлығы «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» сынды көптеген марапатпен аталып өтті. Міне, бүгінде Тілеген ағамыздың өзі де аңызға айналған жоғары білім мен ғылым саласы қайраткерлерінің біріне айналды, біз әлі де ағамыздың ақыл-кеңесіне құлақ асып, өмірлік тәжірибесі мен қажырлы еңбегін үлгі етеміз. Ұстыны мықты ұстазымыздың арқасында біздің де өмірлік ұстанымымыз берік болуда.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тілеген Садықовтың мерейтойы тек ғалым, қайраткер, ұстаз ағамызға ғана мерейтой болып қана қоймай, барша университет ұжымының да бір белесіне айналған жағдаяты бар. Университетіміз жастарға табыстаған дипломымен ғана емес, әйгілі ғалымдары мен білікті ұстаздарының берген білімі мен тағылымы арқылы қадірлене түспек. Олай болса университетіміз Тілеген ағамыздай ғалым, білікті ұстаз, оралымды ұйымдастырушыларын мақтан тұтпақ!

Ардақ БЕЙСЕНБАЙ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button