Басты ақпарат

Ғалымның ғибратты ғұмыры

2014 жылдың күзінде елордадағы Ұлттық мұрағатта белгілі әнші, өнер зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспановтың «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» кітабы мен «Сыр сандық» атты Сәкен әндерінің СD үнтаспасының таныстырылымы өтті. Іс-шарада сәкентану іліміне алпыс жылға жуық ғұмырын арнаған филология ғылымдарының докторы, профессор, ұстаз, ғалым, әдебиет сыншысы Тұрсынбек Кәкішұлы жарты сағаттан аса көсіліп сөйледі. Бүгіндері туғанына 95 жыл толып отырған ғалым онда өз өміріне, Сәкен ғұмыры мен шығармашылығына біршама тоқталды. Бұл әңгімені диктофоныма жазып алып, күні бүгінге дейін сақтап келе ­жатырмын. Мерейтойына орай содан үзіндіні қағазға түсірудің реті келіп тұр.

[smartslider3 slider=3730]

Ақмола облысының Бұланды ауданында туған Тұрсынбек Кәкішұлының бозбалалық шағы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Он жеті жасында, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бүгінгі М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында актер болды. Ол уақытта бұл өнер ошағында қазақ пен орыс бөлімдері қатар жұмыс істеді. Осы жерден Алматыға оқуға аттанды. Ғалымның өз сөзіне құлақ түрелік.

«1944 жылы мен осы Ақмолада қазақ театрының әртісі болдым. Қосымжан Бабақов, Дәулет Мықтыбаев, Кенжебек Күмісбеков бәріміз бірге жұмыс істедік. Өзім Қосымжан Бабақовтың шаңырағында алты ай жаттым. Үйінде алғашқы беті де, екінші беті де, үшінші беті де, соңғы беттері де жоқ біраз жыртылған кітап бар екен. Қосымжан аға маған соны оқытып, «Кімнің шығармасын оқыдың?» деп сұрады. «Қайдан білейін, Сәкен, Сәкен дейді ғой» деп жауап бердім. «Байқа, сен Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқыдың. Енді Сәкенді ауызға алатын болсаң, осындай кітабын оқыдым десең, мүрдем кетесің. Сондықтан тісіңнен шығарма» деп бірден ескертті. Сол кезде Қарағандыдан Алматыға дейін вагон жүреді. Соған мініп, оқуға аттандым».

Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 1950 жылы бітірді. «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып, «Мектеп» баспасында аға редактор міндетін атқарды. Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, өзі оқыған университетте аға оқытушы, доцент, декан, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1971 жылы «Қазақ әдеби сынының туу және қалыптасу жолдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

«Дәуір суреттері», «Сын сапары», «Оңаша отау», «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», т.б. еңбектерінде қазақ әдебиеті мен сынының тарихын терең зерттеп, зерделеді. Шәкірті, филология ғылымдарының докторы Жандос ­Смағұловтың айтуынша, Тұрсынбек Кәкішұлы қазақ әдебиеттану ғылымында қазан төңкерісіне дейін сын болған жоқ деген қағиданы жоққа шығарып, қазақ әдеби сынының тарихына зор үлес қосты. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» оқулығында халықтық, сыншылдық, эстетикалық көзқарасынан бастау алып жатқан «Түркістан  уалаяты», «Дала уалаяты», «Айқап», «Қазақ» сынды қазақтың тұңғыш газет-журналдардың сыни  ой-пікірдің тууына игі әсерін жан-жақты талдады.

Оның арғы жағына барып, әдеби сынның түп-төркінін көне замандағы түрлі ескерткіштерінен, орта ғасырлық жазбалардан, Қазақ хандығы тұсындағы би-шешендерден, ақын-жыраулардан, қазақ жерінен  шыққан ғұламалардың еңбектерінен тапты. Қорқыттың қазақ жерін аралап, әр өңірге берген бағаларына, Әл-Фарабидің өнер жайлы  пікірлеріне, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіндегі» терең ойларға, Махмуд Қашқаридың «­Диуани лұғат ат-түркіндегі» қанатты сөздерге, Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметіндегі» көркем толғаныстарға, т.б. тоқталып, сыншылдық таным-білімнің қайнар көздері ретінде қарастырды. Сонымен қатар ғылыми, ағартушылық, эстетикалық талғамның қалыптасуында орны айрықша үш ғұламаларымыз – Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлының еңбектерін айрықша атап өтті. Соның ішінде ұлы Абайдың сыншылдық ойының аса ірі құбылыс екенін дәлелдеп көрсетті.

Тұрсынбек Кәкішұлының «Абайтанудың алғашқы асулары», «Абайдың сатирасы», «Орыс ориенталистері Абай туралы» атты мақалаларынан абайтануға да үлкен үлес қосқанын біле аламыз.

Жұрт ғалымды сәкентанудың алыбы деп таниды. Бозбала шағында Қосымжан Бабақов арқылы Сәкен Сейфуллиннің кітабымен танысып, кейіннен ақынның жары Гүлбаһрам Батырбекқызымен араласты. Нәтижесінде Сәкен жайлы көптеген кітаптары жарық көрді. Соның ішінде «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен «Сәкен Сейфуллин»,  «Қызыл сұңқар», «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкеннің соты», «Мағжан және Сәкен», «Сәкен аялаған арулар» т.б. еңбектері шықты. Астанада ақынның туғанына 120 жыл толуына арналған шаралардың барлығына дерлік ­қатысты. «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» кітабы мен «Сыр сандық» атты Сәкен әндерінің СD үнтаспасының таныстырылымы соның бірі еді.

2015 жылдың ­қыр­күйегінде ғалымның үлкен жүрегі соғуын тоқтатты. Кеше Ұлттық ­академиялық кітапханада туғанына 95 жыл толуына арналған «Әдебиеттану тарланы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Белгілі ғалымдар, ­әдебиеттанушының шәкірттері қатысқан іс-шарада тұлғаның қазақ ­әдебиеттану ғылымының дамуына қосқан үлесі, тұлғалық болмысы, артында қалған мұрасы жайында әңгіме өрбіді.

Бір айта кетерлігі, осы кітапханада бірнеше жыл бұрын Тұрсынбек Кәкішұлының жеке кітапханасы – «Ғылым» залы ашылды. Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оның атына аудитория мен көше берілді. Ғалымның туған жері – Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Алтынды ауылында есімімен мектеп пен көше аталды. Жуырда елорданың Есіл ауданындағы №898 көшесі Тұрсынбек Кәкішев атауын иеленді.

«Алты алашқа әйгілі зерделі зерттеуші болғаны өз алдына, оның азаматтық ұстанымы да өте берік еді. Еменнің иір бұтағы секілді, ешкімнің ыңғайына жығылмай, жөнсіздік атаулының бәріне қайыспай қарсы тұрды. Қажет жерінде Махамбет мінезге салып, ақырып теңдік сұрады. Осы күнгі депутаттар біресе айтып алып, біресе қайтып алып жүрген мәселелерді Тұрсынбек ағам талай жыл бойы жеріне жеткізе тәпсірледі. Ол кісінің өнегелі істерін үнемі үлгі тұттық. Арғы-бергі, алыс-жақын елдердің архивтерін түгел сүзіп шыққаны үшін құрметтейтін едік. Атақты қолжазба журнал – «Садақты» тер төгіп іздеп, деректері мен дәйектерін ғылыми айналымға қосқаны үшін қадірлейтін едік. Кішкене ғана мәліметтің мән-жайы құлағына шалынса, бар шаруасын тастап, жолға шығып кететініне, сөйтіп, айлап жүріп, «еңку-еңку шер шалатынына, қоңыр салқын төске алатынына» әбден құрсан болатынбыз.

Жас буыннан қамқорлығын аяған жоқ. Бесіктен беліміз шықпай жатып, докторлық қорғауға талпынғанымызда қолдау көрсетті. Бізге сенім артты. Ғылыми жетекшіміз болмаса да, ақыл-кеңесін аяған жоқ. Қайта жолымызда жатқан жоталы жалпақтар мен шіренген шалқақтарды тиып тастап отырды. Өйткені мінезді еді. Кескекті ердің сойы еді. Сырдарияның сарқыраған суын теріс ағызып жібере алмаса да, кез-келген ғылыми кеңестің бағыт-бағдарын өзгертіп жіберу тегеурінді Тұрсағамның қолынан келетін. Сондай айбарлы ағаның аялы алақаны, шуақты шұғыласы, қалтқысыз қамқорлығы бізді қанаттандыра түсті. Алдағы белестерімізге қарай құлшына ұмтылдық.

Ең бастысы, жақсылық жасау да, ерлік жасау да Тұрсынбек ағаға тән қасиет-тін» дейді белгілі журналист, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button